Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жәрдемақы төңірегіндегі түйткіл

Отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау қалай жүргізіледі?

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру мәселесін қайта қарап, азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіруді тапсырған болатын.

«Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды.
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеу- меттік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз, – деген Президент әлеуметтік қолдау саласын толыққанды трансформациялау қажеттігін қадап айтқан болатын.
Нәтижесінде елімізде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар мемлекеттік әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуіне бағытталып отыр. Осылайша 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының әлеуметтік әл-ауқатын ескеру туралы шешім қабылданды.
2027 жылдан бастап күшіне енетін жаңа талаптың көздегені – бюджет қаражатын барынша ұтымды жұмсап, мемлекеттік қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бағыттау. Дегенмен, бұл өзгерісті «енді ауқатты азаматтарға ешқандай жәрдемақы берілмейді» деп қабылдау дұрыс емес. Себебі мемлекеттік төлемдердің әрқайсысының өз мақсаты, сондай-ақ оларды тағайындаудың заңмен белгіленген негіздері бар. Кейбір төлемдер отбасының кірісі мен әлеуметтік ахуалына қарай берілсе, енді біреулері мүгедектікке, бала күтіміне немесе асыраушысынан айырылуға байланысты тағайындалады. Сондықтан мәселе барлық жәрдемақыны жаппай қысқартуда емес, нақты қай төлемге қандай талаптар қойылатынында.
Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың бірқатарын тағайындау кезінде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты назарға алынады. Мұндай төлемдер қатарына бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдем- ақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге арналған төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар және мемлекеттік наградалармен марапатталған аналарға арналған төлемдер кіреді. Бұдан бөлек, мүгедектікке, асыраушысынан айырылған және күтім жасауға байланысты жәрдемақылардың кейбір түрлері де осы тәртіп аясында қарастырылған.
Ресми түсіндірмелерге сәйкес, әлеу- меттік жағдайы жоғары «А» және ауқатты «В» санаттарына енгізілген азаматтарға жаңа тәртіппен қамтылатын жәрдемақыларды тағайындауға белгілі бір шектеулер қойылуы ықтимал. Алайда мұны барлық мемлекеттік төлем бірдей тәртіппен автоматты түрде тоқтатылады деп түсінбеу керек. Әрбір жәрдемақының заңдық негізі мен оған қатысты ерекшеліктері бөлек қарастырылуға тиіс. Мәселен, баланың өзіне тиесілі жәрдемақы мен оны тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын төлемнің шарттары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Осыған байланысты азаматтар өздері алатын немесе алуға үміттенетін нақты төлемге қандай талаптардың қолданылатынын анық білуі қажет.
Жаңартылған жүйеде отбасының әлеуметтік ахуалын айқындау барысында Цифрлық отбасы картасының маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Аталған құрал мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жинақталған деректерді негізге алып, әр отбасының тұрмыс жағдайын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай тетік азаматтардың түрлі мекемелерден бірдей анықтамаларды қайта-қайта жинауына жол бермеуге және әлеуметтік көмек тағайындау үдерісін жеңілдетуге бағытталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік жағдайды бағалау сегіз бағытты қамтитын 59 көрсеткіш негізінде жүзеге асырылады. Бағалау кезінде отбасының кірісі, иелігіндегі мүлік, баспана жағдайы, көлік құралдары, еңбекпен қамтылуы, несие бойынша міндеттемелері және кәсіпкерлік қызметі секілді мәліметтер ескеріледі. Жиналған ақпаратты талдау нәтижесінде әр отбасының әл-ауқат деңгейі анықталып, ол бес санаттың біріне жатқызылады. Атап айтқанда, «А» санаты – әл-ауқаты жоғары, «В» – ауқатты, «С» – жағдайы қанағаттанарлық, «D» – экономикалық тұрғыдан осал, ал «Е» санаты экономикалық және әлеуметтік жағынан осал отбасыларды білдіреді.
Осыған орай eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды. Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Есептеу азаматтың өзі көрсеткен мәліметтер негізінде жүргізіледі және анықтамалық сипатқа ие. Оның нәтижесі әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім болып саналмайды.
«А» санатына жатқызу өлшемдерінің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең болуы немесе одан асып түсуі. Бұл шамамен 350 мың теңгеге сәйкес келеді. Сонымен бірге отбасының тұрғын үйі, өзге де мүлкі, бизнесі мен көлігінің бар-жоғы назарға алынады», – деп түсіндіреді министрлік өкілдері.
Алайда осы тұста цифрлық жүйеге енгізілген мәліметтер отбасының шынайы тұрмыс деңгейін қаншалықты дәл анықтай алады деген сауал туындайды. Мысалы, адамның немесе отбасының атында жылжымайтын мүліктің болуы оның тұрақты әрі жеткілікті кірісі бар екенін бірден білдірмейді. Кей жағдайда бұл – бірнеше ұрпақ өкілдері бірге тұратын жалғыз баспана ғана болуы мүмкін. Сол секілді несие міндеттемелерінің болуы немесе болмауы да отбасының материалдық жағдайын толық сипаттай алмайды.
Бұған қоса, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жанұялардың күнделікті шығыны басқа отбасыларға қарағанда едәуір жоғары болатыны белгілі. Сондықтан әлеуметтік әл-ауқатты бағалау барысында кіріс пен мүлік туралы деректерді ғана негізге алу жеткіліксіз. Отбасының нақты қажеттіліктері, тұрақты шығындары және оның мойнындағы міндеттемелер де жан-жақты ескерілуі керек.
Жаңа жобада жәрдемақыны тағайындау, төлемді белгілі бір уақытқа тоқтата тұру, оны қайта бастау және толықтай тоқтату тәртібі де белгіленген. Осыған орай төлемнің уақытша тоқтатылуы мен жәрдемақы алу құқығының біржола жойылуы екі түрлі жағдай екенін түсіну маңызды. Қандай шешім қабылданатыны жәрдемақының түріне және оны тағайындауға негіз болатын заң талаптарына байланысты болады. Егер отбасының өмір сүру жағдайы өзгеріп, мысалы, тұрақты табысынан айырылса немесе қаржылық мүмкіндігі төмендесе, мұндай өзгерістер оның әлеуметтік ахуалын қайта бағалау кезінде назарға алынуға тиіс. Ал ресми деректер уақытында жаңартылмаса, ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен азаматтың шынайы тұрмыс жағдайы арасында айырмашылық пайда болуы мүмкін.
Осы себепті әлеуметтік төлемдерді тоқтату тәртібімен бірге, оларды қайта алу мүмкіндігі мен рәсімдері де халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет. Әрбір азамат өзіне қатысты қабылданған шешімнің себебін білуге, жүйедегі мәліметтердің дұрыстығын тексеруге және заңда белгіленген тәртіппен шағым түсіруге құқылы.
Жалпы алғанда, Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында халықты әлеу- меттік қолдау деңгейі бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жуырда осы тақырыпқа қатысты қаржыгер әрі сарапшы Айдархан Құсайынов өз талдауын жариялады. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, елімізде мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстанмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Қазақстаннан гөрі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек жәрдемақы тек Беларусьте төленеді екен. Бала тууына байланысты берілетін төлемдер бойынша да Қазақстан мен көршілес мемлекеттер арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Біздің елде дүниеге келген баланың отбасындағы нешінші бала екеніне қарай біржолғы жәрдемақы көлемі 164 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейін жетеді.
«Бұл көрсеткіш көршілес мемлекеттердің басым бөлігіндегі төлемдерден жоғары. Мәселен, Ресейде бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы 149 мың теңгені, Әзербайжанда 158 мың теңгені құрайды. Ал Тәжікстанда бұл сома 28 мың теңге болса, Өзбекстанда – 29,7 мың, Қырғызстанда – 21,5 мың теңге. Қазақстаннан жоғары төлем қарастырылған жалғыз ел – Беларусь. Онда бірінші бала дүниеге келгенде 790 мың теңге, ал екінші және одан кейінгі балаларға 1,1 миллион теңге беріледі», – дейді сарапшы.
Бала күтіміне байланысты төлемдер де халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде айрықша орын алады. Қазақстанда бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 25 мыңнан 40 мың теңгеге дейін барады. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан өздерінің бұрынғы табысына сәйкес төлем алуға құқылы.
Көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында да Қазақстанның өзіндік ерекшелігі бар. Елімізде төрт және одан да көп баласы бар жанұяларға табыс деңгейіне қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді. Ал кейбір мемлекеттерде көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қаржылай көмек негізінен табысы төмен азаматтарға беріледі. Енді Қазақстанда енгізілетін өзгерістер де әлеуметтік қолдауды нақты көмекке мұқтаж отбасыларға бағыттауды мақсат етеді.
Әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалануға ықпал ететіні анық. Дегенмен, жаңа жүйенің нәтижелілігін тек жәрдемақы алушылар санының қысқаруымен немесе бюджеттен жұмсалатын қаражаттың азаюымен өлшеу дұрыс емес. Мұндағы ең басты өлшем – әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың тиісті көмекті уақытылы әрі кедергісіз ала алуы.
Егер әр отбасының жағдайы әділ әрі жан-жақты бағаланса, мемлекеттік қолдау шынымен көмекке мұқтаж жандарға бағытталады. Сайып келгенде, жаңа жүйенің тиімділігі бюджет қаражатының үнемделуімен ғана емес, әлеуметтік көмекке зәру азаматтардың өмір сүру жағдайының жақсаруымен бағалануға тиіс. Мемлекеттік қолдау өз мақсатына жетіп, мұқтаж отбасылардың тұрмысын оңалтуға нақты ықпал еткенде ғана бұл бастаманың нәтижесі көрінеді.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.