Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қуаңшылық қыспағы: шаруалардың шығыны қанша?

0 258

Биыл шаруаларды құрғақ-шылық қос бүйірден қысуда. Ағын судың аздығы мен ауа температурасының жоғары болуынан жамбылдық диқан-дар еккен өнімін өндіре алмай, тамыз айының басында шырыл қаққан-ды.

Өңірде төтенше жағдай жариялауды сұраған еңбек адамдарының үні Үкімет үйіне жетіп, өткен жетіде алты ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия құрылып, шығынды есептеу жұмыстары да қолға алынды. Сонымен, алғашқы есеп не дейді? Шаруалардың қанша өнімі өңбей қалуы мүмкін? Шығын көлемі қаншаны құрамақ? Бұл өңір экономикасына қаншалықты әсер етеді? Зер салып, зерделеп көрсек…

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің өкімімен Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жариялануы шаруалардың үзілген үмітін жалғағаны жасырын емес. Олай дейтініміз, биыл облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың дені күйіп кетіп, өнім шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп болжанды. Осы жағдай диқандардың жанына батып, шаруалар шырыл қақты. Нәтижесінде Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте облыс әкімінің ұсынысымен өңірде төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілді. Шаруалардың жанайқайына құлақ түрген Премьер-Министр Әлихан Смаилов ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырып, оның құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енді. Міне, осы жұмыс тобы егістік алқаптарын аралап, осы таңға дейін шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесулер өткізді. Аталған жұмыс тобының жан-жақты зерделеуінің нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс жолданып, бүгінде бұл ұсыныс қолдау тауып отыр.
Зерделеу жұмыстарының алғашқы нәтижесіне келсек, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, алты ауданда 347 қожалық зардап шеккен екен.
«Ағымдағы жылы көршілес Қырғыз мемлекетінен берілетін су көлемі өз деңгейінде болмауынан, сондай-ақ «Қазгидромет» Жамбыл филиалының мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың шілдесі мен тамызы аралығында 20 күн бойы және одан да көп салыстырмалы ауа ылғалдылығы күндіз 30%-дан немесе одан аз сақталуына байланысты, облыста қауіпті табиғи (агрометеорологиялық) құбылыс қуаңшылық жағдайы қалыптасты.
Аудандық деңгейде құрылған комиссия мүшелерінің зерделеген қорытынды шешіміне сәйкес, облыстың 6 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас) ағын су тапшылығынан 347 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері зардап шекті. 7,8 мың гектар алқаптан алынатын өнім күйіп кетті. Атап айтсақ, Байзақ ауданының 9 ауылдық округіндегі 77 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің 1 732,07 гектар жері жарамсыздыққа ұшырады. Жамбыл ауданында 5 шаруашылықтың 134 гектар жері, Меркі ауданында 15 қожалықтың 385,1 гектар жері, Т.Рысқұлов ауданында 8 шаруашылықтың 252 гектар жері, Қордай ауданында 221 қожалықтың 5196,4 гектар жері және Талас ауданында 21 қожалықтың 154,4 гектар жері жарамсыз күйге түсті. Құрғақшылықтан жапа шеккен басты дақылдар: қант қызылшасы, көпжылдық шөп, дәндік жүгері және көкөніс сынды өнімдер.
Жалпы алғанда, облыс бойынша 7,5% (7,8 мың га) суармалы егіс алқаптары жарамсыз деп танылуда.
Ғылыми-зерттеу институттарымен келісілген технологиялық картаға сәйкес (1 га кететін шығын көлемі), зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шығындары 3,5 млрд теңгені құрап отыр», – дейді басқарма мамандары.
Иә, 347 шаруашылық зардап шегіп, 3,5 млрд теңге шығынға батуы өңір экономикасына айтарлықтай соққы болатыны анық. Ал, ең алаңдарлығы, қыс қыр астында тұрғанда бұл жан емес, мал азығына да ауыртпалық әкелмек. Олай дейтініміз, қант қызылшасынан 165 шаруашылық 1093,8 млн теңге шығын көріп отырса, 42 шаруашылық 273,0 млн теңгеге теңелген көпжылдық шөпті жинай алмай отыр. Дәл сондай 12 қожалық 260,2 млн теңге тұратын көкөніс дақылдарынан шығынға батса, 109 шаруашылық 1699,9 млн теңгеге бағаланған дәндік жүгері алқабын күйдіріп алған. Майлы дақылдар бойынша 49,0 млн теңгеге есептелген 1 шаруашылықтың жері жарамсыз күйге түссе, 18 шаруа 158,4 млн теңгелік бақша дақылдарын өндіре алмаған.
Негізі, бұл жұмыс тобының зерделеуінің соңғы қорытындысы емес. Егер Талас пен Шу өзендерінде су тапшылығы жалғасатын болса, суармалы егіс алқаптары жарамсыз болу қаупі 2-3 есеге дейін артуы мүмкін. Сондықтан аудандарда жұмыс тобының ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен зерделеуі жалғасуда. Шаруа қожалықтарына келтірілген нақты шығын көлемін анықтау вегетациялық кезең аяқталғанша жүргізіліп, жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалмақ.
Қуаңшылық қыспағына байланысты күні кеше Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов те жиын өткізіп, шаруалардың шығынға батуы тек табиғи сипаттағы емес, ағын суға жауаптылардың жауапсыздығынан орын алып жатқан жағдай екенін ашып айтты.
– Жергілікті билік өз тарапынан барлық шараларды қабылдап, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Алайда «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жұмысы ойдағыдай емес. Құжаттамаларды реттеудің өзін созып отырсыздар. Өз міндеттеріңізге салғырт қарайсыздар. Су жеткізу, каналдарды жөндеу бойынша мәселелер орын алғанда, шаруалар шешімін сіздерден емес, жергілікті атқарушы органдардан сұрайды. Сіздер бар жауапкершілікті бізге сырғытып, өздеріңіз тыс қаласыздар, – деп аймақ басшысы «Қазсушар» мекемесінің жұмысын қатаң сынға алды.
Өз кезегінде «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Ерлан Өтегенов әртүрлі сылтауды алға тартып, ақталуға тырысты. Алайда облыс әкімі ешқандай сылтау қабылданбайтынын, келер жылғы вегетациялық маусымға жан-жақты дайындық жұмыстарына қазірден кірісу керектігін шегелеп тұрып тапсырды.
Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы жауаптыларға бұл мәселені шешу үшін тиісті алгоритм әзірлеуді, алдағы вегетациялық маусымда су жеткізуді реттеу бойынша жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдарға алу маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек,. облыс әкімі сусорғыларды заңдастыру, ұңғымалар қаза отырып, су үнемдеу технологияларының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, су қоймаларын салу және жөндеу жұмыстарын да жіті назарға алуды жүктеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологиялары 57,0 мың гектарда қолданылуда. Бұған кей жерлерде жер асты сулары пайдаланылуда десек, бүгінде өңірде 103 ұңғыма жұмыс істеп тұр. Осы ретте шаруаларға қолдау ретінде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемін 80 пайызға дейін арттыру жұмыстары қолға алынуда.
Әрине, мұндай бастамалардың көтерілгені қос қолдап қолдауға тұрарлық. Алайда ұңғыма қазып, құрғақшылық мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес екенін шенділердің де іші сезіп отыр. Сондықтан жылда Қырғыз ағайынға күніміз қарасын демесек, су қоймаларын көптеп салуды қолға алған жөн.
Ал биылғы құрғақшылықтан келген нақты шығын қыркүйек айының ішінде белгілі болып қалар. Сол кезде Үкіметтен қанша қаржы қаралатындығы да айқындалады. Әйтеуір есептің өзін жауаптылар «есепке» салмай, шаруалардың шығынын толықтай өтеп береді деп сенеміз.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.