Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саяси жаңғыру кезеңіне қадам бастық

0 99

Мемлекет дамуының басты факторларының бірі – саяси жаңғыру. Президент Жолдауда осыған да басымдық берді.

«Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жолға қойды.

Президенттің Жолдауында оның өкілеттігі туралы да айтылды. Әрине, бір адамның ұзақ билікте отыруы – бүгінгі қоғамда мемлекет дамуына кедергі келтіретін жағдай. Сондықтан суперпрезиденттік басқару үлгісінен арылумыз керек.

– Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.

Жолдауда құқық қорғау институттарын күшейту туралы да айтылды. Бәріміз білетіндей, бүгінде қоғамда әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің қатары көбейіп келеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысын да алаңдатып отыр. Оның: «Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде», – дегені жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы билік бір адамның қолында болудан бірте-бірте арылу керектігін айтып: «Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн», – деді.

Бүгінде әлем күрделі кезеңді өткеруде. Көрші елдегі тұрақсыздық, ел экономикасына айтарлықтай салқынын тигізуде. Біздің де алдымызда дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін мәселелер туындауда. Ел Президентінің Жолдауында бұл мәселе де назардан тыс қалмады.

– Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар. Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы, – деді Президент.

Жұрт арасында айта-айта жауыр болған тақырып – азық-түліктің күн санап қымбаттауы. Әрине, Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. «Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін» деген Мемлекет басшы Үкімет пен әкімдерді шаруаларға көмектесуге шақырды.

– Шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық. Жалпы фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде.

Президент өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы жаңғыруға қадам басқанымызды көрсетеді. Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймыз!

Луиза НАҒАШЫБАЕВА, студент

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.