Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашағы айқын, еңбегі елеулі

0 287

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында ақпараттық түсіндіру бойынша №9 қалалық емханада кездесу өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев ашып, жүргізген жиынға «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының басшысы Бақытжан Құтжан, «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асылбек Ошанов, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның директоры Ләззат Қызылқұлова, «Жанұя» емханасы бас дәрігерінің орынбасары Карима Сабденова мен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алдаберді Махашев қатысты.

Жиын барысында қатысушылар өмір сапасын жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның директоры Ләззат Қызылқұлова білімді жетілдіру жолы мен сапасын арттыру жөнінде сөз қозғады. Жастарды кітап оқуға икемдеудің қажеттігін атап өтті.

– 20 жыл бұрын мектеп бағдарламасына информатика пәнін енгізді. Ал күні бүгін осы пәнді игерудің нәтижесі белгілі болып, болашақта аса қажет заманауи сала екендігі анықталып отыр. Бүгінгі таңда Назарбаев зияткерлік мектебі білім саласында көш бойы озық. Міне, осы білім ошағының үлгісімен, бағыт-бағдарымен барлық орта білім ошақтары атсалысып, теңесуіміз қажет, – деді Ләззат Қызылқұлова.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да тұрғындар арасында ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын бұрыннан жалғастырып келеді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар мен қызметтер атқаратын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімін оңайлату мақсатында енген өзгерістерге «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асылбек Ошанов тоқталып өтті.

– Биылғы жылғы жаңа енгізілімдердің бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы. Яғни 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қорда міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) іске қосылды. Сол арқылы мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын, БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарнаны жүзеге асыруға болады. Бұдан басқа, 2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты «Электрондық үкімет» порталы арқылы алу оңай бола түсті. Осы күннен бастап кез келген алушы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен де ала алатын болды, – деді Асылбек Ошанов. Ол үшін алушы «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдайды. Содан кейін eGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген алушының ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.

Күн санап көркейіп келе жатқан қазақстандықтардың әл-ауқатының өсіп, табысы мен тұрмыс сапасын арттыру мақсатында өткен жиында сөз алғандар елдің кешегісі мен бүгінін саралап, болашағының айқын болуы үшін өздерінің сүбелі үлестерін қосатынына сенім білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.