Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа әліпби – жасампаздық негізі

0 360

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ұсынғаннан бері ел үшін маңызды жобалар жүзеге асуда. Осы уақыт аралығында мақала аясында бірқатар бастамалар қолға алынып, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Соның бірі – әліпбиді латын қарпіне көшіру. Елбасы бұл бастамаға «ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп баға берген болатын. Өңірде оң өзгеріске көшу процесі басталған сәттен бастап тиісті мекемелер маңызды жобаларды қолға алды. Тіл мамандары жаңа қаріптерді ел санасына сіңіру бағытында тер төкті. Екі жыл бойына атқарылған жұмыстарды бағдарлап, көпшілікке таныстыру мақсатында облыстық тілдерді оқыту орталығының мәжіліс залында «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Басқосуда алғашқы болып Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Набира Сүйманова сөз алды. Ол жаңа латын қарпін қолданысқа енгізу бағытында жүргізілген шараларға кеңінен тоқталды.

– Жаңа әліпбиді өңір тұрғындарына түсіндіру бағытында басқарма тарапынан бірнеше ілкімді істер атқарылды. Атап айтқанда, латын қарпінің маңыздылығын жете ұғындыру мақсатында арнайы бейнеролик түсіріліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ жанынан латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, ТарМПУ-да «Қазақ филологиясы және латын әліпбиін оқу әдістемесі» кафедрасы, тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, латын негізді қазақ әліпбиіне көшуге байланысты қала тұрғындарына әдістемелік көмек көрсетілді, – деді маман.

Латын қарпіне көшуге байланысты Елбасы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап өңір алғашқылардың бірі болып арнайы құралдар мен оқыту әдістерін ұсына бастады. Атап айтқанда, тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ оқытушылары елімізде алғашқылардың бірі болып латын әліпбиін онлайн оқытатын курс бағдарламасын жасап шығарған. Курс 2018 жылдың 19 ақпанында ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып жазуды меңгерту, оқылуда көзшалым мен қолдағдысын онлайн-курс, яғни qazalipbi.kz сайты арқылы үйрету мақсатында дайындалған. Университеттің «Филология және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Кульзинат Карымбаеваның айтуынша, курсқа кез келген смартфон мен интернет-браузер арқылы кіруге болады.
– Онлайн оқыту курсы 18 сабақтан, теориялық, практикалық, бағалау бөлімдерінен тұрады. Бағдарлама қазақ тілді аудиторияға, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйренушілерге аса қолайлы, түсінікті, – дейді ғалым.

Жиын барысында аталған бағдарламаны қолданысқа енгізушілердің бірі Балмира Мырзабаева курсты көпшілікке таныстырып, қойылған сауалдарға жауап берді. Қазақстанда ең бірінші болып іске қосылған курста латын қаріптерінің таңбалануы мен оқылуы кеңінен түсіндірілген. Мамандар көптің көкейінде сауал тудырған емле ережелерін бағдарламаға енгізу алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа екенін алға тартты. Сондай-ақ латын қарпінің маңызы мен ондағы өзгерістерді бұқараға тереңінен түсіндіруде БАҚ-тың атқарар рөлі зор екені айтылды.

Шара соңында басқарма басшылығы аталған бағдарламаны іске қосуға атсалысқан филолог мамандар мен тіл жанашырларына арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.