Жуырда қала әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағындағы «Барысхан» алқабының тұрғындарымен кездесті.
Жүздесуде тұрғындар алқаптағы орталық жолдарға асфальт төсеу, ирригация жүйелері, қоқысты уақытылы шығару, қоғамдық көліктің қатынауы сынды мәселелерді көтерді.
Өз кезегінде шаһар басшысы әр сауалды мұқият тыңдап, әр мәселеге жеке жауап берді. Мәселен, 2023-2024 жылдар аралығында жоспарға сәйкес, алқаптағы 16 көшеге республикалық бюджет есебінен асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы уақытта қоқыс мәселесі де шешімін таппақ. Мердігер мекеме «Махмудов» ЖК аталған мәселені халықпен талқылап, алқаптағы қоқыс шығару мерзімімен келісті. Тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір мәселе – №29 маршруттың демалыс күндері алқапқа сирек қатынауы. Бұл сұрақ бойынша жауапты тасымалдаушы мекемеге қатынау графигін қайта қарастыру тапсырылды.
Ирригация жүйесі мәселесіне тоқталған тұрғындар аумақта жаңадан салынған су құбырларында жарылу фактілері бар екендігін айтты. Мердігер өз тарапынан судың қысымына шыдамаған құбырлардың жарылуы зауыттық дефект екенін жеткізді. Мердігердің жұмыстарға кепілдік мерзімі желтоқсан айында аяқталмақ. Бұл тұрғыда шаһар басшысы құбыр жүйесіне ақаулар сараптамасын тағайындауды тапсырды. Атқарылған жұмыстар сараптаманың қорытындысы бойынша қайта қабылданады.
Сонымен қатар кездесу барысында алқапқа кірер жолда жаяу жүргіншілер жолағын, жол белгілерін орнату мәселесі де көтерілді. Бұл тұрғыда Бақытжан Әмірбекұлы аталған мәселені шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді.