Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда талай тірлік тындырылды

0 358

Қытымыр әрі суық мезгілдің қамын жазда ойлап, қыстың шанасын жазда сайлағандар ғана қаһарлы кездің қатулы қабағына ілікпей, аязда тоңбай, боран-дауылдардан аман өтері аян.

Көші көзге іліге тұра, жүре түзелердің керімен жаз бойы қамсыз жүріп, қыстағы аязға төтеп бере алмай қалатын мекемелердің бар екенін де көз көріп жүр. Ел ішінде жылу маусымына дайындықтары жүріп жатқандарды сырттай байқап қалатынымыз бар. Алайда оларға не қат? Нендей мәселенің түйткілді түйінін тарқата алмай жатыр? Осы мәселені алға тартып, қалалық мәслихаттың депутаттары Бахытхан Алимханов пен Әлішер Каримов жолға шыққан болатын.
Олар қаладағы нысандарды жылу беру маусымына дайындау барысында бірнеше тіршіліктің көзін ашып, тұрғындардың өтінішіне құлақ түріп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан біршама объектілердің сапасын сын тезінен өткізіп, тереңнен бойлап, сапасына көңіл бөлді.
Ең алдымен «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» қағидасымен 3-4 жылдың жүзі жол жабындысы қалпына келтірілмеген Көшеней көшесінің 6-шы бұрылысына бардық. Расымен, асфальтсыз жол жиегінде бір көлік өтсе де шаңға көміліп қалатын көше тұрғындары наразылығын танытып, бұл мәселе жылда көтерілгенімен, аяқсыз қалып, тиісті мекемелер құрғақ шөппен ауыз сүртіп, бос уәдемен шығарып салып жүргендігін айтты. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кейпін танытқандарды қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшелері алдағы уақытта ауқымды жиын өтіп, бұл мәселе шешімін тауып, іске асуына атсалысатындарын жеткізді. Бұдан кейін Сыпатай батыр көшесінің жол жабындысы көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп жатқандығына куә болып, бұл мәселенің де шешімі табылатыны туралы айтылды.
Бұдан кейін Асқаров көшесі, №219 үйге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын да бақыладық. Мұндағы келеңсіздіктердің алдын алу, жұмыстың сапасын жақсарту мақсатында Бахытхан Алимханов біршама ескертулер жасады. Тұрғындар бірауыздан бұл маңда жарықтың жоқтығын айтып, түн баласы кафеден шыққандар қараңғылықта ауланы ластайтынын жеткізді. Депутат бұл тұста да қарап қалмай, тұрғындардың аты-жөндерімен қатар ұялыларының нөмірін алып, тиісті мекеме осы аулаға жарық орнатып беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар «Жасыл ел-Тараз» ЖШС қысқы маусымда қала ішіндегі жолдарды күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдарды сақтайтын қойманың және арнайы техниканың хал-ахуалымен таныстық. Мұнда жаңа техникаға тиісті қаражат бөлінгенімен, әлі де техника алынбағаны мәлім болды. Бұған қатысты мамандар жаңа техникалар тізімде, яғни алдағы уақытта алынатындығын айтты.
Одан кейін жол тартқан №39 орта мектептің сметалық құны 224,0 миллион теңгені құраған күрделі жөндеу жұмыстары да ойдағыдай жүріп жатқан сыңайлы. Осы жылдың сәуір айының 25 жұлдызында қолға алынған жөн-деу жұмыстары тамыз айының 25 жұлдызында аяқталуы тиіс. Боялып, сырланып, ауласына жаңа асфальт төселген мектеп жарқырап-ақ тұр. Ал «Қызыл-Абад» алқабы, Тұрар Рысқұлов көшесіндегі №1 мектептің бөлмелері тар және күрделі жөндеуден өтпегендігі көрініп тұр. Бұл білім ордасында оқушылар 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін білім алады. Мектептің қазандығы үшін 15 тонна көмір сатып алу бойынша өткен конкурста, бұл білім ордасы келісімшарт жасасу кезеңінен өтіп жатыр екен. Іші аядай бола тұра, берген білімі шамшырақтай шашырап, ошақтағы оты маздап жанып, қаһарлы қыста оқушыларды жылытып тұрса, біздің болашақ үшін одан қымбаты да болмас.

Жолдар тақтайдай тегіс болуда

Қаладағы барлық тыныс-тіршілік пен қыс мезгілі қарсаңындағы қарбаластың ұйытқысына айналған қала әкімдігінің ел игілігі үшін атқарып отырған жұмысы аз емес. Осы орайда жол жөндеу мәселесі бойынша, атап айтар болсақ, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда.
Ағымдағы жылы шаһарда 45 көшені орташа жөндеуден, 2 көшені қайта жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда М.Х.Дулати, Комратов көшелерінің бұрылыстары мен Еспаев көшесінің 2-бұрылысы, Тюленин, Қашқари көшелері, Өзбек көшесінің бұрылысы мен Нахимов көшесінің 1-бұрылысы орташа жөндеуден өткен. Сондай-ақ Жамал Аппасова көшесі кеңейтіліп, аталған көше маңына жаяу жүргіншілер жолы салынған. Жыл соңына дейін бекітілген жоспарды толық әрі уақытылы орындау көзделуде.
Бүгінде қала аумағында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл бас жоспарға сәйкес, шаһардағы 6 канал тазартылмақ. Атап айтқанда, «Қапал», «Төрегелді», «Қарасу 1», «Қарасу 2», «Үшбұлақ», «Сеңкібай» каналдары. Қазіргі таңда «Қапал» каналы толық тазартудан өткен. Ал «Сеңкібай», «Қарасу 1» арналары тамыз айының соңына дейін ретке келтірілмек. Сондай-ақ «Төрегелді», «Қарасу 2», «Үшбұлақ» каналдары қыркүйек айына дейін толық тазартудан өтеді деп жоспарлануда.

Қала көшелері самаладай жарық

Қаланы жарықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 11 көше жолын жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Олар: Байзақ батыр көшесінің 1,3-бұрылыстары, Аққозиев көшесінің 1-бұрылысы, Өзбек көшесінің 1,3-бұрылыстары, сонымен қатар Маяковский көшесі мен сол көшенің 2-бұрылысы, Первомайская көшесі мен 2-бұрылысы, Ат-Тарази, Родниковая, Адамбаев көшелері. Қала аумағындағы тағы да бірнеше көшені жарықтандыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, мердігер мекемелер анықталуда.
Биылғы жоспарға сәйкес, «Тектұрмас», «Қарасай», «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» шағынаудандары мен 28 саяжай алқаптарына ауыз су жүйесін тарту көзделген.
Қазіргі уақытта «Құмшағал», «Тектұрмас», «Қарасай» алқаптарында қазба жұмыстары басталып, су құбырлары жеткізіліп, орнатылуда. Бұл мәселе бойынша жұмыстың 15 пайызы орындалған. Ал «Жиделі», «Көлтоған», «28 саяжай», «Қызыл-Абад» алқаптарын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу байқауы ұйымдастырылып, мердігер мекеме анықталуда екен. Барлық нысандар бойынша 2022-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде

Биыл тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 32 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айының соңына дейін тағы 18 үйдің жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ 6 тұрғын үйге жергілікті бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың тұрмыс жағдайын ескере отырып, бағдарлама операторы «Тұрғын үй жөндеу Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстарының төлемақысын келісімшарт бойынша 15 жылдық мерзімге дейін белгілеу тетігі қарастырылды.
Тұрғын үй құрылысының бүгінгі хал-ахуалына келетін болсақ, бүгінгі күні қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Салынып жатқан үйлер 15-ші шағынауданында орналасқан. Сондай-ақ жыл соңына дейін 29 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Кейбір үйлердің құрылысы келер жылға өтпелі. Сонымен қатар 16 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

«Қыс шанаңды жаз сайла»

Ал қыс мезгіліндегі ең маңызды мәселе бойынша отын-энергетика кешені кәсіпорындарының 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жөнінде қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың баяндамасында кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде «Таразэнергоорталық» АҚ қаланы жылу қуатымен қамтамасыз етуші негізгі кәсіпорын ретінде қаладағы нысандарға алдағы жылыту кезеңіне дайындығын жоспарға сай атқарып отырғанын мәлімдеді.
Келер жылыту маусымына дайындық жұмыстарына кәсіпорын қаржы есебінен 98 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспарланған 25 іс-шарадан толық орындалғаны 8 немесе 32 пайыз, 6 іс-шара орындалу үстінде. Оның ішінде 1 бу қазанына және 1 бу турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен.
Сонымен қатар мамыр айында арнайы мамандандырылған кәсіпорны келісімшартқа сәйкес ТЭЦ-4 және РК-4 қазандықтары түтін мұржаларының техникалық жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізген. Техникалық тексеру нәтижесінде барлық мұржалар жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап ететіні анықталған. Қазіргі алаңдататыны – №1 мұржаның техникалық жағдайы. Бұл мәселе бойынша кәсіпорын бірқатар іс-шара жүргізді. Атап айтқанда, алдымен мұржаны жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс арқылы жобалау ұйымға кәсіпорын өз қаражаты есебінен 2.3 миллион теңгеге тапсырыс берген. Түтін мұржасын жөндеуге коммерциялық ұсыныстар келіп түскен, ең төмені – 23,882 миллион теңге. Түпкілікті сома жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін белгіленеді. «Таразэнергоорталық» АҚ-ның кепілдік міндеттемесіне сәйкес, «Проект-Транс-Сервис-ПВ» ЖШС (Павлодар қ.) 05.08.2022 ж. ұсынылған коммерциялық ұсынысқа сәйкес түтін мұржасын күрделі жөндеуге кірісетін болған, дегенмен бірқатар себептермен аталған ұйым жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына ауыстырған.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыру Тараз қаласының тұтынушыларын үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары мемлекеттік органдармен күнделікті бақылауда.
Отынмен қамтамасыз ету бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен 118,200 млн м3 газ жеткізу жөнінде шарт жасалған, бұл өз кезегінде жылу орталықтарын отынмен қамтамасыз ету қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті.
Кәсіпорында резервтік (апатты жағдайларға) ҚР Энергетика министрлігімен бекітілген мазуттың 5 тәуліктік қоры 1865,822 тоннаны құрайды. Сонымен қатар жылу беру маусымына 1500 тонна отындық мазут сатып алу жоспарланған.
Жалпы тұтынушылардың дебиторлық берешегі 302,708 миллион теңгені құрайды. Тұрғындар – 171,12 миллион теңге, бюджеттік мекемелер – 87,557 миллион теңге, заңды тұлғалардың берешегі 44,031 миллион теңгені құрап отыр. Дебиторлық берешекті жою бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Табиғи газға 69 миллион теңге маусым айында тұтынылған.
«Таразтрансэнерго» кәсіпорны 208 шақырым жылу желісіне қызмет көрсетеді, оның ішінде 49 шақырым – магистральдық және 159 шақырым – ішкі кварталдық. Кәсіпорындағы жалпы қолданыстағы 2584 тиек арматурасының 2325 данасына ағымдағы жөндеу және 18 компенсаторды сальниктерін майлау, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күнге 800 метр жылу құбыры ауыстырылды, жылыту маусымына дейін барлығы 2,3 шақырым ауыстыру жоспарланған. Игерілгені 21,3 миллион теңге немесе 34,8 пайызды құраған. Барлық бөлінген қаражат – 68,2 миллион теңге. Қазіргі таңда 8 локалды қазандықтың, 4 қазандығын және жылу беру желілерін гидравликалық қысыммен сығымдау жұмыстары жүргізілуде екен.
Бүгінде басты мәселе – қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелеріне уақытылы жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі. Соның салдарынан тұрғындар арасында қыс мезгілінде жылу сапасына шағым айту көбейген. Кәсіпорын тарапынан әрбір үйге кемшіліктерін көрсете отырып нұсқаулық берілген. Аталған шаралар қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында резервтік (апатты жағдайларға) 10,0 тонна тас көмір алу жылыту маусымына дейін жоспарланған. Жалпы тұтынушылардың 422,0 миллион теңге дебиторлық қарызы бар. Оның ішінде тұрғындардың – 12,6 миллион теңге, бюджеттік мекемелердің – 0,3 миллион теңге (ОБ), заңды тұлғалардың 409,1 миллион теңге қарызы бар.
«Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты 43 қазандық бар. Негізгі және ірі қазандық – РК-1, жылу қуаттылығы – 37,25 Гкал/сағ. Қазандықтардың жылу өндіру қуаттылы- ғы – 135,6 Гкал/сағ.
Кәсіпорынның облыс бойынша 2022-2023 жылу маусымына әзірлігін қамтамасыз ету үшін 155,9 миллион теңге бөлген.
Кәсіпорын бойынша 16 қазандық штатты түрде ыстық сумен 92 тұрғын үй (80 үй «Қарасу», «Қаратау» мөлтекаудандары мен массив «Қарасу», 11 үй Қант алқабы, 1 үй Жамбыл даңғылы) мен қала мекемелерін қамтамасыз етеді.
«София» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты 2 қазандық бар, 1 қазандық резервте. Барлық қазандықтарда 6 қазан орналасқан. Қазандықтардың жалпы жылу өндіру қуаттылығы – 0,7 Гкал/сағ.
Серіктестік Крупская көшесіндегі 10 көппәтерлі тұрғын үйді, №37 орта мектебі мен №27 балабақшаны жылу қуатымен қамтамасыз етеді. Барлығы – 205 абонент. Сонымен қатар серіктестік пәтер иелері кооперативі қызметін атқарады. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына сәйкес серіктестік өз қаражаты есебінен қазандықтар мен жылу құбырларына, КИПиА құрылғыларына, ысырмалар мен фильтрлеріне тексеру және жөндеу жұмыстарын жүргізді.
«Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында жылу энергиясын өндіруші 1 қазандық, 5 қазан, 5 резервті қазан бар. Табиғи газбен жылу өндіреді. Жылу өндіру қуаттылы-ғы – 19 Гкал/сағ. Электр энергиясын өндіру қуаттылығы – 1230 МВт. Іс-шара жоспарына сәйкес: 2,3,4,5 қазандарда, №1,2 іске қосу қазандықтарының жылу желісіндегі бойлерге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша ыстық су 25 күнге (1.08.2022-25.08.2022) өшіріліп, магистральдық жылу желілеріне гидравликалық сынақтар (опрессовка) жүргізіліп жатыр. Гидравликалық сынақ барысында жылу желілерінде анықталған кемшіліктер жойылатын болады. Аталған тексеру жұмыстары 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында жылудың үздіксіз берілуіне мүмкіндік жасайды. Гидравликалық сынақ (опрессовка) жүргізу барысына қысқаша тоқтала кетсек, «София» ЖШС-інде жылу желілеріне гидравликалық сынақтар (опрессовка) жүргізу барысында ешқандай жарылу, тесілу (порыв) болған жоқ. «Таразтрансэнерго» МКК жылу желілеріне гидравликалық сынақтар (опрессовка) жүргізуді 08.08.2022 жылдан бастады. Бүгінгі таңда 28 кемшілік (порыв) анықталып, оның 7-і қалпына келтірілді. Қалған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жамбыл-Жылу» МКК бойынша бүгінгі таңда 2 кемшілік (порыв) анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазандықтар қатты отынсыз қалмайды

Қалада жалпы көмір сатумен шұғылданатын 7 мекеме бар. Олар ЖК «Курбанов», ЖК «Иманалиев», «Самандор» ЖШС, «Отын М» ЖШС, «Казугольснаб» ЖШС, ЖК «Әлімбеков», ЖК «ADIS». Ағымдағы жылы қала аумағындағы жеке тұрғын үйлердің жылыту маусымында пайдаланылатын көмір көлемі болжамды түрде 18000 тоннаны құрайды.
Себебі жеке тұрғын алқаптарда газ тарту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты тұрғындардың көмір сатып алу қарқыны төмен. Қазіргі таңда қала аумағындағы көмір жеткізілетін тұйықтарда шамамен 3000 тонна көмір көлемі бар, орта бағасы 14300-22000 теңге аралығында.
2023 жылға М-1 жылу құбыры желісін (М-1 жылу желісі 1990 жылдан бері пайдалануға берілген) қайта жаңғырту жоспарланған және жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін қаржы жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық мерзімінде кемшіліктер орын алуда. Сүлейменов көшесі бойындағы «Бином» тұрғын үй кешенінің жылу беру қазандықтарын «Таразтрансэнерго» МКК-нің теңгеріміне алу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. «Жамбыл облысы, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Таразтрансэнерго» МКК-не «Бином» тұрғын үй кешенінің қазандықтарын теңгеріміне алу жөнінде хат жолдаған. Хаттың жауабы бойынша: мердігер «Самұрық Тараз» ЖШС қазандық жабдықтарын орнатып, құрылыс-монтаж жұмыстарының қабылдау актісін жасап, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-тің қабылдау комиссиясымен берілген кемшіліктерді жойып, қалалық бюджет есебінен жер телімінің актісін рәсімдеп және оған жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын жасау керек. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін мекеме қазандықтарды өз теңгеріміне алуға дайын.
«Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 2022-2023 жылдың қысқы маусымында қала аумағындағы автокөлік жолдарында және жаяу жүргіншілер жолдарында (тротуар) төтенше жағдайлар туындамас үшін тазалық жұмыстарын атқарады. Қалада 76 көшенің қарын күреуге және тұз аралас құм шашу жұмыстары бекітілген. Қысқы тазалық жұмыстарына қолданатын 47 техника бар. Олар, 20 бірлік қар күрейтін автотехника, соның ішінде 13 бірлік тұз аралас құм шашатын арнайы автотехника, 7 қар күрейтін автотехника, 2 бірлік автогрейдер, 7 бірлік жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайтын «МК-320» техникасы, 2 бірлік жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайтын «МТЗ-82» техникасы, 3 бірлік құм, қар тиегіш техника және келісімшарт бойынша жалға алынған 1 бірлік құм, қар тиегіш техника 1 бірлік «Зил-130» аударғыш (самосвал), 2 бірлік «Газ-53» аударғыш, 4 бірлік «МТЗ-82» тіркемесімен бар, 5 бірлік КАМАЗ.
Қазіргі таңда бары 300 текше метр құм, 100 кг тұз бар. Қыс мезгіліне 7000 текше метр құм және 1000 тонна тұз қажет. Қажеттілікке байланысты ауыр техникалар (автогрейдер) жалға алу үшін мекемелермен келісімшарт жасау қарастырылады. Оның ішінде: «АрсикоТаразИнвест» ЖШС, «Айя Сервис» ЖШС, «Тараз Көлік Жолы» ЖШС және тағы басқалары бар.
Қар тазалау бригадалары тәулік бойы ауысымды кестемен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бекіткен, кесте бойынша жұмыс істейтін болады.
Мекемеде диспетчерлік қызмет бар. Олар барлық жұмыстарды бақылауда ұстайды. Жұмысшылар үшін демалыс бөлмесі жабдықталған және үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар осы жұмыстарды бақылау үшін мекеме қызметкерлерінен күнделікті кезекшілік кестесі бекітіледі екен.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.