Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ауыл аманаты» тұрғындардың тұрмысын түзейді

0 731

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақса- ты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Аталған жобаны ел тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақсатында партияның мобильдік топтары өңір-өңірлердегі ауылдарды аралауда.
Өткен жетіде ақпараттық топ Жамбыл облысына табан тіреді. Түсіндіру тобы өңірдегі жұмысын Жуалы ауданынан бастап, Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуларда елді мекен тұрғындарына жобаның мақсаты мен алу жолдары кеңінен түсіндірілді.
– Бұған дейін кооператив құру үшін жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою және белгіленген адам санын жинау міндетті болса, бұл жобада небәрі 5 АЕК көлемінде жарна төлеп, тіпті 3 адамнан бірігуге мүмкіндік бар. Қазіргі өзгеріс – жеке тұлғаларға аса мән берілуде. Бұл – жаңа кәсіп иелеріне үлкен көмек. Бағдарлама аясында субсидия алудан бастап, кәсіпкер өнімін дүкен сөрелеріне орналастыруға дейін қаралады. Шалғай ауыл халқымен кездесулерде берілген кеңестердің бірі – ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болып, өз ұсыныстарын білдіру. Сонда жобаға өзгеріс енгізу барысында алдымен халықтың сұраныс-тілегі сараланады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары ауылдарға өздері барып, құжаттарды жинақтауға көмектеседі. Яғни орталыққа барып сабылуға қажеттілік туындамайды. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді, – дейді коуч-тренер Ұланбек Нұрманов.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін жоба сәтті жүзеге асқан ауыл әкімдері тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, 2019 жылы жобаға енген Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ғалым Жақыпбеков 191 тұрғын 224 миллион теңге несие алғанын жеткізді. Ауыл әкімі жобаға дейін 98 азамат мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек алса, қазіргі таңда тек 8 азамат қана аталған көмекті алуға өтініш берген. Сонымен қатар Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Рахымқазы Куньязов жобаға енген ауылдардың орташа айлық табысы 85 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өскенін атап өтті.
– Ауыл тұрғындары үшін жоба өте тиімді. Себебі 2,5 пайызбен бірде-бір екінші деңгейлі банк несие бермейді. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілетін несие өте қолайлы. Мұндағы басты талап – берілген қаржы мақсатты жұмсалуы қажет. Мәселен, ауданда 19 түрлі әлеуметтік тауардың 11-і өндіріледі. Жоба арқылы біз 19 түрлі тауар- дың барлығын өндіруге қауқарымыз жетеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Р.Куньязов.
Өз кезегінде тұрғындар да жоба арқылы несие алуға талпынып отырғандарын білдірді.
– Тұрмыстық табысты арттыруға бағытталған жоба ауданның 2 ауылдық округінде жанданды. Сол кезде біздің де ауыл тізімге енсе деген іштей тілегіміз болды. Енді міне, келер жылы несие алуға мүмкіндік туып отыр. Ауылға келген «AMANAT» партиясының ақпарат тобына алғысымыз шексіз. Ауылдастарымызға жоба туралы маңызды ақпараттар берді, – дейді Кәріқорған ауылының тұрғыны Ұлжалғас Мырзалимова.
Өз кезегінде мобильді топ мүшелері жеңілдетілген несие алуда тұрғындарға қойылатын талаптарды айтып, қазірден үйлерінің құжаттарын реттеп қою керектігін ескертті.
Келесі кезекте мобильді топ Жамбыл ауданының Ащыбұлақ және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мұнда да топ мүшелері ауыл халқына жоба аясында кеңестерін беріп, тұрғындармен пікірлесті. Тұрмыстық табысты арттыруға бағытталған жоба туралы хабардар болған тұрғындар сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Айта кетерлігі, жоба туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 28 шілдеде бастау алды. Осы уақытқа дейін еліміздің 8 облысын аралаған мобильді топ 148 ауылдық округті аралап үлгерді. Түркістан облысынан кейін Жамбыл жеріне табан тіреген мобильді топ 20-25 тамыз аралығында 20 ауыл және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері жоспарлануда.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.