Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасыл желекті Таразым!

0 284

Адамзатты толғандыратын негізгі жаһандық мәселе – қоғам мен табиғаттың арасындағы қарым-қатынас жайы болып тұр. Табиғат биологиялық фактор ретінде адам сұранысына мүлдем қажетсіз болып бара жатыр. Эстетикалық құндылығы, тарихы және ерекше экологиясы бар кешенді қорғау – қазіргі кезде бақтық-парктік сәулетте негізгі тапсырмалардың бірі. Бұл орайда қалада атқарылып жатқан жұмыстар көп-ақ.

Арайлым Шабденова

«Жасыл қала» әлі жасарады

Жер ананың бауыры жібіп, айналаны көк майса шөп жауып, көктемнің сәулелі, шуақты күндері табалдырық аттағалы Тараз қаласында тазалық айлығы басталып-ақ кетті. Екі мың жылдан асқан көне шаһардың күн санап келбеті артып, жаңарған саябақтар көпшіліктің көңілін көтеруде. Шаһардың көркіне көрік беруде өз үлесін қосып отырған «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысы бүгінде қауырт. Мекеме қала көшелерінде отырғызылатын көшеттердің орнын дайындаумен қатар, гүл отырғызу жұмыстарын да бастапты. Бұл туралы өндірістік бөлім меңгерушісі Мұхамеджан Арзымбетов айтып берді.

– 1998 жылы құрылған мекеме осы уақытқа дейін қаланың күл-қоқысын шығарумен, көшелер мен скверлерді, мекемелер мен арнайы нысандардың алдын абаттандыру және көгалдандырумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда қала бойынша 24 скверде жұмыс жасап жатырмыз. Онда ағаш отырғызу, күл-қоқыстан тазарту, тазалау сияқты жұмыстарды мамандар жүргізеді. Бұған дейін «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары мен қаланың орталық көшелерін көгалдандырсақ, алдағы уақытта да жоспарда жаңа нысандардың жұмысын бастауды көздеп отырмыз. Ал қала бойынша гүл отырғызу науқаны сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталады. Қала күн санап көркейіп, шырайланып келеді. Еліміз бойынша таза әрі жасыл қалалардың қатарына кіретін шаһарды абаттандыру жұмыстарында қолтаңбамыздың қалатындығын біздер мақтан тұтамыз, – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС өндірістік бөлім меңгерушісі Мұхамеджан Әбдіұлы.
Мекеме бүгінгі таңда қайта жаңғыртылып, «Жастар» саябағы атауына ие болған бұрынғы Атшабар кешенін абаттандыруда. Мұнда шырша және ағаштардың сан түрін отырғызуда. Ал сәуірдің орта тұсында саябаққа гүлдер егіледі деп жоспарланған. Наурыздың 21-інде саябақтың салтанатты ашылуы болады.

«Жасұлан-Флора» жабылған жоқ

«Жасұлан-Флора» ЖШС – өндірістік негізде өсімдік шаруашылығымен, яғни гүл өсірумен айналысатын еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі. Компания қалалық алаңдар мен көшелерді әлемдік технологияға сай безендіруде жетекші сектор. Осы мақсатта Байзақ ауданында 47 га орналасқан «Жетібай» агрокешені ашылған. Мұнда тапсырыс деңгейіне байланысты гүл және сәндік бұталардың, гүлзарлардың шамамен 10 млн данасы өсіріледі. Мекемеге қарасты «Қысқы бақ» ұзақ уақыттан бері қала тұрғындары мен қонақтарының келуіне сүйікті орынға айналған еді. Бірақ бүгінгі таңда бұл жылыжай жалға беріліпті. Ал 2011 жылы мұнда жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайтын, озық технологиямен жабдықталған үлкен «Қытай жылыжайы» салынған.

«Жасұлан-Флора» Голландия, Германия, Чехия және Ресей сияқты елдердің компанияларымен тығыз жұмыс істейді. Компания көгалдандыру жөніндегі жұмыстармен Тараз қаласын ғана емес, сонымен қатар еліміздің көптеген қалаларын, атап айтсақ, Астана, Павлодар, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы қалаларын да қамтамасыз етеді екен. Өнеркәсіп кешенінде өз техникалары бар, олар: бульдозер, экскаватор, «Беларусь» тракторы, еліміздің барлық аудандарына гүлді тасымалдау үшін көп функционалды авторефрижераторлар қолданылады. Аталмыш кәсіп түрін ашқан серіктестік директоры Жұмакүл Омароваға мұндай идея шет мемлекеттерде жүрген кезінде туған екен. Содан 2007 жылы бұл бизнесті қолға алып, аясын кеңейткен. Қазір кәсіпорында Голландия мен Германиядан алдырылған гүл тұқымдары өсіріліп жатыр. Және бұл гүлдермен серіктестік қаланың негізгі бөлігін көріктендіруде. Ал ел арасында компанияның жабылып қалғандығы туралы әңгіменің барысын мекеме басшылары былай түсіндірді:

– Бүгінде жалпы саны 10 миллионға жуық гүл өсіріліп жатыр. Олар бірмаусымдық және көпмаусымдық болып бөлінеді. Қазір тендер бойынша осы гүлдермен Тараз қаласымен қоса, өзге өңірлердің де гүлзарлары мен саябақтарын көріктендірудеміз. Әрине, ел көлемінде бәсекелестік орта көп болғандықтан, гүлдерімізді қолжетімді әрі сапалы қылуға тырысып жатырмыз. Бірақ осы жылы «Қысқы бақты» жалға беріп, «Жасұлан» дәріханалары толығымен сатылды. Бірақ «Флора» өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Науқан кезінде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын мекеме өз кәсібін кішігірім нысанды жалға алумен жалғастыруда. Бірақ Жетібайдағы жылыжайдың жұмысы жүйелі. Біздер тек Тараз қаласы емес, республиканың 8-ден астам қаласымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Сондықтан тіпті кейде мамандардың тапшылығымен де бетпе-бет келеміз, – дейді «Жасұлан-Флора» ЖШС директорының орынбасары, кәсіпкер Римма Анабекова.

Иә, маманның сөзін орынсыз дей алмаспыз. Өйткені елімізде бұл саладағы мамандар тапшы екені айтпаса да белгілі. Десе де, «Жасұлан-Флора» мамандарын шетелге оқуға жіберуді бүгінде күн тәртібіне шығарып, жылына 1-2 адамнан жібереді екен. Осы қырынан қарағанда, гүл зауытында мамандар мәселесі бірер жылда өз шешімін тауып қалатын секілді. Мүмкін сол кезде Жамбыл облысының гүлдері шет мемлекеттердің де гүлзарларында жайқалып тұратын күн туар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.