Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір кем дүние – 2

0 376

ҚАМҚА – ҚҰНДЫЗДЫҢ ҚЫЗЫ

Келіні Мінтай (Мүнира) обалы не керек, мүгедек енесін туған баласындай күтеді.
Құдай Мінтайға бала бермеді. Күйеуі Мұсаны «халық жауларына» қосақтап, 1937 жылы Сібірге айдап жіберген.
Соғыс заманы келді. Аяқ-қолы семіп, қаңқасы ғана қалған Қамқа кемпірді Мінтай күншуаққа көтеріп шығарып, үйдің іргесіне орындық қойып, соған отырғызып, жансыз аяқтарын көрпеге орап, жалғыз қалдырып, өзі колхоздың жұмысына, қызылша тазалауға кетеді.
Құдай Мінтайға бала бермеді. Бірақ Қамқа енесі бала орнына бала болғандай, құндақтаулы нәрестеден де әлжуаз еді.
Бірақ соны күншуаққа шығарып, жалғыз тастап кетеді. Кетпеске амал жоқ. Тасбет бригадир «халық жауының қатыны» деп қамшының астына алады.
Қамқаның егде тартып қалған баласы Мұсаны «халық жауларының» қатарына қосып, каторгаға айдап жіберді.
«Халық жаулары» – біздің әкеміз Мұртаза, Мелдехан, Пешен, Әліпбай, Байжұман деген кісілер еді.
Қамқа өз баласы Мұсаны не үшін каторгаға айдап жібергеніне түсінбейді.
– «Халық жауы» дейді ғой, – дейді келіні Мінтай.
– Қай халықтың жауы? – деп қайта сұрайды енесі Қамқа.
– Білмеймін, – дейді келіні Мінтай. Бұл ауылда ешкімге тиіскен жоқ, ешкімді ұрған жоқ. Қайдағы жау?
Терең сайдың батыс жақ беткейінде – біздің үй. Сайдағы қайнар бұлақтан су алғалы келе жатқан Құрмашты көріп қалған Қамқа әлсіз ыңырсып: «Құр-маш», – деп айқайлаған болады.
Жеті жасар Құрмаш сайдың бергі бетіндегі Қамқаға барады. Содан әлгі мешел кемпірдің сиреп қалған аппақ қудай шашын сипалап, битін қараған болады. Соның өзіне-ақ рахаттанған Қамқа қалғып, мүлгіп ұйықтап кетеді.
Қамқа бойжетіп қалған екен дейді. Бердімбет сайы суға толып, асау өзенге айналған екен дейді. Өзеннің арғы беті, бергі беті ну орман, сықсыған сәмбітал, мәжнүнтал. Қалың қамыс арасы – ары-бері парылдап ұшқан қызыл-жасыл қанатты қырғауылдар.
Өзенді бойлаған жалғыз аяқ жол. Сол жолмен құн- дыздар қаздай тізіліп, Қамқа қызды ұзатып, сыңсып, ән салып бара жатады.
Бұл қыз ұзату көшіне өзендегі Камшат сусар, жанат, шамшат біткен бастарын судан шығарып, қош-қош айтысып қалғандай. Тіпті көк қасқа бақаларға дейін бар даусымен бақылдап, қошемет көрсетіп жатыр.
Қамқаны ұзату көші… Таңғажайып салтанат. Құндыздардың кәрісі бар, жасы бар – бәрі сыңсып, қоштасу әніне салғанда Тәңіртау өзі мүлгіп, мұз қатқан кеудесі елжіреп, еріп бара жатқандай.
Көк аспандағы тырналар да құндыздарға ұқсап, тізіліп, Қамқаның ұзатылу көшіне тілекшідей тыраулайды.
Су түбінен басы адам, құйрығы балық – су перілері таңғалып, құндыздардың қыз ұзату салтанатына қызыға қарап қалған.
Енді бір сәтте улап-шулап, шығарып салып келе жатқан құндыздар да жоқ; арқырап асып-тасып алқынған өзен де жоқ.
Қамқа жалғыз қалыпты. Қолында құндақтаулы нәресте. Пердесін ашып қараса! – Ой, сұмдық-ай: өз баласы – Мұса! Айдалып, «халық жауы» болып кеткен Мұса! Сақал-шашы өскен, көкірегі сыр-сыр еткен көксау…
Сол-сол екен, Қамқа оянып кетіп, Құрмашқа қарап:
– О, тоба! – деді. – Жаратқан Ием, құлдық! Құлдық!
– Апа, не болды? – дейді Құрмаш.
– Мені Мұса шақырады…
Менің талқаным таусылған шығар.
– Қойшы, апа, қорқамын, – дейді Құрмаш.
Мүгедек, мешел, жетім кемпір «халық жауы» болған Мұсамен осылай кездескен. Тек түсінде.
Бір кем дүние.

СМАҒҰЛДЫҢ МЫСАЛЫ

Смағұл Садуақасов былай деп жазады:
– Мысал үшін мынандай бір сөз айтайын: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды. (Қ.Ә. 12.05.89.).
Осы психология қазақта әлі күнге дейін бар емес пе? Ғасырлар бойында отарлық күн кешкен қазақтың «кеудесі тік көтеріліп, алшаң басып жүре ала ма?»
Ай, білмеймін. Батпандап кірген кесел, мысқалдап шығушы еді-ау.
Бір кем дүние.

АЗ ХАЛЫҚ – ТІЛСІЗ БАЛЫҚ

Отарлаушылар озбыр келеді. Бұдан бес жүз жыл бұрын Американы Еуропадан барып басып алған алпауыттар ежелгі «қызыл терілі» жергілікті халықты қырып салды.
Мысалы, колонизаторлар Аnnazzu тайпасының ер азаматын өлтіріп, бас терісін (скальп) сыпырып алған жауызға 100 доллар, әйелін өлтіргенге 50 доллар, баласын өлтіргенге 25 доллар сыйақы төледі. Дәлел үшін құрбан болғандардың бас терісін (скальп) сыпырып алып отырған.
Сөйткен Америкада енді ежелгі индеецтердің тамтығы ғана қалды.
Ал кешегі СССР деген империяда ше? Патша заманынан бастап, күні кешеге дейін әсіресе азиялықтар, әсіресе Сібірді, Қиыр Шығысты мекендеген эвендер, явенкілер, нанайлар, чукчалар, удэгейлер, нганасандар, айндар, хақастар, тывар т.б. орыс басқыншылығынан көп зардап шекті. Азая-азая ұлттық, тайпалық болмысынан айырылды. Тіл сорлады…
Бір заманда қазақтар да солардың қосағында кете жаздады. Көп-көп құрбандықтың арқасында аман қалды.
Өз алдына ел болдық, егемен болдық дегеннің өзінде, қазіргі Ресей президенті Путиннің айтуына қарағанда:
– «Орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолдау – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Бұл Қазақстан үшін тіпті өзекті. Қазақстанда халықтың 85 пайызы орыс тілінде сөйлейді» (Путин).
Сөйте-сөйте Путин бір кездегі Сталин, Хрущев зорақылығынан да асып түспекші. Сөйтіп қазақ тілінің қауқарын чукча тіліне теңеп қоймақшы. Және бұл саясатты Қазақстан басшылығы қолдап отыр деп қояды Путин. («Түркістан», 23 қазан 2007 ж.).
Путиннің бұл қылығы Қазақстанда бұрыннан тілі қышып, анда-санда бой көрсетіп, қоқаңдап жүрген Бухаков сияқтылардың делебесін қоздырып кеткен сыңайлы. Енді олар: «Қазақстанда орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын! – деп зіркілдей бастады.
Ал біздің атқа мінгендер үндемейді. «Молчание – знак согласия» деген бар.
Алла жар болсын!
Нұрлы жүрек көп болсын!
Әйтпесе бір кем дүние.

Жалғасы келесі сандарда

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.