Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір кем дүние – 2

0 375

Кенет салтанатты көштің алдынан ызғарлы леп соғып, ақ буалдыр тұман пайда бола кетеді.
Ақ тұман арасынан кілең қара киінген әлдекімдер көрінеді.
Олар сән-салтанаттың шырқын бұзып, қалыңдықтың басындағы сәукелесін жұлып алып, өзін дедектетіп жетектеп ала жөнеледі.
Азан-қазан, у-шу болған құндыздардың алдын бөгеп, мазақ қылғандай сақ-сақ күліп, «қайтыңдар, кері қайтыңдар!» деп айырады.

***

Кенет Қамқа кемпір шошып оянғандай болып, Құрмашқа:
– Апыр-ай, Құрмантай, мен сірә, көп кешікпей кететін шығармын, – деді түсі қашып, дір-дір етіп.
– Қайда? Қайда? – деді Құрмаш түк түсінбей.
– Алысқа, қайтып келмейтін жаққа. Құрмантай, сен бақытты бол!

***

КӨШІМ ХАН

Шыққан тегі:
Шыңғыс хан
Жошы хан
Шейбани хан
Баһадур хан
Жошы Бұқа
Бадақұл
Мың Темірхан
Бекқонды оғлан
Али оғлан
Хажы Мұхамедхан
Махмудек хан
Мұртаза хан
Көшім хан
1569 – 1598 ж.ж.
Әли Есім Шуақ
Осы үш ұлдан ары қарай, біраз немерелері, тағдыр екен, шөбере-шөпшектері орыстанып, христиан дінін қабылдап, шоқынып кеткен.
Көшім Сібір хандығын билеп, әлеуетті мемлекет құрып, тәп-тәуір дәуірді басынан кешіп жатқанда, аты шулы Ермак деген атаман шығып, орыс билеушілерінің оң батасын алып, Көшім хандығына қарсы басқыншылық зорақылық жасап, ақыры Ертістің бір саласы – Бағай өзеніне батып өледі. Сондай басқыншы Ермакқа патша талай жерден ескерткіш қойды.
Тіпті 1966 жылы Қазақстанда, Павлодар облысында, айдың-күннің аманында Ермак қаласында оған ескерткіш орнатылып, алғыс айтылды.
Санасы ояна бастаған қазақ жастары мен қалың жұртшылық ол ескерткішті жойып жіберіп, қаланың атын Ақсу деп өзгертті.
Бұл жағдай осылай.
Ал, Көшім ханда қандай ілтипат бар?
Мың болғыр, Мұрат Әбдіров деген азамат Көшім хан туралы «Таныс та бейтаныс хан Көшім» атты әп-әдемі кітап жазып, көзімді ашты.
Бұйырса, Астана туралы энциклопедия шықпақ. Астанадағы бір көшенің атын Көшімхан деп атау туралы ономастика отырысында ұсыныс айттым. Әруағы риза болсын.
Бір кем дүние.

САРДАР САЙЛАУБЕК

Әдебиет әлемінде таразы басын тең ұстаған әділ сыншы кемде-кем. Солардың бірегейі ойда жоқта, оқыста бұл жалған дүниеден өте шықты. Жарқ етіп жанды да, найзағайдай тез сөнді.
Сардар Сайлаубек! Жаның жәннатта болғай. Алла алдыңнан жарылқасын. Ботаң – Санжарбегің екеуіңнің жұлдызың ғарышта мәңгі жарқырасын!
Сендерге осы бір ауыз сөзден басқа не бұйырады?
Бір кем дүние.

КІТАП ҚАСИЕТІ

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.
Адамды аздыратын жаманшылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды.
Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.
Бір кем дүние.

БАҒЫНДЫРҒЫШТАР

Теледидар ұялмастан оттап тұр. «Альпинистер Хан Тәңірдің бір шыңын бағындырды» дейді.
Хан Тәңір жау емес бағындыратын. «Бағындыру» деген – етістік басқыншы, зорақы отаршылдардың кекірік сөзі. Петр Бірінші заманынан Иван Грозный заманынан бері келе жатқан жаман сөз. Иван Грозный дәуірінде Ермак деген қаңғыбас қарақшы байларға жалданып, «Тас белдіктің» ар жағында не бар екен деп, Орал таудан өтіп, жүздеген қайықпен, кемемен бір Сібір патшалығына басып кіріп, Көшім хан патшалығын күшпен жаулап алды.
Қандыбалақ қарақшы Ермак Ертістің бір саласы Бағай өзеніне батып өлді. Патша, соңынан Сібірді жаулап, бағындырды.
Тіпті патшадан соң Совет дәуірінде «Тыңды бағындырушылар» шықты. Хрущев мақтанды: «Патшалар жүздеген жылдар бойы істей алмағанды мен бір-ақ жылда істедім», – деп.
«Бағындыру» – оңбаған, жексұрын сөз. «Хан Тәңірді бағындырдық» деп қақсайды теле-тентек.
Не деген надандық!?
Бір кем дүние.

Жалғасы келесі сандарда

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.