ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін баса айтты. Мемлекет басшысы БАҚ-тың төртінші билік екеніне ерекше екпін беріп, сала мамандарын қолдау қажеттігін ескертті. Бұл, әрине, журналистер қауымының жұмысын жігерлендіріп, қаламдарына қуат бере түскені анық. Осы орайда тіршілігін тілшілігінен тапқан әріптестеріміз жаңа заңдық өзгерістерден не күтеді? «Халық сөзіне», журналистер үніне құлақ түрсек…
«Қаламгерге қаламақы қайтарылса…»
Бақытжан Советұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі:
– Мемлекет басшысының Жолдауында алғаш рет БАҚ өкілдеріне айрықша көңіл бөлінді. Шерағаң айтпақшы, «Журналистердің арқалаға- ны – алтын, жегені – жантақ» демекші, әріптес- теріміздің араласпайтын саласы жоқ. Әркез Үкімет пен халықтың арасында алтын көпір болып келеді. Осы орайда «Журна- листердің еңбегі дұрыс бағаланып жүр ме?» деген орынды сұрақ туады. Мәселен, Кеңес үкіметінен бергі газет-журналдарға мақаласы шыққан автор қаламақы алатын. Әрине, олардың ішінде журналист те, ақын-жазушылар да, шығармашылық адамдары да бар болатын. Өкінішке қарай, осы үрдіс бүгінде ұмытылып кетті. Шығармашылық адам кітап жазып, өзінің шығармашылығын дамыту барысында қаламақы алмаса, қалай күн көреді? Міне, осы жағын ойлану керек. Кезінде Шерағаң осы тақырыпты көтеріп еді, бүгінде облыстан сайланған Парламент депутаты Мейрамбек Төлепберген айтып жүр. Заң жобасы қабылданғанда осы мәселе қаралып, шешімін тапса деймін. Рухани байлығымыз жұтап, әкімдік пен кәсіпкерлерге қол жаймау үшін шығармашылық адамдарына қаламақы төленуі керек. Кезінде Мемлекет тапсырысымен шыққан кітаптарға сұраныс жоғары болса, бір көліктің құны төленетін. Егер қаламақы мәселесі шешілсе, сырттан, өзге өңірлерден де авторлар тартуға жол ашылар еді. Сондықтан БАҚ туралы заң қайта қаралған кезде шығармашылық адамдарының қаламақысы қайта қайтарылады деп сенемін. Бұл – менің ғана емес, барлық қаламгерлердің тілегі.
«Билік мемлекеттік ақпарат құралдарына еркіндік беруі тиіс»
Оралхан Дәуіт,
облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы:
– Президент өз Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту туралы кеңінен айтты. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек деген мәселе бұған дейін де талай мәрте айтылған. Бірақ Жолдау жолдарында тұңғыш рет айтылып, ақпарат саласына алғаш рет айрықша мән беріліп отыр ғой деймін. Осының өзі биліктің бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екенін мойындағаны деп ойлаймын. Бір нәрсені мойындау керек, біздің қоғамда сөз бостандығына пәлендей шектеу, қысым жоқ. Әрине, кейбір басшылар, шенеуніктер жекелей журналистерге әлдебір жолдармен ескерту, қысым жасап, билігін, қолының ұзындығын көрсетуі мүмкін. Бірақ қазір өз ойын айтамын деген жандарға ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде жол ашық. Қаншама белсенділер оқиғаның орнынан, кемшіліктің басынан тікелей эфирге шығып, ақпарат таратып жатыр. Қазіргі технология дамыған заманда билік оларға шектеу қоя да алмайды. Ендігі мәселе сол журналистердің өзіне кеп тіреліп тұрған сияқты. Олар шын ақпарат таратып отыр ма? Жоқ, әлде қоғамдық пікір туғызу үшін ақты қара, қараны ақ деп, тырнақ астынан кір іздеп жатыр ма? Міне, журналистерге жүктелер міндет өте зор. Сондықтан Президент БАҚ туралы арнайы сөз қозғады деп ойлаймын. Бұл жерде мен блогерлер туралы айтып отырғаным жоқ. Халық өзі кім журналист, кім блогер екенін айырып алады. Кім жазса да, кім айтса да, тек ақиқатына жүгінуі қажет. БАҚ-тың еркін болғаны дұрыс.
Бірақ ақпарат құралдарының проблемасы бұл ғана емес. Қазір жұрт теледидар көрмейтін, газет оқымайтын болып барады. Әсіресе, жас буын. Сондықтан газет пен телеарнаның болашағы не болады? Осы қалыппен кете берсек, алдағы жылдарда газет те, телеарна да жабылуы мүмкін. Бұл орайда БАҚ бәсекелестікке дайын болуы керек. Әрине, мемлекеттік БАҚ заманға сай талпынып жұмыс істеуде. Бірақ халықтың сұранысы осы екен деп түрлі шоуларға, әлем-жәлем ақпараттарға бара ала ма? Билік оған мүмкіндік бере ме? Міне, осы жағын да ойлау керек шығар. Биліктің өзі мемлекеттік ақпарат құралдарына еркіндік беруі тиіс. Әрине, оқырман мен көрерменнің жүрегін жаулаудың жолы көп. Бірақ қазіргі оқырман «әкім анда барды», «мұнда барды», «пәленшемен кездесті», «мынандай жиналыстар өткізді» деген ақпараттарға қарамайды. Қызықпайды. Ал олар қызығатын ақпараттар билікке ұнамауы мүмкін. Бұл жерде мен мемлекеттік БАҚ туралы айтып тұрмын. Сондықтан бұл саланың мәселесі әлі шаш-етектен. Алдағы уақытта бірлесіп, түсіністікпен шешіледі деген ойдамын.
«Журналистердің құқығы қорғалса…»
Айжан Әуелбекова,
«Знамя труда» газетінің ақпарат бөлімінің аға тілшісі:
– Жолдауда БАҚ туралы заңға қай тұстан өзгерістер енгізілетіндігі толыққанды айтылмады. Мемлекет басшысы ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлетіндігі, БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керектігіне басымдық берді. Бұл тұста заңның қай бағытқа өзгеретіндігі маңызды. «Қабылданатын заң бізді қорғай алады ма?» деген заңды сұрақ туады. Себебі дәл қазіргі қолданыстағы заң журналистердің құқығын қорғамайды. Сондай-ақ жаңашылдық біздерге сөз бостандығын алып келеді ме, жоқ әлде ойымызды ашық жеткізуді, айтуды шектейді ме? Біз де мұны толық білмейміз. Бүгінгі қолданыстағы заң аясында журналистердің құқығы қорғалмайтындығын айттым, сондай-ақ кімге, қалай ыңғайлы, солар өздеріне заңды бұрып алады. Менің ұсынысым – әлеуметтік желіні қадағаға алса… Адамдар онда ауыздарына келгенін айтып, бірін-бірі балағаттап, мәдениет нормасын сақтамайды. Буллингтің өзі осы тұстан шығады. Сол үшін мұның алдын алу керек. Ал блогерлер мен жергілікті БАҚ-қа келер болсақ, әрқайсысының бағыты әртүрлі. Бірі билікті қолдайды, қорғайды, ойын ашық айтады, жазады. Ал кейбірі, керісінше, ел арасында хайп жинау үшін түрлі қулыққа, арзан қадамдарға барып, ел арасына іріткі салады. Міне, алдымызда қабылданайын деп жатқан заң осының бәрін реттесе нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта айтсақ, интернет кеңістікте де, газет-журналдар да ақпараттың шынайылығына мән беріліп, заңмен бекітілсе деймін.
Дайындаған Арайлым ШАБДЕНОВА