Қалалық қоғамдық-саяси газет

От пен оқтың ортасынан оралғандар

0 287

Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған Ауған соғысы Кеңес Одағына абырой да, даңқ та әпермегені белгілі. Саяси болжамдардың құрбаны болған ауған халқына да, басқыншылық әрекетті он жылға тарта уақыт бойы шімірікпестен жүргізген Кеңес Одағы халқына да бұл соғыс қасірет пен қаскөйліктің үлгісі ретінде жүректерге өшпес жара салды.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Ю.Ким

Сұрапыл соғыстың аяқталып, Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына биыл отыз жылдың жүзі болды. Осыған орай аймақтық көрме залында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Жамбыл облысы бойынша «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі бірігіп көрме ұйымдастырды. Көрмеде ауған соғысы жылдарындағы естелік фотосуреттер, соғыс жылдарына арналған кітаптар және сол жылдары әскерлердің қолданған құрал-саймандары мен әскери формалары қойылған. Көрмеге келгендердің қатарында мектеп оқушылары және қала тұрғындары, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгер-интернационалистердің отбасы мүшелері мен Ауған соғысының ардагерлері болды. Көрме ашылмай тұрып сөз алған Жамбыл облысы бойынша «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Әбдіғапар Қазиев күні кеше қаза тапқан қазақтың қара майоры, Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, Қазақстан Қарулы Күштерінің аңыз адамы, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың ерлігін тілге тиек етіп, 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Ол қасірет қалайша ұмтылар? Өрімдей бозбалаларды таулары түнеріп, аңызақ желі күні-түні ұйтқып тұратын айдалаға апарып тастады. Тұтқиылдан, төбеден жауған снаряд оқтары, жарылыстар, бөлшектеніп қалған достарыңның денелері… Басында тек шекараны күзетеміз деген бозбалалар соғыс жүріп жатқан аймаққа түсеміз деп еш ойламады. Жеркепеде жатып, түрлі тапсырмалар мен ұрыс операцияларына қатысып, қарсыластарды шекарадан бері асырмау бұйрығын бұлжытпай орындау міндеті қойылды. Жат жерде сарбаздар түрлі дерттерге, жұқпалы ауруларға да шалдықты. Денеге түскен шағын сызат бірден іріңдеп кететін. Сарбаздар аптап ыстықтың азабын тартты. Шөл даланың аңызақ желі мен құм аралас шаң-тозаңның да денсаулыққа тигізген зияны көп. Суының сапасының төмендігінен іш құрылысына зақым келгендер де жетерлік. Он жылға созылған соғыс талай қазақтың шаңырағын шайқалтты. Әскер қатарына алынған бозбалалар тек Отан алдындағы борышын өтеудің маңызына ғана бойлады. Бұл күндерді ешкім, ешқашан ұмытпайды. От пен оқтың ортасынан аман келген ардагерлер ортамыздан кетуде. Өткенін ұмытпай, болашаққа жеткізу біздердің міндетіміз, – деді Әбдіғапар Райымжанұлы.


Көрменің ашылуына ұйытқы болған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Ерлан Жабықбаев: «Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – солақай саясаттың құрбаны болған жастар жайлы мағлұмат беру. Жат жердегі соғыстың тарихи маңызын анықтау. Отан алдындағы парыз, туған жер үшін өз-өзін құрбан ету сияқты қасиетті борыштың не екенін кейінгі толқынға үлгі ету. Тарихын білмеген ұлттың, болашағы бұлыңғыр» – деді.
Жалпы Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме бір ай бойына жұмыс жасайды. Келушілер сұрапыл соғыста қаза тапқан боздақтарға тағзым етіп, оттан оралған сарбаздардың естеліктерін көзбен көре алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.