Белгілі заңгер, адвокат, Қаңтар оқиғасының мән-жайын анықтау үшін құрылған Аманат комиссиясының төрағасы Абзал Құспан Ulysmedia.kz порталына сұхбат берді. Заңгер қоғамда көптің көкейінде жүрген мәселелер жөнінде ойын ашық айтты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Adyrna.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚАЗАҚТАР АШУЛЫ ЕКЕНІН ЕСКЕРТКЕНБІЗ…
«Тергеу изоляторларына барып жүрміз. Сонда отырғандардың 99,9 пайызға жуығы – қазақтар десем қателеспеймін. Жалпы мәселе неліктен туындады? Мен сізге осыдан 2-3 жыл бұрын менен алынған сұхбаттарды көрсете аламын. Сол кезде де, одан бұрын да айтып келе жаттым. Қазақстанда ең наразы топ – қазақтар, оның ішінде қазақ тілді қазақтар. Қазақстан екі полярлы қоғамға айналды. Қазақ тілді және орыс тілді ел болдық. Оны жасырғаннан не пайда? Соның ішінде қазақ тілді ортаның ашуы, наразылығы үдеп бара жатқанын неше мәрте айттық», – дейді заңгер.
Абзал Құспан осы себепті Қаңтар оқиғасына тек экономикалық ахуал түрткі болмағанын айтады.
«Орыс тілді блогерлер, орыс тілді журналистер алаңда болған жоқ. Болса да олардың сөзі өтпес еді. Қазақ тілді орта алаңға шыққан кезде ешкімді орыс тілінде сөйлетпейді де. Бірақ қазір бәрі сарапшы болып алған. Проблеманың бәрін қымбатшылыққа әкеп тірегісі келеді. Жоқ! Ол жерде көп мәселе бар. Жұмыссыздық, ауылдан қалаға көшіп келген азаматтардың баспанасыз жүруі… Осының бәрі жиналып келіп, халықтың ашу-ызасын туғызды», – дейді ол.
ТҰРҒЫМБАЕВ ОТСТАВКАҒА КЕТУІ КЕРЕК!
Заңгердің айтуына қарағанда, азаптаулардың болғанына халық бұл күнде еш күмәнданбайды.
«Бір адам, екі адам жала жабуы, үшінші адам шатасуы мүмкін. Бірақ жаппай өтіріктің айтылуы мүмкін емес қой. Бәрі көрсетіліп жатыр. Сол себепті мен, әрине, петицияны қолдаймын. Қолдаушылар жағындамын. Сол саланың тікелей жауапты тұлғасы өзіне сеніп тапсырылған саланы тәртіпке сала алмай жатыр. Кім жауап береді? Әрине, сол кісі (ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев) тікелей жауап беруі керек. Халықтың талабы орынды деп есептеймін», – деп атап өтті адвокат.
МӘСІМОВ ӨМІР БОЙЫ ТҮРМЕДЕ ОТЫРУЫ МҮМКІН
Ulysmedia.kz тарапынан Ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Кәрім Мәсімов жайлы не ойлайтыны да сұралды заңгерден. Абзал Құспан жеке пікірін білдіре отырып, Мәсімовтың қазіргі уақытта аса ауыр айыптау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті. Адвокаттың айтуынша, қаңтар дүрбелеңі басталған кезде облыстардағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кей департаменттері жұмыс істемей қойғаны, қызмет орындарынан тастап кеткені, оның жоғары жақтан келген тапсырма болғаны – қазірдің өзінде белгілі болып отыр.
«Ішкі істері органдары болсын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті болсын – мынадай ереже бар: біріншіден онда сөзсіз, билік иерархиясы қатты сақталады. Жоғарыдан келген тапсырманы, бұйрықты орындауға міндеттісіз. Ол бұйрық талқыланбайды, орындалады деген ереже бар. Бірақ егер бұйрық көрінеу заңсыз болса, онда бұйрыққа емес, заңға бағынасың деген норма бар. Бұл – өте қатаң сақтауды қажет ететін, өте бір күрделі ереже. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмір бақи олар курсант кезінен бастап бұйрыққа бағынуды үйренеді. 20 жыл бойы бұйрыққа бағынып келеді. Ал бір осындайда басшылары ешқайда шықпаңдар, араласпаңдар деген секілді бұйрық берсе, олар қиын жағдайда қалады», – дейді Абзал Құспан.
Заңгер сұхбат барысында бұл ақпаратты Аманат комиссиясының басшысы емес, жеке пікірі ретінде айтып отырғанын ескертті. Сөзінше, Жамбыл облысында ҰҚК департаментінің басшысы Ермеков деген азамат заңсыз бұйрыққа бағынбай, ҰҚК ғимаратын сақтап қалған.
«Ал көптеген жерде, мысалы Алматыдағы ҰҚК басшысы ғимаратты тастап кеткені, ол жерде көптеген құнды құжаттың жоғалып кеткені туралы ақпарат шығып жатыр. Бұл масқара жағдай. Оған кінәлі кім? Сол саланың тікелей басшысы Кәрім Мәсімов. Ол екі орынбасарымен бірге қамауға алынды. Сондықтан, менің ойымша, ол кісілерге қатысты қылмыс толығымен дәлелін тауып, тиісті жазасын алады деп есептеймін. Өмірлік бас бостандығынан айырылса да, мен таңғалмаймын», – деп атап өтті Абзал Құспан.
БЕКТАНОВТЫҢ ҚАМАЛУЫНДА ҮЛКЕН ГӘП БАР
Заңгер сонымен бірге ұсталған бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов туралы да ойын айтты.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, ішкі істер органдары да, жалпы әскерилер деген ұғымға кіреді. Бәрінің погондары бар. Ал тиісті міндетін атқармай ма, демек оларға артылатын тиісті жауапкершілік бар. Менің қолымда ол кісінің іс-қимылына байланысы еш мәлімет жоқ. Елмен бірге естідік», – дейді ол.
Абзал Құспан экс-министрдің бір жарым айдан кейін ғана қамауға алынуына назар аударды.
«Яғни ол кісінің мәселесі жан-жақта зерттеліп, тексеріліп барып әрекет жасалды деп өз басым ойлаймын. Егер оны бірден қамап тастаса, бұл күмәнді болар ма еді… Бірақ бір жарым айдан кейін қамауға алынуында үлкен гәп бар. Әйтеуір оның қандай да бір қылмыстық әрекеті дәлелін тапқан болуы мүмкін. Білмеймін, менде ақпарат жоқ», – деді ол.
Ал «Бектановты қорғауға келісер ме едіңіз?» деген сұраққа Абзал Құспан келіспейтінін мәлімдеді.
ДИКИЙ АРМАН ЖАЙЛЫ БАТЫЛ ПІКІР АЙТҚЫШТАР КӨБЕЙДІ
«Қазір сарапшы, батыл пікір айтатын адам көп. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін айтқыштай көбейді. Бір нәрсені айтайын: тура өздеріңіз 2021 жылы 9 қарашада «Қолдан жасалған қаһарман ба?» деген мақала жаздыңыздар (Қолдан жасалған қаһарман ба? Полиция «Дикий Арман» туралы ақпарат беруден бас тартты) Сол кезде ол жайлы айтқан екі-үш сарапшының ішінде мен де бармын. Сол кезде мен ашық айтқанмын. Бұл – белгілі бір органның қолдан жасаған қуыршағы дегендей ой білдіргенмін. Сол ойда қалам. Ол кезде кешірерсіз, Дикий Арман күшінде жүрген азамат еді», – дейді заңгер.
Абзал Құспан құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының керімен, қазір көппен бірге тепкілесіп Арман Жұмагелдиев жайлы бір пікір айтқысы келмейтінін жеткізді.
«Ол «биікте» жүрген кездегі айтқан пікірімді келтіріп отырғаным сол. Оны қолдан жасады. Ол ешқандай «вор в законе» емес еді. Адвокат болғаннан кейін біз де азды-кемді білеміз оны. Қылмыс әлемінің оған қатысты шығарған үкімін де білеміз, былайша айтқанда. Оның бәрін кім жасады?
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары жасады. Ол не үшін Алматыға ұшып келді? Белгілі бір процестерге араласу үшін! Арнайы тапсырмамен!
Сол себепті Ұлыс медиа порталының 2021 жылдың 9 қарашасында жазылған мақаласы уақытында, дер кезінде көтерілген деп есептеймін», – дейді Абзал Құспан.