Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жау айтып келмейді

0 327

Күні кеше Астана, Қызылорда қалаларында орын алған қаралы хабар дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Қара жамылған отбасына күллі халықтың қабырғасы қайысып, көңіл айтты. Өрт – тілсіз жау, апат та айтып келмейді. Кешіксең, кешірмейді. Сәл тосылсаң, ол тажал әп-сәтте-ақ айналасын жалмап тынары анық. Бірақ сол өрттің алдын алу, болдырмау тек жауапты сала мамандарының жұмысы ғана емес…

Арайлым Шабденова

Халықтың қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу, балық аулау кезіндегі төтенше жағдайларды болдырмау және адам өліміне жол бермеу бойынша төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыс қылаң бере ескертіп, үй-үйді аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Біздер есік алдына келген мамандардың бір сөзін ұқсақ, енді бірін құлаққа қыстырмайтынымыз жасырын емес. Тіпті сақтық шаралары мен өрттің алдын алу, болдырмау туралы жазылған жаднама қағаздарын оқымақ түгілі, мән де бермейміз. Ал оқыс оқиға орын ала қалса, мамандардың жағасынан алып, кінәліні іздеуге асығамыз. Мәселен, жыл басынан бері, яғни 2019 жылдың 1 айында улану бойынша 5 факті тіркеліпті. Тіпті апта басында Бесағаш ауылында бір отбасы уланып қалған. Оның 6-ы балалар. Әйтеуір, әбиір болғанда мамандар дер кезінде көмекке келіп, 8-адамның жанын аман алып қалған. Жалпы сала мамандарының айтуынша, мұндай жайттар қыс мезгілінде тұрғындардың басым көпшілігі жылыту пештері мен жүйелерін қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамауы салдарынан орын алады екен.
–Жылыту маусымы басталысымен, департамент тарапынан алдын алу шаралары жүргізілді. Тұрғын үйлерді аралап және облыстағы білім беру мекемелерінде жиындар өткізіп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Десе де 2018 жылдың 12 айында жеке тұрғын үй секторларында газбен уланудың 22 оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 44 адам уланып, оның 9-ы қаза тапты. Олардың ішінде 11-і бала болса, оның 1-уі қайтыс болды. Тексеру қорытындысы бойынша, барлық деректер тұрғындардың жылыту құрылғыларына немқұрайлы қарау салдарынан болғаны белгілі болды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабиров.
Жоғарыда айтқандай биылғы жылы орын алған 5 оқиғаның салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапқан. Ал 2 ақпан күні Тараз қаласында жеке тұрғын үйде газбен улану фактісі орын алып, онда 1 адам қаза тапса, 2-уі ауруханаға жеткізілген.
Ия, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өрт оқиғасы өте көп. Өрт сөндіру мекемелері мен төтеншеліктер қарап қалып жатқан жоқ. Арнайы құрылған жасақ та аянбай-ақ күресіп жатыр. Қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары құзырлы мекемелер тарапынан үздіксіз жүргізіліп те, бұқаралық ақпарат құралдарынан айтылып та жатыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Адамдардың өздері өз өмірлеріне салғырт қарамауы тиіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.