Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағаны негізсіз көтергендердің басынан ешкім сипамайды

0 215

Жамбыл облысында бірер жылдың бедерінде қызылша егу шаруашылығы қолға алынып, қант өндірісі жолға қойылған. Бірақ өткен жылы тәтті түбір төңірегінде түйткіл туындап, Меркі қант зауытынан 177 шаруа 1 миллиард теңгеден астам қарызын ала алмай жүргенін айтып, шырыл қаққан. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың араласуымен бұл мәселе біржақты шешілген. Енді биыл Тараз қант зауытының басы дауға қалып отыр.

Күні кеше еліміздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми сайтында Тараз қант зауытына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басталғаны мәлімделді.
«Жамбыл облысы бойынша монополияға қарсы орган қантты әртүрлі тұтынушыларға сату кезінде мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды белгілегені үшін «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан заңнамасының бұзылуы бойынша тергеп-тексеруді бастады. 2021 жылғы наурыз айында департамент «Тараз қант зауыты» ЖШС-на осындай бұзушылықтар үшін хабарлама шығарды, кәсіпорын хабарламаны орындады. Алайда талдау барысында субъект қантты сату кезінде әртүрлі бағаларды қолдануды жалғастырғаны анықталды. Тергеп-тексеру тағайындауға зауыттың монополияға қарсы орган хабарлама шығарған күннен кейін бір жыл ішінде тәртіп бұзуға жол бергені негіз болды», – делінген ресми хабарламада.
Мәселенің анық-қанығына жету үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментіне хабарластық. Мекеменің тергеу бөлімінің басшысы Серік Қылышбекұлының айтуынша, қант зауытына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы бірқатар заң бұзушылыққа жол бергені үшін тергеу басталған екен.
– Биыл наурыз айында «Тараз қант зауыты» ЖШС-на талдау жұмыстарын жүргізген едік. Нәтижесінде әр тұтынушыға әртүрлі баға белгілеу бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Талдау қорытындысын 15 наурыз күні серіктестікке жолдадық. Олар анықталған заң бұзушылықтармен келісіп, олқылықтың орнын толтыруға уәде етті. Алайда арада жыл өтпей серіктестік бағаны қалауына қарай құбылтып жатқаны қайта анықталды. Сондықтан Тараз қант зауытының үстінен тергеу амалдарын бастадық. Қазір мекеме мұндай қадамға не себепті барғанын тексерудеміз. Тергеу амалдары 3 айды қамтиды. Содан кейін барып мәселенің анық-қанығы анықталады, – дейді тергеу бөлімінің басшысы.
Департамент маманы тергеу амалдары жүріп жатқанына байланысты бұдан артық ақпарат бере алмайтынын айтты. Алайда егер тағылған айып дәлелін тапса, серіктестіктің монополиялық табысымен қоса, жылдық табысының 5 пайызы тәркіленеді екен. Ал бұл дегеніңіз – зауыт өндірісі үшін үлкен соққы. Оған қоса, дәл қазір диқандардың зауытқа тәтті түбір өткізу науқаны басталғанын ескерсек, серіктестіктің қаржысына «құлып» салынуы қос бүйірден қысатыны анық. Ертең зауыттың қаржысы тәркіленіп жатса, Меркі қант зауыты сияқты серіктестік шаруалардың ақшасын бере алмай, еңбек адамдарын зар жылатпай ма? Міне, мәселе қайда…
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл аймақта 5,6 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, бүгінде оның 383,3 гектары жиналыпты. Бұл 19 374,4 тоннаны құрап отыр. Тәтті түбірді өңірдегі 86 шаруашылық отырғызса, қазір 23 қожалық өнім жинау жұмыстарын бастаған. Жиналған қызылшаның 2 186,7 тоннасы Тараз қант зауытына өткізілсе, 16 571,1 тонна өнімді Меркі қант зауыты қабылдаған. Биылғы жылы жалпы 153 мың тонна өнім алу жоспарланғандықтан, бұл тек жұмыстың басы ғана. Ертең Тараз қант зауытына шаруалар қызылшасын еселеп жөнелткенде, оның төлемін төлеуде қиындықтар туындамай ма деген ой келеді. Себебі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті қант зауытын айыпты деп тапса, кәсіпорын айыппұл төлей ме, әлде шаруалардың ақшасын бере ме?

Негізі, бағаға келгенде барынша ұқыпты болған абзал. Өйткені қазіргідей қиын жағдайда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі дәл осы бағаға тәуелді болып тұр. Күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та базар басшыларының басын қосып, «бағамен ойнамаңдар» деп қатаң ескерткен болатын. Ал қант бағасын қалауынша құбылтып отырған Тараз қант зауытына мұны кім түсіндірер екен?

Дедек ТӨЛЕН 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.