Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желідегі «сұлулар» онлайнда отырып, өкініп қалмаңыз, оқырман!

0 187

Әлеуметтік желі күннен-күнге дамып, қанатын кеңге жайған сайын алаяқтардың да мүмкіндігі артып барады. Желідегі желөкпелікті саптай тізіп, соңына жете алмаспыз. Онлайн бүгінде арбаудың ең оңай ордасына айналып отыр.

Компьютердің тор пернесін басып, «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілеріндегі аккаунтыңызға өтсеңіз, жекеге жазып, пікір қалдырып, ақша сұрағандардан көз сүрінеді. Бірі дертке шалдыққанына шерленіп таусылса, енді бірі нанға пұл керектігін айтып, әңгіменің әлқиссасын әріден бастайды. Әрине, ел іші болғандықтан көмекке шын мұқтаждардың бары рас. Дегенмен бүгінде алаяқтар фейк парақшасын ашып алып, сенімге кіріп, алдау мен арбаудан алдына жан салмай отыр. Арман-қиялына ерік бергендер ерігіп отырып-ақ ептеп қалуда айласын асырып жүр. Олардың ішінде қулығы қырық есекке жүк болатын «ақылдылар» жетіп артылады.
Бүгінде әңгімеге тартып, сыпайылық танытып, іші-бауырыңа кіріп, жылы сөйлейтін бейтаныс жандар көбейіп келеді. Екі туып бір қалғаныңдай бәйек болып, қас-қабағыңды бағады, сеніміңе кіреді. Соңыра телефонының бірлігі бітіп қалғанын, таксиге ақшасы жетпей тұрғанын айтып, тамаққа қаражат қажет екенін алға тартып, қарыз сұрап, жоқ болып кетеді. Бұлар көбіне аккаунтына өзгенің суретін қойып, фейк болып жүрген шүйкебастар.
Кейбір алаяқтар көркі көз қызықтыратын сұлулардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгімеге тартады. Көбінесе аянышты, отбасындағы жұпыны жағдайын, әлдекімнің алып қашып, күн көрсетпей жүргенін, ата-анасының жоқтығын жазып, қалталы әрі қызыққа бір бүйрегі бұрып тұрады-ау деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Сосын жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізеді.Нәтижесінде қаражат «қолын байлаған» сұлу аруға мәрттігі ұстап көмектесетін жігіттер көбейеді. Алаяққа керегі де – осы. Ал алданған жомарт мырзаны «лақтырып», бейтаныс ару кезекті «жігітіне» қармақ салу ниетін жүзеге асыру мақсатымен кете барады. Бұдан бөлек, жұрттың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұзып кіріп, ондағы достарына түрлі жарнамалар мен вирустық бағдарламалардың сілтемелерін жіберетіндер бар. Сілтемелердің мазмұны әртүрлі. Бірақ мақсаты бір – ақша алу.
Кейде алаяқтар түрлі бағдарламалардың көмегімен желі қолданушыларының парақшасын бұзып, ондағы суреттерді, көбінесе жеке чатта жазылған хабарламаларын көшіріп алады. Сосын оларды «мүдделі тараптарға жібереміз» деп қорқыту арқылы ақша бопсалайды. Жаза басып, сезімге ерік бергендер мен кесе-көлденең өткен қыздарға бір қырындамай қалмайтын туабітті нәпсіқұмарлар – ондай алаяқтар үшін оңай олжа.
Қайырымдылық акцияларына келер болсақ, бұл – әлеуметтік желідегі алаяқтықтың кең тараған түрі. Аяушылық сезімін оятып, ауыр дертке шалдыққан, шаңырағында қайғылы жағдай болып, қаражатсыз қалған адамдар мен отбасылар туралы жариялап, елден көмек сұрайды.
Алыстан арбаламай-ақ, редакция қызметкерлерінің басынан өткен қым-қуыт, шым-шытырман оқиғасын баяндасақ та жетіп артылады. Бірде оқырманы көп инста-аккаунт сатып алмақшы болған әріптесіме әлдекім 700 мың оқырманы бар парақшаны ұсынады. Төлқұжатын жіберіп, өзінің сөйлей алмайтын мылқау екенін жазған балаға сеніп, оған алдымен 50 мың теңге аударады. «Паролін жібер, тағы 50 мыңды сол кезде жіберемін» деп хат жібергені сол, бұғаттап тастапты.
Тағы бір әріптесім жуырда әлеуметтік желіде әлдебір ойын түріне қатысып, ақшасын көбейтіп алмақ болып 20 мың жібереді. Ол да алданды. Бір қызығы, тәртіп сақшылары Бейбіт есімді жап-жас алаяқтың Тараз қаласының тұрғыны екенін, аты-жөнін, тіпті мекенжайын толық анықтағанмен, ол баладан ақшаны қайтара алмайтындықтарын, жігіттің бұрыннан алаяқтықпен айналысатынын ашып айтып, жылы жапқан.

«Сақтансаң, сақтайды» дейді дана халық. Дегенмен күрмеуге келмейтін мәселенің күрделеніп бара жатқаны жанға батып тұрғаны хақ.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.