Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік жылдарында Таразды 13 әкім басқарды

Аатқамінерлердің ел есінде қандай еңбектері қалды?

0 1  406

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарын Тәуелсіздіктің 30 жылдық бедерінде 13 әкім басқарған. Әр басшы сегізінші аймақты дамытуда өз арман-мақсаты және жоспарымен келгені анық. Алайда атқамінерлердің ел есінде, жұрт жадында жатталған қандай еңбектері қалды? Қала күні мерекесі қарсаңында осыған тоқталғанды жөн көрдік.

А. Түсіпов

Тәуелсіздіктің туын көкке көтеріп, азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап ел экономикасын көтеру, жаңа жоспар құру, тіпті ел басқару оңайға соқпағаны белгілі. 1992 жылдың ақпан айында шаһар тізгінін ұстаған Алдияр Түсіпов 1995 жылдың қазан айына дейінін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. – Тәуелсіздік алған жылдары алдымызға нақты жоспар құрып, ел басқаруда мақсатымызды айқындап алдық. Елбасының саясатының арқасында қиын-қыстау уақыттан да өттік. Ол кезде бюджетте ақша жоқ. Дәрігерлер мен педагогтардың айлығын төлеу үшін базарда инспекторлар мен сала мамандары салықты бір будкада жинайтын. Түскен ақшаны үйлестіріп, айлық ретінде беретінбіз. Сондай-ақ ол кезде Сүлейменов көшесін толықтай асфальттадық. Одан бөлек, «Қант зауытындағы» 6 көшені жөндеуден өткіздік. Сол кездегі жұмыстың сапалы болғаны

Б. Жылқышиев

соншалық, бүгінге дейін бұл көшелер сол қалпында тұр. Қаланың тазалығы басты орында еді. Жалпы өзім әкім болған тұста арымды таза ұстап, халыққа абыроймен қызмет етуді парызым деп білдім, – дейді Алдияр Әлиасқарұлы.

Б. Сауранбаев

Ал 1995 жылдың қазан айынан 1998 жылдың қаңтар айына дейін қаланы Болат Жылқышиев басқарса, кейін бір жылдан астам уақыт Сейіт Сартбаев қала әкімі болды.

Ал шаһар тарихында қаланы ең ұзақ басқарған Болат Сауранбаев 1999-2005 жылдары ел үшін аянбай тер төкті.

С. Сартбаев

Жеті жылдан кейін қаланың бесінші әкімі болып Ілияс Тортаев келді. 2005-2009 жылдар аралығында басшылық еткен Ілияс Әлімұлы басқарған тұста шаһар 2000 жылдық торқалы тойын тойлады.

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Қазақстанның ең ежелгі қаласы Тараздың 2000 жылдығын мерекелеу туралы дүниежүзілік құзырлы ұйым ЮНЕСКО арнайы қаулы қабылдағаннан кейін республика үкіметі мен облыс әкімі дайындық шараларына қызу кірісіп кетті. Осы мерекені өткізу үшін республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге

І. Тортаев

бөлінді. Тараз қаласында жолды тегістеу, көшелерде түнде электр жарығын жандыру, бітпеген бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, Жастар сарайын салу, орталық стадионды, «Дельфин» жүзу бассейнін, «Баласағұн» концерт залын, облыстық драма театр ғимаратын заман талабына сай қайта күрделі жөндеу, №18 және №50 мектептердің аумағын ұлғайту сынды шаралар қызу қолға алынды. 2000 жылдық мерейтой қарсаңында «Тектұрмас» кесенесі ашылды. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тараз: мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» деген тақырып бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Жиында ЮНЕСКО Бас хатшысының мәдениет жөніндегі орынбасары Мунир Бушинакидің құттықтауы оқылды. Конференцияға өз елімізден бөлек, Қытай, Бельгия, Италия, АҚШ, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысып, Тараз тарихына қатысты көптеген деректерді жариялады. Әлбетте, бұл халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда той иелері – қазақстандық ғалымдар жасаған баяндамалардың шоқтығы биік болды. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді. Мерекелік негізгі іс-шаралары қыркүйектің 25-26 күндері өткізілді. Қыркүйектің 25-і күні «Тараз-2000» естелік пошта маркілерінің тұсаукесері болды. Дүниежүзілік деңгейде өткізілген 2000 жылдық мерейтой, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ең ежелгі қаламыз қазақ тарихының алтын діңгегі екендігін, тамырлары тым тереңде жатқандығын танытты, – дейді Ілияс Әлімұлы.

Сонымен қатар Ілияс Тортаевтың тұсында «Тараз – жасыл желекті қала» деген статусқа ие болған. 2008 жылы Тараз шаһарын жасыл қалаға айналдыру үшін 81 миллион 102 мың теңге бөлінсе, 2009 жылы бұл қаржы 98 миллион 300 мың теңгеге өскен. Нәтижесінде қалаға мыңдаған тал-дарақтар мен гүлдер егіліп, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ көркейтілді.

Е. Астаев

Тортаевтан кейін 11 жыл әкімнің орынбасары болған Ертарғын Астаев көп ұзамай Тараздың тізгінін ұстады. Бір қызығы, баратын жеріне сәл де болса ертерек жетейін дейді ме, Ертарғын Кәкімбекұлы қызметтік көлігінің көбіне алдына отыратын болған. Әкімге осы ерекше қасиетінің пайдасы тиіп, кешкісін жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан қала әкімі «Мамыр» саябағының темір қоршауларын бұзып алып бара жатқан ұрыларды байқап қалып, дереу полицияға хабар беріп, олар жеткенше ұрылардың бірін өз қолымен ұстап, жолын бөгегенін барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл, әрине, қала әкімінің мемлекеттің әрбір затына жанашырлықпен қарайтынын байқатса керек. Осылайша шаһарды бір жылға жуық басқарған Астаев қырағылығымен ел есінде қалды.

Б. Орынбеков

Ал 2010-2013 жылдар аралығында шаһар басшысы болып тағайындалған Бекболат Орынбековтің тұсында қала жаңа кейіпке енді. Шаһарға бұрын-соңды болмаған инвесторлар ағылып, «Бәйтерек» ықшам ауданы бой көтерді. Сондай-ақ кеңестік кезеңде Одаққа танымал болған жүн түту фабрикасының жұмысы қайта жанданып, үш облысқа ортақ Қан орталығы салынып, аула клубтары көбейіп, «Һибатулла Тарази» мешітінің жанынан үлкен медресе ашылды. Сондай-ақ бұл тұста қаланың көшелерін жөндеп, қала ішіндегі базарларды сыртқа көшіру мәселелері күн тәртібінде тұрды. Жоспар бойынша барлық жұмыстар жүйесін тауып, Орынбеков те өз артынан кейінгілерге үлгі болар іс қалдырды.

Н. Календеров

2013 жылдың желтоқсан айында қала әкімі болып Нұржан Календеров келді. Бұл жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдердің халық алдында есеп беруі міндеттелетіндігін айтып, қаулыға қол қойған еді. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойына атқарған жұмыстарына есеп беру үшін әр округтің тұрғындарымен кездесіп, олардың талабын тыңдайтын. Нұржан Календеров те 11 аумақтың тұрғындарымен кездесіп, халыққа жақындай түсті. 2013-2017 жылдар аралығында шаһарды басқарған Нұржан Сәбитұлы Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде өткізуімен көптің есінде қалды.

– 2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтумен ерекшеленді. Бұл 550 жыл бұрын Жайсан шатқалында Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған жамбылдықтарға ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. 2000 жылдық тарихы бар қалаға мыңдаған қонақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, қиыр және таяу шетелден бірнеше жүздеген әртіс келді. Мерейтойдың негізгі салтанатты шараларының бірі – Тараздың батысындағы кіреберісте «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 30 метрлік ескерткіштің ашылуы болды. Оның құрылысына мемлекеттік қазынадан 501 миллион теңге жұмсалды. Тараздың орталығында киіз үй қалашығы, аттракциондар мен халықтық-қолданбалы шығармашылық заттары қойылған көрме ашылды. Таразда көне қалашықтың археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырған бұрынғы орталық базардың орнында құны 1,23 миллиард теңгені құраған «Көне Тараз» археологиялық паркі ашылды. Оның құрамына мұражай, «Достық үйі» бар этномәдени орталық, Конгресс-холл кірді. «Тараз-Арена» спорт сарайында ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылған қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық жарысы болып өтті. «Атшабар» ипподромында еліміз бойынша ат полосы спортының бірінші клубының ашылуы көпшілікті қызықтыра түсті. Мерейтой аясында Таразға Қытайдың Сиань қаласынан ежелгі Ұлы Жібек жолының бағытымен бір жылға жуық жүрген керуен де келіп, мерекенің тарихи маңыздылығын арттырды, – дейді Нұржан Сәбитұлы.

Р. Дәулет

Бұдан кейін Рүстем Дәулет дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесі тұсында қаланың тізгінін қолға алды.

– 2017 жыл жарқын және кең ауқымды оқиғалармен есте қалды. Елімізде халықаралық «ЭКСПО-2017» өте жоғары деңгейде өтіп, аталған көрмені Тараз қаласы тұрғындарының көпшілігі тамашалап қайтты. Бұл жылдың есте қаларлық тағы бір оқиғасы – ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада Елбасымыз алдағы таяу жылдарға бірнеше нақты жоба ұсынып, қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшіру сынды ел дамуының жарқын үлгісін белгілейтін, алысты болжайтын көзқарастарымен бөлісті. 2017 жыл Президенттің бастамасымен халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы да бекітілді, – дейді Рүстем Рысбайұлы.

Ғ. Әбдірайымов

Осынау стратегиялық құжаттың басымдықтарын 2018-2019 жылдар аралығында әкім болған Ғалымжан Әбдірайымов та жалғады.

Қ. Досаев

Ал шаһарды ең аз уақыт басқарған Қайрат Досаев 7 ай ішінде қаланың гүлденуіне өз үлесін қосты. Бұл тұста«Жеңіс» саябағы мен «Үшбұлақ» демалыс орталығы мен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ қайта жаңғыртудан өтті.

Тотыдай таранған Тараздың тізгінін ұстаған Айтқазы Қарабалаев 2019-2021 жылдар аралығында қаланың ажарын ашуда аянып қалған жоқ. Бұл тұста түрлі нысандар бой көтеріп, қала тіршілігі жаңа екпін алды.Ал ағымдағы жылдың наурыз айында қала әкімі болып тағайындалған Ержан Жылқыбаев қызметке жастық жігер мен жасындай жалынмен келді.

Е. Жылқыбаев

Небәрі бес айдың ішінде Ержан Жұматұлы барлық округтің тұрғындарымен кездесіп, көптің көкейінде жүрген мәселелерді тарқатты. Сондай-ақ қала шетіндегі алқаптарды да назардан тыс қалдырмай, бұқараның мұң-мұқтажына құлақ түрді. Бұдан бөлек, «Таразға тарту» сынды тың жобаның басы-қасында жүріп, көне шаһарды жаңа кейіпке енгізді. «Тектұрмас» кешенінің екінші кезеңі, «Арбат-3» сынды жобалардың да жүйесін таптырып, тұрғындарға теңдессіз тартулар жасады. «Сақалды құрылыс», «қызыл сызықтағы» нысандар, қала тазалығы мен аулалардың абаттандырылуы, «Асарлатып үй салу» сынды мәселелерге мән беріп, бүгінде көп аймақты адам танымастай өзгертті. Әлемдік пандемия қос бүйірден қысып тұрған тұста халық денсаулығын ойлап, күн-түн демей, тексеріс жұмыстарын күшейтті. Бұдан бөлек, озық технологиялар алға озған таңда «Сергек» сынды заманауи қондырғыны да қалаға әкелуде. Бұл, сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық дүние. Шаһар басшысы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, көне шаһардың көркін ашып, әлеуметтің әлеуетін арттыра түседі деп сенеміз.

Әрине, әр әкім көне шаһарды көркейтуде аянып қалған жоқ. Барлық атқамінер азаматтар ел үшін, облыс, қала үшін аянбады. Ең бастысы, сегізінші аймақтың тарихи шежіресінде алтын әріптермен жазылғаны ақиқат.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.