Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту пешіңіз қысқа дайын ба?

0 555

«Апат айтып келмейді» дегенімізбен, оған әрдайым дайын болу аса маңызды. Күннің ыстығы қайтып, ауа райы салқындады деп арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Себебі тілсіз жау қателікті кешірмейді. Оның демде тұтанып, айналаны жалын құшағына орауы оп-оңай. Ал өңіріміз осы өрт оқиғаларына қаншалықты дайын?

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының дерегінше, ағымдағы жылдың 9 айында шаһар аумағында 169 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тапса, 2 адам жарақат алған. Соған сәйкес материалдық шығынның жалпы көлемі 12 миллион 493 мың теңгені құрап отыр. Былтыр дәл осындай 153 оқиға орын алып, 1 адамның өлімімен аяқталған. Өрттер көбінесе электр тоқ сымдарының қысқа тұйықталуы, тұрғындардың отпен абайсыз болуы, мас күйінде темекі шегу, балалардың тез жанатын құралдармен ойнауы және қасақана от қоюдан туындайды екен. Басқарманың тағы бір мәліметінше, өрт оқиғаларының басым көпшілігі «Шөлдала» және «Құмшағал» тұрғын алқаптарында, «Қант зауыты», қаланың орталық аймағы және «Шалғай Қарасу» аумақтарында жиі болатын көрінеді.

Бүгінде басқарма қызметкерлері тарапынан 334 шаруашылық субъектісіне өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 217 лауазымды, жеке және заңды тұлғалар тартылған. Сондай-ақ қала аумағында орналасқан 19 сауда орнына да дәл осындай тексеріс жасалып, бірқатар кемшіліктер анықталған. Ал Мемлекет басшысы жариялаған мораторийге сәйкес, қалған 16 базарға тексеріс жүргізу әзірге мүмкін болмай тұр екен. Бұдан бөлек, осы жылдың басынан бері төтеншеліктер қала әкімдігінің, жергілікті полиция қызметінің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның мамандары, пәтер иелері кооперативтері, көше және тұрғын үй кооперативтер төрағалары, қала әкімінің бас инспекторлары, «Темірқазық» еріктілер қозғалысы, «Жібек жолы жастары» волонтерлік қозғалысы, «Үздіктер таңдауы» қоғамдық бірлестігінің, «Тараз жастары» белсенді жастары волонтерлер орталығының, «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының, Қазақстан студенттер Альянсының еріктілері және республикалық, облыстық БАҚ өкілдерімен бірлесіп жылыту пештерін, газ қондырғысын пайдалану кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 91141 тұрғын үйді аралап, 150854 тұрғынға жадынама парақтарын таратып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар биылғы жылыту маусымына дайындық барысында «Шөлдала» және «Құмшағал» алқаптарындағы мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылардың жеке тұрғын үйлеріне 300 дана улы газ датчигтері орнатылса, жыл басынан бері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы газ қондырғыларын қауіпсіз пайдалану мақсатында Тараз қаласы аумағындағы жаңадан газдандырылған жеке тұрғын үйлер мен көп қабатты үйлердегі пәтерлерінде жылыту маусымы кезеңінде 915 дана газ сараптаушы датчиктері қойылған.

Аймақта өрт оқиғаларының өткен жылмен салыстырғанда едеуір көбеюіне себепші болып отырған бірқатар мәселелерді де айта кеткен жөн. Мәселен, коронавирус пандемиясына байланысты көптеген нысандар қашықтан жұмыс істеп, оларға тиісті тексеру жүргізілмеген. Тұрғын үйлердің біразы ескі болғандықтан, электр сымдары жаңартылмай, әбден тозған. Бұл да төтенше оқиғаның артуына түрткі болуда. Тағы бір айта кетерлігі, шаһардағы 2147 өрт гидрантының 263 істен шыққан. Яғни олардың штогтары жарамсыз, тіреуіші тот басып, тесілуіне байланысты демонтаждалып бітелген. Ал бұл өртті ауыздықтау кезінде оларды қолдануға мүмкіндік бермеуде. Сондай-ақ кейбір жатақханалар орталық газ жүйесіне қосылмаған. Сол үшін тұрғындар пәтерлерінде амалсыз газ баллондарын пайдалануға мәжбүр. Ал осының салдарынан жарылыс туындау қаупі де жоқ емес. Тілсіз жауға төтеп беруге қолбайлау болып тұрған мәселелер мұнымен шектелмейді. Мысалы, шаһар аумағында биіктігі 28 метрден асатын көпқабатты тұрғын үйлердің меншік иелері болмағандықтан, басқарма қызметкерлері тарапынан өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес не тексеріс жұмыстарын жүргізіп, не әкімшілік шара қолдана алмауда. Сонымен қатар кейбір көпқабатты үйлердің ауласында темір және бетон қоршаулар қойылғандықтан, төтенше жағдай болған кезде өрт сөндіру техникаларының оқиға орнына жылдам жетуіне мүмкіндік жоқ көрінеді.

Қалай дегенде де, өрт оқиғаларының алдын алу аса маңызды. Сондықтан сала мамандары өз жұмыстарына қырағы қарап, қара халық үшін қалқан болады деп сенеміз.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.