Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады

0 22
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде үздік деп танылған азаматтарды марапаттады.
Салтанатты жиында өңір басшысы жеңімпаздарды қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күнімен құттықтады.
– Еңбек – ел дамуының, қоғам тұрақтылығы мен халық әл-ауқатының негізі. Өңірде жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба мен қол жеткізілген нәтиженің артында еңбек адамдарының маңдай тері тұр.
Халқымыз «Бейнет түбі – зейнет» дейді. Бұл – табандылықпен атқарылған адал еңбек қана берекелі нәтижеге жеткізетінін білдіретін өмірлік қағида. Мемлекет басшысы еңбек адамының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның басты құндылықтары ретінде орнықтыруға ерекше мән беріп келеді. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатының негізінде де жауапкершілік пен маңдай термен келген табыс жатыр, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі халықты тұрақты жұмыспен қамту және тұрғындардың табысын арттыру өңірдің басым міндеттерінің бірі екеніне назар аударды.
Бүгінде Жамбыл облысында 517 мыңнан астам азамат экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейді. Биыл Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 42,6 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның 24,1 мыңы тұрақты жұмыс орны болды.
– Біздің міндетіміз – жұмыс орындарының санын көбейту ғана емес, азаматтарға тұрақты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасап, лайықты жалақымен қамту. Осы бағытта өңірге инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
2031 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулына 116 жоба енгізілді. Оларды іске асыру нәтижесінде 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп, халықтың табысын арттыруға және жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді облыс әкімі.
Жиында «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде үздік атанған азаматтарға диплом және қаржылай сертификат табысталды.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында Байзақ ауданынан Айгерім Қойшығұлова ІІІ орын, Жамбыл ауданынан Аян Серік ІІ орын, Шу ауданынан Ықыласбек Мейірхан І орын иеленді.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Байзақ ауданынан Гүлбакира Қошқарбаева ІІІ орын, Тараз қаласынан Қымбат Нұрманалиева ІІ орын, Дана Сұлташева І орын алды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында Жуалы ауданынан білім беру мен жас ұрпақ тәрбиесіне бірнеше буын ғұмырын арнаған Мамытовтар отбасы ІІІ орынға ие болды. Мойынқұм ауданынан тарихы Балқаш көліндегі балықшылық кәсібімен тығыз байланысты Теңізбаевтар отбасы ІІ орынды иеленсе, Қордай ауданынан білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Молдажановтар отбасы І орынға лайық деп танылды.
– Бұл жеңіс – бір адамның емес, бір ғасырға жуық уақыт бойы қалыптасқан еңбектің бағалануы деп ойлаймын. Бізге жол көрсеткен аға буынға тағзым етіп, олардың өнегелі жолын мақтан тұтамыз. Ұстаздық жолымыздың үзілмей, кейінгі ұрпаққа жалғаса беретініне сенімім зор, – деді «Үздік еңбек әулеті» номинациясының бас жүлдегері Асқарбек Молдажанов.
Айта кетейік, 2016 жылдан бері Жамбыл облысында «Еңбек жолы» байқауына 400-ге жуық азамат қатысты. Биыл өңірлік кезеңге 21 үміткер қатысып, кәсіби жетістіктері мен еңбек жолын таныстырды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.