Бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағында 1388 көше жолдары бар,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі qazdauiri.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның 745-і асфальталған (53,7 пайызы), 643-і шағал жолдар (46,3 пайызы).
Сондай-ақ, жолдардың жалпы ұзындығы – 1831,3 шақырымды құрайды, оның ішінде 1092,6 асфальт (59,6 пайызы) жабынды, 738,7 шақырымына шағал төсеніш төселген (40,4 пайызына).
Жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 2021 жылы Тараз қаласы көшелерін орташа жөндеу жұмыстары бойынша 50 жоба (жол – 88,5 шақырым, тротуар – 5,9 шақырым) қолға алынып, іске асырылмақ.
Қазіргі таңда Әулие-Атинская, Черняховского, Бульварная көшесінің 5-бұрылысы, Демесінов, Сеченов, Дәненұлы (Желтоқсан көшесінен Қойгелді көшесіне дейін), Центральная, Байзақ батыр (Ташкент көшесінен Маяковский көшесіне дейін), Б.Момышұлының (Тәуке хан көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін) орташа жол жөндеу жұмыстары толық аяқталса, Мельничная және оған қарасты тұйық көшелер, Жібек жолы көшесі, Клубная, Көшеней және Абай көшесінің 2-бұрылыстары, Көшеней көшесінің 5-бұрылысында, П.Лумумба, Родниковая, Қайнар тұрғын алқабында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл аталған бағыттағы жұмыстар сәуірден басталып отыр. Ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары қала әкімдігінің, әсіресе шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың қатаң бақылауына алынған.
– Тараз облыстағы ең үлкен қала болғандықтан мұндағы көше жолдарының бәрін бір жылда-ақ жөндеп тастау бюджет мүмкіндігі тұрғысынан қарайтын болсақ, мүмкін емес шаруа. Сондықтан әр жылға бюджет шамасына қарай жоспар бекітіліп, жобалар бекітілген. Бұрнағы жылдарға қарағанда биыл қала көшелерін жөндеу жұмыстарының ауқымы кеңірек. Біраз көшенің, бұрылыстардың жолы назарғасалынып, асфальтталуда. Бұл ретте қала басшылығы тұрғындардың талап-тілегін басшылыққа алып, құрылыс жұмыстарын күшейтуде. Ең бастысы, тұрғындар өтінішін қанағаттандыру, одан бөлек қала халқына жайлы, жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау – басты міндет, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл көне шаһардағы көптеген көшедегі көнерген жолдарды жөндеу жұмыстарының қолға алынғанына тұрғындар да қуанып отыр. Көптен көрмеген асфальт жолмен көліктердің де зулайтын күні алыс емес.
– Биыл қала көшелерінің дұрысталып, асфальт төселіп жатқаны қуантады. Әсіресе, су, газ құбырын жүргізіп, немесе жер астындағы желілерді жөндеу, ауыстыру жұмыстары жүргізілген соң көптеген көше жолдарының ойқыш-ұйқыш, әр жері бір кетілген қалпында қалып жататыны қынжылтатын. Тұрғындарға, әсіресе көлігі бар азаматтарға жол лай-батпақ әрі шұрық тесік емес, тақтайдай тегіс болып тұрса, одан басқа қояр талабымыз жоқ. Қала билігінің қолға алған шаруасы соңына дейін шығатынына сенімдіміз, – дейді қала тұрғыны Шыңғыс Маратұы.