Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Азия Авто Қазақстан» басшысының жұмбақ өлімі

0 757

Жұмбақ өлімі деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Өскемендегі «Азия Авто Қазақстан» компаниясының басшысы Антон Ненаховтың өлімі шынымен де жұмбақ болып тұр. Өлімі ғана емес, атқарған қызметі де,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті сайттардың бірі Антон Ненахов 23 қыркүйекте қала сыртындағы орманда асылып тұрған күйінде табыл­ғанын, көлігі жол бойында тұрғанын жазды. Оған қоса, «Жақында оны «Бипэк Авто – Азия Авто» ісі бойынша тергеуге шақырған» деген деректі де келтірді.

Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Өскемен қалалық По­лиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінің полиция қызметкерлері 23 қыркүйекте аталған факті бойынша Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігімен (өзін-өзі өлтіруге итер­мелеу) сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. «Қазір қылмыстық іс бойынша тиісті сот сараптамалары тағайындалды, істің мән-жайын зерттеу жан-жақты, толық және объективті болуын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбай­ды», – деп жазды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«23 қыркүйекте асылып өлді» делінген Антон Ненахов «Азия Авто Қазақстан» ком­паниясының басшысы қызметіне би­ыл­ғы 18 тамызда ғана кіріскен екен. Egov.kz сай­тындағы анықтамада осылай көрсетілген. Осы сайттағы ақпараттарға сүйенсек, «Азия Авто Қазақстан» АҚ алғаш рет 2012 жылы 19 желтоқсанда тіркелген. Алғашқы басшы­сы бүгінде іздеуде жүрген – Анатолий Ба­луш­кин. 2013 жылы 6 маусымда бұл қыз­метке Игорь Новиков тағайындалған. Бір қызығы, 6 күннен кейін, яғни, 12 маусымда бұл қызметке Ержан Мәндиев келген.

Инсайдерлік ақпараттарға сүйенсек, Антон Ненахов бұрын осы кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген. Әлеуметтік желілерде фотограф ретінде де танылған. Оның туған-туыстары мен жақын достары Антон өз-өзіне қол жұмсады дегенге сен­бей­тінін айтады. «Ақкөңіл, жақсы жігіт еді. Отбасында, жеке өмірінде ешқандай мәселе туындағанын байқамаппыз. Бір жағдай есімде, ол былтыр «Бипек-Авто» жабылудың алдында тұрғанда қол жинады. Маған да келген еді. Ол ақиқатты жақтаған қайсар жігіт еді», – дейді Антонның жақын досы Анастасия.

Орайы келгенде айта кетейік, бір жыл­дары дүркіреген «Азия Авто» кәсіпорнының басына соңғы жылдары қара бұлт үйіріліп, мыңдаған қызметкері жұмыссыз қалған болатын. Былтыр Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігінің өкілдері «Азия Автоға» қаншама жыл бойы мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, көмек көрсетілгенімен, кәсіпорын өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамағанын мәлім­деген еді. «Кәсіпорын қызметін бастағалы Қазақстанның заңнамасына сәйкес, қо­сымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемлекеттік пре­ференциялар алып келді. Сондай-ақ тө­ленген утилизациялық алымды қайтару түрінде ынталандырылды. 2010 жылдың 24 маусымы мен 2017 жылдың 1 маусымы ара­лығында «Азия Авто» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдас­тыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позиция­сымен моторлы көлік құралдарын өнер­кәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме орын­далған жоқ. Сондай-ақ 2012 жылдың 28 желтоқсаны мен 2019 жылдың 1 желтоқсаны аралығында «Азия Авто Қазақстан» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орындалмады» деген ақпарат таратқан болатын 2020 жылы аталған министрлік.

Ал биылғы тамыз айында «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобы директор­лар кеңесінің төрағасы, Forbes тізіміндегі ықпалды кәсіпкер, миллиардер Анатолий Балушкинге тергеуден жасырынған адам ретінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті іздеу жариялаған-ды. Белгілі блогер, экономика шолушысы Денис Кривошеев Facebook-тегі парақшасында «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның 75 пайыз акциясы, «Азия Авто Өске­мен», «Азия Авто Сібір», «БИПЭК», «Р-Мо­торс Лада» секілді сауда нысандары «БИПЭК Авто Қазақстанға» тиесілі екенін, сондай-ақ Қатонқарағай мен Бұқтыр­мадағы, одан бөлек «Нұртау», «Бобровка», «Рахман қайнары» секілді демалыс базалары да А.Балушкинге қарайтынын жазған болатын.

Азамат ҚАСЫМ,
Шығыс Қазақстан облысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.