Қалалық қоғамдық-саяси газет

ЕНДІ СЕРІКТЕСТІКТЕРГЕ ҚОҚЫСТЫ «СОРТТАП» БЕРЕМІЗ БЕ?

0 476

Тараз қаласы күн санап көркейіп келеді. Сондай-ақ туризмді дамытуға бағытталған соны бастамалар жемісін беріп жатыр. Биыл да облыс әкімінің бастамасымен қаладағы саябақтар жаңғырудан өткенінен ел хабардар. Ал мұндай жаңашылдық өзге өңірлер мен алыс-жақын шет мемлекеттерден жыл сайын 100 мыңға жуық туристі тартуда. Алайда бір өкінішті туристерді ең бірінші соңғы үлгідегі архитектуралық нысандар емес, үй ауласына үйілген қоқыстар қарсы алуда.

Несін жасырамыз, біз «қала тазалығы – жан тазалығы» деп ұрандатып жатқанымызбен көп мәселе шешімін тауып жатқан жоқ. Шаһардың шеткі аумақтарынан бөлек, ықшамаудандар мен орталық көшелердің бойындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін алдымен «Жайлау» ықшамауданына барып, тұрғын үйлердің маңы мен қоқыс алаңшаларының жайын біліп қайтқан едік. Ықшамаудандағы №5 «А» мекенжайына жақын қойылған қоқыс алаңшасының сыйқы сын көтермейді. Онда қоқыс контейнерлері болғанымен, арықтан бастап тақыр жердің өзі күл-қоқысқа толған. Ол аз болғандай алаңшаның артындағы көлемі шамамен 3-4 метрлік ойдым жерді де қоқыс басып қалған. Иісі қолқаны қабады. Жақын маңнан №39 балабақша мен мектепке баратын балалар мен ересектердің бетін тұмшалап өтуден басқа амалы қалмаған. №35 мектептің кіреберіс қақпасының алдында дәл осындай тағы бір алаңша бар екен. Мұнда да қоқыс контейнерлердің артына үйілген қоқыс төбешікке айналған. Күл басқан алаңшаға жақындап, киімін былғап алудан секем алған тұрғындар қалдықтарды қоқыс жәшігіне жетпей лақтырып әлек. Осылайша қоқыстың жартысы контейнердің сыртында қалып кетуде. №24 көппәтерлі тұрғын үйдің бұрышы да қоқыстан көз ашпай тұр. Бір қызығы аталған үйдің алдынан өте бергенде ондағы тұрғындардың тазалыққа көз жұма қарамайтынынын көрдік. Мұндағы ауланың сәнін тек қоқысқа толған жәшіктер құртып тұр. Одан әрі №12 және №13 үйдің қасындағы қоқыс алаңшасына беттедік. Мұнда да контейнерлердің артына қоқыс жиылып, арықтар бітеліп қалған. Сол аумақтан ары қарай «Салтанат» ықшамауданына бет алып 30-үйдің маңына тоқтадық. Аумақта қоқыс алаңшасы балалар ойнайтын алаңға жақын орналасыпты. Айналасында ит-құс қаптап жүр. Мүңкіген иістің әсерінен есік алдына шығып, тыныстаудың өзі қиын. Осы маңды назарға алып қоқыс жәшігінің орнын ауыстыруды қазірден қолға алатындар табылмаса, «Жасыл Ел – Тараз» серіктестігінен қайран жоқ тәрізді…
Осы ықшамаудандағы №13 үйге барғанымызда ауланың тазалығын көріп таңдай қақтық. Арық жоқ болса да, тұрғындар аулаға ағаш отырғызып, күтімін қарап, күл қоқысты тазартып отыр. Тіпті өздері ағаштарды біріктіріп, аяқ созып отыруға қолайлы орын жасапты. Сол маңнан аула сыпырып жүрген әйелді байқап, жөн сұрасып, әңгімеге тартқан едік.
– Аула сыпырып жүргеніме екі апта болды. Осы ықшамаудандағы пәтер иелері кооперативінде әпкем жұмыс істейді. Қазір сырқаттанып қалған соң орнына уақытша шығып жүрмін. Онда 4-5 аула сыпырушы айына 60 мың теңге алып отыр. Жұмыссыздық адамды қажытады деген рас екен. Тұрмыс қиындап кетті. Жұмыс іздеп бармаған жерім қалмады. Былтыр жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жасыл Ел-Таразға» орналассам деген ойым болған, бірақ олар адам жеткілікті деп кері қайтарды. Дәл қазір аула сыпырушы болып жұмысқа кірсем, оның өзі бізге үлкен көмек болғалы тұр,–дейді қала тұрғыны Гүлбадан Қаранеева.
Көзіміз жеткені қаланың тазалығына жауапты мекемелерде жұмыс істеуге ниетті Гүлбадан секілді азаматшалар аз емес. Осы ретте «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігіне жұмысшыларды көптеп тартып, қаланың тазалығын реттеуге не кедергі? Бұған жергілікті әкімдік те қажетінше қаражат бөліп жатса, жұмыссыз жандарды тартып, қос тарапқа да тиімді жағдай жасауға болар еді. Бірақ талай жылдан бері келе жатқан мәселенің шешімін табуға ешкім шындап кіріспеген секілді.
Аталмыш ықшамаудандағы «Әсел» дүкенінің алдында 2 қоқыс контейнері майысып, артына қоқыс үйіліп қалған. №7 үйдің артындағы контейнердің жайы да мәз емес. Сол маңдағы №1 және №3 үйлердің алдындағы ойын алаңшасы адам шошырлық халде. Балаларға арналған ауланың төңірегі қоқыс алаңына айналған. Тұрмыстық қатты қалдықтар мен үйден шыққан ескі құсқы заттар шашылып жатыр.
Сонымен біз аралаған екі бірдей ықшамаудандағы қоқыс алаңшаларының бірде-бірінде тазалық сақталмаған болып шықты. Аталған деректерді алға тартып, «Жасыл Ел – Тараз» серіктестігінің есігін қақтық.
– Қоқыс алаңшаларының артындағы үйінділер тұрмыстық қатты қалдықтар емес. Оның ішінде құрылыс жұмыстарынан шыққан және басқа да көлемді заттар көп. Ал қоқыс контейнерін көтеретін техниканың оны жинауға әлеуеті жетпейді. Әрі механизм тұрмыстық қалдықтарды қысымдауға арналған. Үйінділерді жинау үшін біз арнайы техникаларды жібереміз. Жұмысшылар жеткілікті. Қалада 247 қоқыс алаңшасы болса, бізде оны шығаруға 125 арнайы көлік қарастырылған.Оған қоса үйінділерді жинауға арналған 13 техника тағы бар. Былтыр әкімдіктен 1000 контейнерге ақша бөлінсе, қазір соның 800-ін қойдық. Сондай-ақ өткен жылы төрт, биыл үш қоқыс таситын көлік сатып алдық. Қоқыс төгіліп жатқан Жамбыл ауданына қарасты полигонның жалпы аумағы 30 гектар болса, әлі соның 15 гектары бос. Шамамен 10 жылға дейін жетеді,–дейді серіктестіктің бас инженері Талғат Торғаев.
Қала тазалығы туралы ақпар жинақтап жатқанда «Арай-2» алқабының тұрғыны Меруерт Есенқұлова есімді азаматша редакцияға хабарласып, қоқыс алаңшаларындағы жайсыздықты ашына хабарлаған еді.
– №8,9,11,12 көппәтерлі тұрғын үйдің алдындағы қоқыс алаңы туралы айтып жүргенімізге екі жылдан асты. Несін жасырайық, қоқыс машинасын екі күнде бір көретінбіз. Оның өзінде техника төңіректің астан-кестеңін шығаратын. Біз бұл туралы біраз шағымданып, жағдайды реттегендей болдық. Бірақ әлі де қоқыс көлігінің астынан аққан судан құтыла алмай келеміз. Оның иісі біраз аумаққа жетеді. Содан жаз шықса, бәрінің мазасы қашады,–дейді тұрғын.
Бұған қатысты бас инженер Талғат Торғаевтың берген жауабы мүлде басқаша болып шықты. Оның айтуынша, қаладағы барлық қоқыс контейнері күніне екі рет тазартылады екен. Ал оның артын күнде жуу дегеніңіз қып-қызыл шығын көрінеді. Көпқабатты үйлердегі әр адамнан алынатын 99 теңге жеткіліксіз. Сол үшін әзірге аптасына бір рет қана жуылады-мыс. Қысқасы «Жасыл Ел –Тараз» серіктестігі «Арай-2» алқабындағы әлеуметтің базынасын жоққа шығарып отыр. Бірақ редакцияға келген бейнематериалда қоқыс контейнері арнасынан асып, төгіліп жатыр. Майға ұқсас сұйықтықтың да аулада көл болып жатқанын көз көрді.
Қаладағы күл-қоқыс мәселесі бірінші жыл айтылып жатқан жоқ. Алайда жауаптылар «сүттен ақ, судан тазамыз» деп жауапкершіліктен жалтарып қашады.
Тағы бір қызықты дерек, жер үйлерде тұратын тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын шығаруды жеке серіктестіктер жауапкершілігіне алған. Алайда олар халықтан қоқысты «сорттап» алуды шығарды. Яғни, қоқысыңның ішінде көкөніс немесе жеміс-жидек қалдығы болса, оны шығару үшін серіктестік жұмысшылары қосымша қаржы талап етуде. Олардың сөзінше бұл оларға артық жұмыс көрінеді. Сонда тұрғындар айма-ай тиісті төлемін төлеп отырса да, қоқысын «сорттап» отыруы керек пе?

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.