Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кеудемді кернеп, сағыныш толы тағы мұң…

0 859

«Ақ қауырсын» әдебиет беті маңайын нұрға бөлеп, көңілінде көктеген көктем мен сағынышы еткен күзді ақ қағазға төккен жандардың жазбаларын тұрақты түрде жариялап тұрмақ. Қауырсын қанатын сияға малып, жүрегінің үнін жазып жүрген жандардың проза мен поэзия әлеміне қалам тербегені жан қуантады.
Әдебиет беті бүгін қарымды журналист, ақын, жазушы, әріптестеріміз Есет Досалы мен Марат Құлибаевтың жүрекжарды жазбаларын оқырман назарына ұсынды. Ендеше, мархаббат!

Е.Досалы

Оңашадағы толғаныс
Кернейді сезім кеудемді,
Ойларым ішке көп толып.
Біреулер жақсы көргенді,
Біреулер жүрер жек көріп.
Әр баста мәңгі бақ тұрмас,
Сыяды қандай өлшемге.
Біреулер сені жақтырмас,
Біреуді жақсы көрсем де.
Бұл өзі бітпес жара ма,
Ойым жүр ойға қажалып.
Алыстап менен бара ма,
Қанменен келген тазалық?!
Өзіме жақпас ісім де,
Толғаныс кейде шыдатпас.
Тыныш жүргенім үшін де,
Кей көкем мені ұнатпас.
Ой ойлай берсең күнде азап,
Толғаныс мені қинайды.
Жек көргенімен бұл қазақ,
Өлімге бірақ қимайды.

Несіпбайдың ыңылы
(Композитор Әбиірбек Тінәліге)

Аға, сенің әнге айналды ғұмырың,
Жүректерге жетті самғап шын үнің.
Бала күннен құлағыңа құйыпсың,
Хат тасушы Несіпбайдың ыңылын.
Ойламаған маңдай терден басқасын,
Ізгіліктің бастай білген көш басын.
Бір аяқсыз сол көкеміз есекпен,
Бір ауылдың тарататын поштасын.
Менің әкем болатұғын сол көкем,
Есіме алып сағынышты селдетем.
Баурап алған сіздің көңіліңізді,
Көкемдікі қандай әуен болды екен?!
Сізге, аға, сезім сыйлап сол маңда,
Асыл көкем жүрді Ойықта, орманда.
Мүгедек шал шыға алмады ауылдан,
Шығар ма еді екі аяғы болғанда?!
Есіне алса Әбиірбек әз дарын,
Қайран көкем көңілімді қозғадың.
Хат таратып нені ыңылдадыңыз,
Сол бір ыңыл емес пе екен өз зарың?!
Қайран көкем бір ауылға үлгі едің,
Сол ыңылмен шақтың екен кімге мұң.
Ыңылыңнан әсер алып сезіп пе ең,
Ауылымда композитор жүргенін.
Кім өтпейді мына жалған ғұмырдан,
Көкеме де сұр топырақ бұйырған.
Басталыпты Әбиірбек әлемі,
Сол Несіпбай қария айтқан ыңылдан,
Хат тасушы көкем айтқан ыңылдан!

Толғаныс
Ауылға барсам, анамның көрем қабірін,
Кеудемді кернер сағыныш толы тағы мұң.
Асыл анама замандас болған жақсылар,
Мен үшін енді бәріңнің артық қадірің.
Ауылға барсам, анамның көрем мүрдесін,
Содан да болар, көңілсіз өтер бұл кешім.
Өзіңсіз маған, әрине, қиын жалғанда,
Баланың қамын анасындай боп кім жесін?!
Ауылға барсам, анамның көрем қорымын,
Көрсем-ақ болды, қоршайды келіп мені мұң.
Көз алдыма келеді қымбат, әзиз жан,
Құлаққа жетер сол мейірімі, сол үні.
Ауылға барсам, анамның көрем моласын,
Себепсізден бұл жерге кімдер жоласын.
Тағдырға көніп, Тәңірге шүкір айтқанмен,
Есінен кімдер шығарар дейсің анасын.
Ауылға барсам, анамның көрем қабірін,
Кеудемді кернер, сағыныш толы тағы мұң.
Еріне бағынып, ұрпағын баққан анама,
Мейіріміңді төге көрші, Тәңірім!

Екі дүние арасы…
Ғұмырдың қандай бағасы,
Келіспе, мейлі мақұлда.
Екі дүние арасы,
Алыс та емес, жақын да…
Ғұмырдың қандай пішіні,
Пенделер, түк те шешпейсің.
Сырласқан бүгін кісіні,
Ал ертең жоқ деп естисің.
Марқұмдар бізден алыстар,
Жүрерміз айтып, толғай да.
Қаншама дос бар, таныс бар,
Барлығы аман болғай да.
Біреудің өткір балтасы,
Біреуге біреу кекті екен.
Келмес күндердің қаншасы,
Араздықпенен өтті екен?!
Суық жандар да бас қосар,
Көріспей мүлдем жоғалмас.
Араздасқандар достасар,
Жоғалған уақыт оралмас.
Ешкімге өтпей зәбірің,
Қиянат жасап жүрмеңдер.
Өткінші ғұмыр қадірін,
Менен де артық білгендер.
Марқұмдар бізден алыстар,
Жүрерміз айтып, толғай да.
Қаншама дос бар, таныс бар,
Барлығы аман болғай да.

Балалық – балдәурен!
Қайран аңғал балалық шақ балдәурен,
Жұмысың жоқ ұрыс-керіс, жанжалмен.
Бұл күндері сол кездерді сағынып,
Өзімді өзім келемін тек алдаумен.
Аппақ қыста ақ ұлпа қар жауғанда,
Қарамастан шаршағанға, тоңғанға.
Желігіміз басылғанша ойнаушы ек,
Көңіліміз аппақ еді қардан да.
Қолымызға жентектелген қарды алып,
Қай сұлудың біз үрейін алмадық.
«Балалық-ай» дейтін бізге қызығып,
Үлкендерге қараушы едік таңданып.
Содан бері артта талай қалды күз,
Табылғандай өмірден өз орнымыз.
Көшедегі бүлдіршінді көргенде,
«Балалық-ай» дейтін болдық енді біз.

Сыныптастарым
Бала күнімнің куәсі – сыныптастарым,
Сендерменен бірге өтті тұнық жас шағым.
Өздеріңдей ешкім де жадырап сөйлеп,
Жүрегі нәзік ақынның жылытпас жанын.
Сағындырар көрмесем сыныптастарым,
Тұрар дәйім мен үшін биік бастарың.
Бәріңнің де сағымдай көз алдарыңда,
Мектептегі балауса ұмытпас шағым.
Орны бөлек көңілімде сыныптастарым,
Есейіппіз ауылда жүріп қас қағым.
Достасқан, ойнап, таласқан жақсы күндердің,
Бірін де келмес көңілімнен сырып тастағам,
Беу, беу, менің қадірлі сыныптастарым!
Жан едіңдер бәрің де адал, ғанибет,
Жақсылыққа жасаған қадамдары көп.
Сыныбымда оқыған қайран қыздардың,
Бәрі кетті жат жұрттың адамдары боп.
Есіме алсам сонау жыл көктеміндегі,
Талай қызық сәттерді мектебімдегі.
Сыныбымдағы ұлдардың келіншектері,
Осы күні ауылымның көп келіндері.
Жан екенбіз бәріміз арман іздеген,
Ойнайтынбыз жұлысып қарда қызбенен.
Сыныптастардың ұл-қызы барып жүр енді,
Мектебіне кеше біз барған ізбенен.

Шабындықта

(Повестен үзінді)

М.Құлибаев

Көптен күткен каникул да келіп жетті. Дидар атасымен ерте тұрып шабындыққа барып, келіп жүр. Ол атасының орған шөбіне шөмеле салады. Қария да биыл немересінің есейіп қалғанын жұмысынан байқаған. Тынығуға отырса, «шөп орамын» деп орағына жармасатын болған. «Құлыным-ау, бұл ораққа сенің шамаң жетпейді ғой», – дегенге көнетін бала емес. Талаптанып орақ сілтеп орған болады.
Орақ өткір. Әрі салмақты. Құлаштай сермеп еді, шалғы ұшы саз жерге қадалды. Күшке салып көріп еді, шалғысын шөп орап, ұстап қалды. Митыңдап намысқа тырысып бақты. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Орақтың ауырлығын енді сезінген бала оны жерге тастай салды. Құлақ түбінен шыр-шыр етіп өткен шегіртке өзін «әлін білмеген әлек» деп мазақтап бара жатқандай көрінді.
– Шаршадың ғой. Демал енді, – деп атасы күлді.
Бала шабылған шөптің үстіне етбетінен жата кетті.
– Саған әкең орған орақты тауып, саптап беру керек болды ғой. Сол ыңғайлы болады, – деді қария ойланып отырып.
– Алақай! Ата, әкем де мен сияқты кезінде шөп орып па еді сол орақпен? Бүгін тауып, саптап беріңізші маған, – деді бала орнынан атып тұрып.
Қария езу тартып, басын изеді.
Бір нәрсенің шеті шықса болды, соны қайтармалап айта беретін әдетіне басқан бала шабындықтан келгелі ызыңдап, ескі орақты іздеп жүр. Қарамаған жері жоқ. Темір-терсек тұратын сарайдың ішін сан рет ақтарып шыққан шығар.
– Осы боғатқа қыстырып қойған сияқты едім. Қайда тығып тастады екен? Жатыр ма, жатқан жерінде тұра берсе ғой, – деп атасы кемпіріне бұрқылдап ұрысып жүр.
– Керегі болса, сол кезде бір жерге белгілеп, тығып қоймайсың ба? Түстен кейін «анда жатқан еді, мұнда тұрған еді» деп мазаны аласың келіп. Түу, қара басқыр, қайда қойып едім өзін? – деп әжесі есіне түсіре алмай біраз әуре болды.
Әжесі де тынымсыз жан. Шашылып жатқан бар затты жинап, орын-орнына қойып, ескісі болса «бірнәрсеге жарап қалар» деп тықпыштап жүретін қашанғы әдеті. Жоқ іздеген міндетті түрде жоғалтқанын әжесінен сұрайтын. Аздап ұмытшақтығы болмаса, тыққанын әрдайым тауып беретін.
– Әже, қайда тықтыңыз? Тимей-ақ қоймадыңыз ба, тұра беретін еді ғой тұрған жерінде, – деді Дидар атасының сөзін қайталап, алқымынан алып.
– Аяқ асты болып жатқанда алғанмын. Пәтшағар, одан бері қанша жыл өтті. Осы уақытқа дейін шіріп кетпесе де. Қара басқыр… Балақанаға шықшы, сонда қойдым-ау шамасы, – деді бір кезде.
Шатырда не жоқ дейсің. Тең-тең болып қаптар жатыр. Темір-терсек, ыдыс аяқ. Інісі жатқан бесік те, ағаш төсек те – бәрі-бәрі рет-ретімен қаттаулы тұр. Шаң басқан заттарды ары-бері аударыстырып қарады да:
– Әже, қайда тықтыңыз? Мынаның ішінен тауып көр енді, – деп балақана тесігінен басын қылтитты.
– Құдайым-ау! Мына бергі бұрышта жатыр еді ғой, – деді әжесі күйіп-пісіп.
– Сенің қай қуысқа тыққаныңды қайдан білсін. Таппайды ол өзің шықпасаң, – деді атасы.
– Сен қақпас өлтіретін болдың мені, – деп әжесі бұрқылдап алды да, балақанаға өзі шықты.
Ортада Дидар қолын қусырып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап состиып тұр. Әжесі көп те іздеп әуре болған жоқ. Өзі айтқан бұрыш жақты ақтарып қарады да:
– Мә, мынау ма бәріңнің шала бүлініп таңнан іздеп жүргендегілерің? Тәйірі, – деп ернін салп еткізіп, орақты алдына лақтырып жіберді.
– Әжетайым менің, рақмет сізге, – деп немересі мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді.
– Бұл бар болғырлар енді өстіп өзімізді алдап қояды ғой, – деп әжесінің емешегі езіліп кетті.
Шалғыны тот басып кетіпті. Атасы оны жермаймен жуып, алдымен таттан тазартты. Содан кейін төске салып, шыңлады. Құрық ағаш саппен саптап, белдемшесін тартып берді. Дидардың қуанышында шек жоқ. Орағын үйдегілердің бәріне көрсетіп шықты. Көшеге шалғысын алып шығып, шарбақта өсіп кеткен шөпке орақ салды. Атасыныңкідей емес. Қылпып тұр. Лезде шарбақтың ішін орып тастады.
Оған қызығып кеткен інісі де шалғы ұстағысы келіп кетіп:
– Қане, берші маған да. Мен де орып көрейін, – деп орағына жармасты. – Жеп-жеңіл екен, – деді салмақтап көріп.
– Ата, маған да біреуін жасап берші. Мен де сіздермен бірге барып шөп орайын, – деді қиылып ол.
– Талабыңнан айналдым, құлыным. Құдай қаласа, шөпті сендер жинамағанда, енді кім жинайды?! Қазір күш-қуатым барда әкелеріңе жәрдем болсын деп жатқаным ғой. Енді, міне, бір-екі жылда сендерді жұмсап, үйде шіреніп отыратын болдым, – деп күлді қария.
Бүгін Дидар күндегіден ерте тұрды. Оның оятары атасының төске салып орақ шыңлағандағы шың-шың еткен дыбыс еді. Ертеңгі ұйқының есесін түсте қайтарып алып жүр. Орағын арбаға салып, тайына бет алды. Есек арбаны шабындыққа айдап баратын – атасы. Ал өзі қасқа тайды мініп, соңынан желе ілесіп отырады. Атасы мен немересі күнде осылай сай-саладан шөп шауып әкеліп жүр.
Тайын арқандап, Дидар шөпке орақ салды. Құлаштай сілтеп, атасынан қалып қоймауға тырысуда. Кешелі бері біршама үйреніп қалыпты. Аздап қары талғаны болмаса, машықтанып-ақ қалған. Қызыға орып жатыр.
Қария болса, немересінің орақ сілтегеніне сүйсіне қарап тұр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.