Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаланы таза ұстау – бәріміздің міндетіміз!

0 882

Тарихтың темірқазығына айналған Тараз қаласы күн өткен сайын түрленіп, көркейіп келеді. Әсіресе соңғы бес жылда атқарылған ауқымды жобаларға тұрғындар дән риза. Бұл ортағасырлық жәдігерлер көптеп табылған көне қалада туризмге ерекше көңіл бөлінгеннен болса керек. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені расында қала халқы жиі баратын орынға айналды. Қала қонақтары да ортағасырлық сәулет өнерінің үлгісінде бой түзеген ғимараттарды тамашалап, таңданысын жасыра алмауда.

Осы тұста Талас өзенінің жоғары жағында мен мұндалап тұратын «Тектұрмас» этнотарихи кешенін ерекше атап өтуіміз керек. Естеріңізде болса, аталмыш екі ірі кешеннің құрылысы көпке ұзамай біткен болатын. Бұрын кешқұрым сыртқа шығып, серуендеп қайтуға қолайлы орындар да санаулы еді. Қазір қаладағы аллеялар мен саябақтардың көбі жаңартылды. Әрі сол саябақтарды күтіп ұстауға да ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 163 аула абаттандырылып, тозығы жеткен асфальттар сүрілді. Бордюрлер ауыстырылып, балаларға арналған ойын алаңшалары жаңартылған. Оның қызығын қазір тұрғындар көріп отыр. Бұл, бір жағынан, бұқаралық спортты дамытуға ерекше серпіліс болды десек те жаңылмаймыз. Сол аулада шынығып өскен балалардың ертең спортқа қызығушылығы оянып, ел мерейін үстем ететін жампоздардың қатарында болатындығы хақ. Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы көпқабатты үйлерді модернизациядан өткізу жұмысы қарқын алды. Бұл бағыттағы толағай іс биыл да тоқтаған жоқ. Мысалы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасын айтсақ болады. Бұдан бөлек, жуырда қаланың автопарктері жаңа автобустармен толықты. Тіпті былтыр қалада бірнеше автобус сынамадан өтіп, кейін қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізілгенде, көптің таңдауы «Golden Dragon» маркалы автобусқа түскен еді. Енді сол автобустар жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді бастап кетті. Міне, жоғарыда «Тараз күн санап түрленіп келеді» деген сөзімнің дәлелі – осы. Қала тұрғындары да бірер жылда жүзеге асқан ауқымды жұмыстарға қарап, қазір қаланың қай бағытта дамып жатқанын біледі. Сәйкесінше, мәдениет те қалыптасуда. Тараз – еліміздегі көптеген қалаларға қарағанда таза, жасыл желегімен көрікті, ерекше үлгідегі нысандарымен көркем һәм жайлы қала. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен музей де жаңарып, «тарихи қала» деген атқа лайық болып келеміз. Иә, мұның барлығы ең әуелі қала тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Осыны көпшілік санасына сіңірсе деген тілек бар. Сонда ғана көне шаһар одан әрі түрлене түсетініне кәміл сенеміз. Қала басшысы Ержан Жылқыбаев та шаһардың тазалығын сақтауда тұрғындарды бейжай қалмауға шақырып отыр.
Тілеукүл Жанболатова,
зейнеткер

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.