Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Білікті заңгер, ұлағатты ұстаз

0 61

Заң – мемлекеттің тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі. Құқық үстемдігі орныққан елде әрбір азаматтың құқығы қорғалып, заң талаптары баршаға бірдей қолданылады. Әділдік пен тәртіп салтанат құрған қоғамда ғана адамдардың мемлекетке деген сенімі нығайып, елдің өркендеуіне жол ашылады.

Бұл ретте құқық саласының дамуына үлес қосып жүрген білікті мамандардың еңбегі айрықша. Жамбыл облысында да заң мен әділеттілікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық білім мен ғылымды дамытуға атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – биыл алпыстың асқарына көтерілген заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі Құрманбек Сағынбеков.
Ғалымның мерейтойына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң мен тәртіп: құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және жаңа Конституция қағидаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналған жиынның ашылу салтанатында университет президенті Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ғылым мен білім саласындағы еңбегіне тоқталды.
– Әрбір азаматтың өмір жолында бағындыруды қажет ететін үлкен белестер мен жетер биіктер болады. Өмірлік белестерден абыроймен өтіп, таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, ғылым мен білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әріптесіміз Құрманбек Сағынбекұлының мерейтойына орай қадірлі профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері, заңгерлер қауымы, алыстан арнайы келген қонақтар мен шәкірттері университет қабырғасында бас қосып отыр.
Заң саласы – жауапкершілігі жоғары, күрмеуі күрделі сала. Құрманбек Сағынбекұлы – осы жолда аянбай еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азамат. Ол тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйе- сінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып, талай шәкіртке тәлім-тәрбие берді. Университет қабыр- ғасында студенттерге өзінің мол тәжірибесін бөлісіп, болашақ заңгерлердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етіп келеді. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден артық қуаныш жоқ. Сондықтан Құрманбек Сағынбекұлының еңбегі құқық саласындағы қызметімен ғана емес, кейінгі буынға берген білімі мен өнегесі арқылы да бағалы, – деген Ерболат Байұзақұлы кеш иесіне ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты.
Содан соң сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева ардагердің заң саласында атқарған жемісті еңбектерін тілге тиек етті.
– Биылғы 2 қазанда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 2026 жылғы «Байсалов оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Онда біз «Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген конституция- лық формуланы талқыладық. Бүгін сол әңгімені екінші қырынан жалғастыру орынды. Табиғат халыққа тиесілі болса, мемлекет адам үшін өмір сүреді. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның 1-бабы мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін бекітеді.
Бүгінгі конференция «Заң мен тәртіп» деп аталады. Құрметті Құрманбек Сағынбекұлы, Сіздің өмір жолыңызды сипаттау үшін бұдан артық сөз табу қиын. Жиырма жылдан астам ішкі істер органдарында қызмет етіп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясы бастығының орынбасары лауазымына, полиция полковнигі атағына дейін көтерілдіңіз. Сіз – ұрыс қимылдарының ардагерісіз, қызмет үздігісіз. Тәртіптің құнын оқулықтан емес, өмірден білесіз.
Кейін келе сирек әрі батыл таңдау жасап, қызмет тәжірибесін ғылыми білімге айналдырдыңыз. Кандидаттық диссертация, жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек, прокурорлық қадағалау, қылмыстық процесс, экономикалық қауіпсіздік және қылмыстық-атқару құқығы мәселелері бойынша он оқу құралы – сол еңбегіңіздің нәтижесі. 2010 жылдан бері осы тәжірибені студенттерге үйретіп келесіз. Сіздің ұстаздық жолыңыздың М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен де байланысты болғаны біз үшін ерекше мақтаныш. Шәкірттеріңіз бүгін заңға қызмет етуде. Бұл – Сіздің еңбегіңізге қойылған ең үлкен ескерткіш, – деді Ләззат Қалымбекқызы.
Сонымен қатар халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Скаков, Тұран университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Талғат Әкімжанов, Ресей мемлекеттік сот төрелігі университеті «Азаматтық құқық» кафедрасының меңгерушісі Анна Ананьева, Ташкент мемлекеттік заң университеті «Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Махмут Утемуратов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті «Конституциялық және халықаралық құқық» кафедрасының қауымдас- тырылған профессоры Маржан Билялова секілді ғалымдар онлайн және офлайн форматта ғылыми баяндамалар жасады.
Осы ретте мерейтой иесінің өмірдерегіне тоқталып өтсек. Құрманбек Сағынбекұлы 1966 жылы 11 қазанда Жамбыл ауданына қарасты Қызылабад ауылында дүниеге келген. Бала күнінен алған тәрбиесі мен мектеп қабырғасында жинаған білімі оның болашақ өмір жолына негіз болды. 1973-1983 жылдары «Құмшағал» станциясында орналасқан №24 орта мектепте оқып, білім ордасын үздік аяқтады. Еңбекке ерте араласқан ол алғашқы еңбек жолын «Жамбыл» станциясындағы локомотив депосының механикалық цехында слесарь болып бастайды.
1984 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түскенімен, сол жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, әскери борышын өтеуге аттанды. Ресейдің Кострома қаласында екі жыл азаматтық міндетін абыроймен атқарған соң елге оралып, өмірінің келесі белесіне қадам басты. 1987 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасына қызметке қабылданды. Қызметтің алғашқы жылдарынан-ақ жауапкершілік қасиеттерімен ерекшеленіп, 1989 жылы КСРО ІІМ Уфа жоғары мектебіне оқуға жіберілді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ол оқуын Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары мектебінде жалғастырды. 1993 жылы аталған оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтап, алған білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Сол жылы Жамбыл облысы Ішкі істер басқармасында офицерлік қызметін жалғас- тырды. 1993-1996 жылдар аралығында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу және заңдылықты қамтамасыз ету бағыттарында еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады.
Ал 1996 жылы Қостанай қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Жоғары мектебіне қызметке ауысуы оның еңбек жолындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Кейін институт, одан соң Академия мәртебесін иеленген білім ордасында Құрманбек Сағынбекұлы әр жылдары түрлі жауапты лауазымдарды атқарды. Құқық қорғау саласындағы тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастыра отырып, қызметтік міндеттерін абыроймен орындады. Әсіресе кадр даярлау мен тәрбие жұмысына қатысты жауапты қызметтерді атқаруы оның кәсіби жолындағы маңызды белестердің бірі болды.
Көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесінде Академия бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілген Құрманбек Сағынбекұлы полиция полковнигі арнайы атағымен құрметті зейнет демалысына шықты. Бұл – оның құқық қорғау саласындағы ұзақ жылғы қызметіне берілген лайықты баға. Ол – КСРО ІІМ және Қазақстан Республикасы ІІМ қызметінің үздігі, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері.
Құрманбек Сағынбекұлының ғылыми ізденісі мен кәсіби біліктілігі де оның құқық саласындағы көпжылдық тәжірибесімен сабақтасып жатыр. 2005 жылғы 1 маусымда Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі ғылыми-зерттеу институтында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Ал 2007 жылы Қазақстан Республикасында қайта аттестаттаудан өтіп, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі ресми түрде бекітілді. Осылайша ол құқық қорғау саласындағы тәжірибесін ғылыми зерттеулермен ұштастырып, отандық заң ғылымының дамуына да өз үлесін қоса бастады.
2010 жылдан бері жоғары заң білімі беру саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ғалым қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Заң» факультетінде доцент қызметін атқарып, болашақ заңгерлерге білім мен тәрбие беруде. Оның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттары – қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық-атқару құқығы. Бүгінде ол – 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, соның ішінде 10 оқу құралының авторы. Ғалымның еңбектерінде қылмыстық саясатты жетілдіру, қылмыстың алдын алу, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінің тиімділігін арттыру, заңдылықты нығайту және адам құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен зерделенеді.
Ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп, ғылым мен білім беру ісіне де айрықша көңіл бөлген Құрманбек Сағынбекұлының өмір жолы – кәсіби адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің жарасымды үлгісі. Бүгінде мол тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, болашақ заңгерлердің білімі мен біліктілігін арттыруға атсалысып жүрген ұстаздың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.