Жамбыл облыстық қан орталығында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындарды қабылдады.
Шаһар басшысының қабылдауында қан орталығы қызметкерлерінің көкейіндегі мәселелер қозғалды. Стратегиялық бағыт және экономикалық жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Перизат Жаманқұлова қоғамдық көліктерде монитордан қан донорлығына шақыратын әлеуметтік жарнамаларды көрсету мүмкіндігін қарастыру керектігін алға тартты. Алайда мемлекеттік бюджет есебінен қала ішінде жүретін қоғамдық көліктерге монитор, экран қоюға қаражат қарастырылмаған. Бұл орайда тек донорлыққа шақыратын ақпараттық қағаздар ғана қоғамдық көлікке орналастырылатын болды.
Осы орталықта аға медбике болып қызмет ететін Алтынай Сұранова қан орталығында жұмыс атқаратын қызметкерлердің жұмыс орнына жету қиындығын, сондықтан автобустардың бағытын қарастыру қажеттігін ескеруді сұрады. Бұл сұраққа шаһар басшысы:
– Қан орталығы орналасқан Әл-Фараби көшесі арқылы 15-ші шағын ауданға қарай баратын бағыттың қозғалыс сызбасы дайындалып, қызмет көрсету құқығын беру үшін конкурс жарияланды. Алдағы уақытта қатысушы тіркелген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес келісімшарт жасалатын болады, – деп жауап берді.
Орталықта инженер қызметін атқаратын Сайлау Жаңабаев: «Облыстық қан орталығы ғимаратының бір бөлігін («А» және «Б» блоктарын) «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК теңгеріміне беру жоспарланып отыр. Осыған байланысты келушілер мен көліктер саны артады. Қазіргі таңда мекеме аумағындағы автотұрақ қан орталығына келушілер үшін ғана есептелген. Сондықтан Әл-Фараби көшесі бойынан қан орталығына қарама-қарсы аумақтан автотұрақ салу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», – деді.
«Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ мамандары тарапынан зерделеу жүргізу барысында Әл-Фараби көшесі бойынан, қан орталығына қарама-қарсы аумақтан автотұрақ салу үшін бос жер телімі анықталмағаны, аталған жерге автотұрақ салуға бюджеттен қаржы қарастырылмағаны айтылды.
Өз кезегінде жас отбасы ретінде ипотекалық пәтерді бастапқы жарнасыз алуға, зейнетақы қорында жинақталған қаражат есебінен несиесін жабуға ықпал етуді сұрағандар да болды. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындардың өтініші жерде қалмайтынын жеткізіп, тиісінше жауапты сала мамандарына тапсырма жүктеп, талаптардың орындалатынын баса айтты.
Ақнұр НҰРЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті