Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен қала әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Кеңестің бекітілген ережесіне сәйкес жастарға кәсіби, рухани, мәдени білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға, талантты жастарға қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмысқа тартып, олардың мәселелерін шешу мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде.
Қала тұрғындарының жалпы саны – 363 731, оның 74 588-і 14 пен 29 аралығындағы жастарды құрайды екен. Өңірдегі 60 мектепте 76 926 оқушы білім алса, оның ішінде 14-18 аралығындағы жасөспірімдер саны – 26 918. Сондай-ақ 24 оқу орнында – 35 206, жоғары оқу орнында – 19 023, арнаулы орта оқу орнында 16 183 студент білім алуда.
– Бүгінде жастардың өзінің сүйікті ісімен айналысуына үлкен мүмкіндік жасалуда. Өз кәсібін ашамын, мемлекеттік қызмет немесе өндірісте еңбек еткісі келгендерге зор мүмкіндік бар. Цифрализация заманы болғандықтан, кейбір жастар үйде онлайн форматта әрбір сағатын бос өткізбей, ақша тауып отырғандары да бар. Жұмыссыздық деңгейі де алаңдатады. Жастар кейде ұсынған жұмысқа келе қоймайды. Олар айлық аз, орын жоқ немесе тағы басқа да себептерді айтады. Егер өз ұсыныс, жеке жобасымен келсе, жастарға грант пен жеңілдетілген несие бөлуге қарайласамыз, – деді қала әкімі Ержан Жылқыбаев.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстағы басқармасының мәліметтері бойынша Тараз қаласында 2021 жылдың І тоқсанында 200 қылмыс тіркелсе, оның 108-і жастар қылмысы екен. Сондай-ақ полиция бөлімінің есебінде арнаулы оқу орындарының студенттері мен орта мектептердің 39 оқушысы тұр. Жастарды әлеуметтендіру, қылмысты болдырмау, азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында түрлі көпшілік мәдени іс-шараларға тартылып та жүр.
– Қаладағы басты мәселелердің бірі – NEET базасын жасау. Осыған орай жастар орталығы қызметкерлері 3700-іне адрестік жұмыстар жүргізіп, 1088-ін жұмыссыз санатына алса, 825-і мәлімет беруден бас тартты. 210 жас өзге өңірлерде, 17 адам басқа мемлекетке оқуға немесе жұмысқа кеткен, 12 адам әскерге жөнелтілген, 369 адам бала күту демалысында болса, 677-і байланысқа түспеді. NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, бүгінге дейін 100 жас «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының қатарына тартылды. Жастарды жұмыспен қамту және өзге де шешімін таба алмай жүрген мәселелері бойынша кеңес беру алаңдары ұйымдастырылуда. Бұған дейін кеңес беру алаңдары адам көп шоғырланатын орындарда, яғни «Аватария» сауда үйі, «Тәтті себет» дүкендер желісінде өткізілді. 100-ге жуық жас «Отбасы» банкінен жинақ шотын ашып, үй алу мәселесі бойынша құқықтық көмек көрсетілуде. Сонымен қоса, 50-ден аса жасқа кәсіп ашу мүмкіндіктері мен 200 АЕК көрсеткіште грант алу бойынша кеңестер беріліп, құқықтық көмек көрсетілуде, – деді Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов.
Алдағы уақытта жастар белгілі бір салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесіп, инновациялық және бизнес жобалар байқауын өткізіп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Жеңіс» саябағында әр аптаның сенбі күндері ашық аспан астында кинотеатр жұмысын ұйымдастыру қолға алынып жатыр. Сонымен қоса қазіргі кезде «Мега МИ» атты логикалық, математикалық дағдыларды дамытуға арналған үйірменің ашылуына дайындық жұмыстары да жүргізілуде екен.