Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ежелгі мұралар – тарих пернесі

0 309

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «Ақыртас – тарих куәгері» атты баспасөз турын ұйымдастырды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараздың өткен тарихын ақтарсақ, Ұлы Жібек жолының сілемдері туралы мәліметтердің арасынан картадағы маңызды нүктелердің біріне айналған көне Таразды аттап кетпейтініміз анық. Осынау көне шаһардың атын алты алашқа мәшһүр етіп, өткеннің ізін бүгінге жалғаған Қарахан, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерінен басталып, «Ақыртас» сарай-кешенімен аяқталған маршрут көненің көзі болып, өткеннен сыр шерткен ескерткішке айналған орындарға сапар шекті.

Қарахан мен Дәуітбек

Ең алдымен ат басын Қарахан мен Дәуітбек кесенелеріне бұрдық. Бұл екі ескерткіш Қазақстан Республикасының мәдени мұралары тізіміне еніп қана қоймай, Жамбыл облысының туристері мен тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Кесене қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Бұл кесенелердің қабырғасы XI ғасырда қаланған ең ежелгі құрылымдардың бірі. Екі ескерткіш те мемлекеттік қорғауда.

Айша бибі және Бабаджа хатун

Айша бибі Тараздан оңтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде орын тепкен. Бұл кешен махаббаттың символы болып қалыптасқан.

Айша есімді қыз отбасы келісім бермеген соң, жасырын түрде үйлену үшін сүйікті Қараханына қашып кетеді. Олардың бірге болуына тыйым салынған. Бірақ олар бәрібір бақытқа қол жеткізе алмайды. Себебі Айшаны жылан шағып, мерт болады. Айшаның сүйіктісі қатты қайғырып, ғашығының құрметіне зәулім кесене тұрғызады. Сол кесене күні бүгінге дейін бойын тіктеп, әлі де ғашықтардың куәсіндей сол қалпында сақталып қалған. Аңыз бойынша Қарахан өз кесенесін Айша бибінің күмбезінің дәл жанынан, көрініп тұратындай етіп салуды өсиет етіп, ақыры сол мақсатына жеткен.

Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелері ортағасырлық сәулет өнерінің нағыз ескерткіштері болып табылады. Аңыз бойынша Бабаджа хатун қыздың адал серігі және тәрбиешісі болған. Бабаджа хатунның қабірі оның қолшатыр тәрізді күмбезімен ерекшеленеді. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін тек қасбеттің қабырғасы және кесененің басқа бөліктерінің ұсақ сынықтары сақталған. Кесенеге келушілер есімдерін кесене қабырғаларына жазып, тарихи ескерткішке үлкен зиян келтіреді. Қала тұрғындарының мұндай өрескел қылығына Қарахан мен Айша бибінің махаббат хикаясына деген қызығушылық себеп болуы мүмкін. Алайда өткен ғасырдың мұрасына дақ түсірмей сақтаудың да өз мәдениеті бар екенін ескере кеткен жөн.

Ақыртастың құпиялары

Ежелгі Ақыртас құрылымы Тараздан 45 шақырым жерде орналасқан. Ақыртастың құпиялары күні бүгінге дейін толық ашылмаған. Біреулер бұл араб губернаторының сарай-кешені десе, басқалары бекініс деген болжам айтады. Ал енді бірі христиан немесе будда храмы деп жүр. Негізі жергілікті тұрғындар Ақыртасты күш беретін және күшті энергия жинайтын орын деп санайды. Мұндағы ірі қой тастар адамды қуаттандырады және барлық аурулардан емдейді деп сенеді. Ақыртастың салыну уақыты туралы нақты деректер жоқ. Бір нұсқа бойынша бұл VIII ғасырда болған. Ақыртастан алыс емес жерде археологтар қарауыл мұнарасының іргетасының іздерін тапқан. Кешеннен бірнеше ондаған метр жерде тағы да сарай табылған. Сарай кешенінен айырмашылығы – мұнда монеталар, ыдыс-аяқтар және басқа да тұрмыстық заттар табылған.

– Біз сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру және қорғау бойынша көптеген жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Туристердің жайлылығы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бірақ әлі де көп жұмыс істеу керек. Қай нәрсе болмасын бірлескен күш-жігердің арқасында ғана жетістікке жетеді. Бұл тарихи мұралардың күннен-күнге көркейіп, көріктене түсуіне бәріміз үлесімізді қосамыз, – деді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев.

Бұл күні БАҚ өкілдерінен көптеген ұсыныстар жасалды. Жоспарлардың толық орындалуына кедергі болатын мәселелер де айтылды. Мәселен, Ақыртаста бүгінгі күнге дейін су жүйесі орнатылмаған және бұл туристер үшін күрделі мәселе. Бірақ қызметкерлердің айтуынша, бұл мәселе де жүйелі түрде және қысқа мерзім ішінде шешілуге тиіс екен.

Жиын соңында турға қатысушыларға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлерінің атынан Алғыс хат ұсынылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.