Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев бастап жергілікті полиция қызметкерлері түнгі рейдке шығып, санитарлық ережені сақтамаған кафелерді анықтады.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының таралу деңгейі бойынша өңір «жасыл» аймақта. Соған сәйкес шағын тамақтану орындарына 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат. Бірақ нұсқауды елемей, табысын арттырып, еселеп пайда табуды көздеген кейбір кафелерде «карантин уақыты» деген тіптен жоқ.
Әуелі «M FASHION» мейрамханасына ат басын бұрған қала әкімінің орынбасары онда бірде-бір қонақтың жоқ екеніне куә болды. Онда тек үстелдерді жиыстырып жүрген даяшылар ғана бар екен. Осы ретте жергілікті полиция инспекторлары мейрамхана басшылығына карантин нормаларын сақтап, белгіленген уақытқа сай жұмыс істеуді тағы бір мәрте ескертті. Топ Ташкент көшесінің бойындағы «Z BAR» кафесіне барғанда жағдай мүлде бөлек болып шықты. Кафенің есігі жабылған. Бірақ ішінде адамдардың дабырлаған дауысы анық естіліп тұрды. Шамамен 15-20 минуттан соң қонақтар сыртқа көрші үйдің шатыры арқылы шығып, нысан орнынан тысқары тұрған көліктеріне мінгесіп кете барды. Бірақ нысан иесі кафені сол күйі ашпады. Жамбыл даңғылындағы «Marco Polo» кафесінде де дәл осындай оқиға қайталанды. Кейбір қонақтар сыртқа шығып үлгерді. Нысанның темір дарбазасының арғы жағында жаңғырған әуен сыртқа естіліп тұрды. Асхана мен кафенің арасында тапсырысын жеткізуге шыққан аспаз екі ортада сандалып әлекке түсті. Бұл кезде нысан басшылығы өз территориясындағы кафенің де есігін бекітіп алған еді. Шамамен жарты сағаттан кейін кафе басшылығы қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтқанына құлақ асып, есікті ашты. Жергілікті полиция қызметкерлері бұған дейін де барлық жайтты бейнежазбаға түсіріп жүрген. Тәртіп сақшылары бұл жолы да кафенің ішін мұқият түсіріп алды.
Сонымен, қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың басшылығымен ұйымдастырылған рейдте түнгі уақытта жұмыс істеп тұрған бір ғана нысан нақты анықталды. Жергілікті полиция қызметкерлері бейнежазбаны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдайтынын айтты. Енді санитарлық нормаларды бұзған нысан иесіне қатысты шешім шығарып, айыппұл салу сол мамандардың құзырында.