Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік, мәдени, коммуналдық-шаруашылық нысандарын аралап, жұмысымен танысты.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Шаһар басшысы алдымен Тараз теміржол вокзалына барды. 2013 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген нысанның сыртқы бейнесі мен қазіргі жағдайына халық тарапынан шағымдар аз болмай тұр. Осы жайтты ескере отырып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Жамбыл облысы әкімдігі мен «ҚазақстанТемірЖолы» ҰҚ» АҚ арасында келіссөз жүргізілген болатын. Нәтижесінде нысанға 300 миллион теңгеден астам қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болды. Ержан Жұматұлы аталған міндеттерге сәйкес теміржол вокзалының қызметкерлері және жолаушылардың пікірін тыңдады. Тікелей облыс әкімінің қолдауымен жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары Тараз қаласы әкімдігінің бақылауында болмақ.
Осы аптада республикалық «Время» қоғамдық-саяси газетінде өңірдің Әулиеата кезеңіне қатысты тарихи аумақ туралы «Завтра может и не быть» мақаласы жарияланған болатын. Аталған мәселе бойынша шаһар басшысы нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.
– Ғимараттарды ескерткіш ретінде сақтап, қайта қалпына келтіру үшін арнайы сараптама өткізілуі қажет. Осы мақсатта облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру дирекциясы 5 миллион теңге қаражатқа бюджеттік ұсыныс берген. Сараптама қорытындысына сәйкес нысандарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік болған жағдайда, Тараз қалалық әкімдігі кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу арқылы аумақты мемлекет меншігіне алып, туристік аймаққа айналдыруға дайын. Қазіргі таңда нысан иелеріне ғимараттың тарихи ерекшеліктерін сақтай отырып, күтіп-ұстау келісілді, – деді әкім.
Тараз қаласындағы ең ірі ХҚКО-ның бірі Қойгелді көшесінің бойында орналасқан. Бүгінде мұнда 76 қызметкер жұмыс істейді. Жылына 130 мыңға жуық қызмет көрсетілетін орталықта үлкен және кіші күту, өзіне-өзі қызмет көрсету залдары бар. Жалпы орталықтың жұмысы жақсы жолға қойылған. Ержан Жылқыбаев қала тұрғындарының басым бөлігі осы орталыққа келетіндіктен, халыққа қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты.
Келесі танысқан нысан Жамбыл даңғылы бойындағы автобекет болды. Пандемияға байланысты қазір жолаушылар саны аз. Қала және ауданаралық бағыттарға қатынайтын көліктерде карантиндік шаралар сақталған. Дегенмен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау үшін автобекет аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізу керектігі ескертілді.
Шаһарда өткен жылы 163 аула жөнделіп, балалар алаңдары салынды. Бұл мақсатқа 2 миллиард 250 миллион теңге қаражат бөлінген. Өкінішке қарай, жыл өтпей жатып кейбір аулаларда асфальттар көтеріліп, балалар алаңдары қирап жатыр. Бұл туралы бұған дейін де БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде айтылған. Осы жұмыстардың басым бөлігін «Асыл Инвест Professional» ЖШС, «ЕрК Астана» ЖШС, «Қаратау жолдары» ЖШС сияқты мердігер компаниялар атқарған.
– Жұмысын сапасыз орындаған компания басшыларымен кездесу жоспарымда. Орын алған олқылықтың орнын толтыру талап етілетін болады. 2021 жылы жөнделетін аулаларда заманауи әрі қауіпсіз балалар алаңдарын салу көзделіп отыр, – деп атап өтті қала әкімі.
Сондай-ақ «Жансая» мөлтек ауданы, Б.Момышұлы көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол құрылысының ұзаққа созылуынан халық тарапынан да шағымдар көп. 2020 жылы жұмыстың жартысы ғана атқарылып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қалған бөлігі 2021 жылға өткен. Қазіргі таңда асфальт жабындысын (фрезалау) және жиектастарды демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Алайда жолды жөндеу жұмыстарын аяқтау әзірге мүмкін емес. Себебі ең алдымен су құбырларын толық орнату қажет. Дегенмен халыққа қолайсыздық туғызбау үшін жолды кезең-кезеңімен жауып, ауа райының қолайлы күндерін барынша пайдаланып, мерзімінде аяқтау тапсырылды.