Тараз (Талас) туралы ортағасырлық географтар, тарихшылар мен саяхатшылар көптеген мəлімет қалдырған.
Себебі қала Ұлы Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Авторлар Тараз жайлы жазғанда, ең алдымен, оның сауда саласындағы маңызы туралы айтады. Өйткені сол кездегі халықтардың өмір сүру деңгейі тек саудамен бағаланатын. 630-жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь Тараз қаласында біраз күн аялдап, оны қызыға тамашалаған екен. Оның: «Таластың аумағы – 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады», – деп жазғандары сол кездегі Тараздың аумағын анықтауға көмектесер өте тамаша дерек көзі еді. Одан кейін үш ғасырдан соң осы қалаға келген жиһангез Ибн Хаукаль да қаланы дəл осылай – «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Ал араб тарихшысы Әл-Макдиси болса: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала», – деген мəліметтер қалдырады. ІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы», – деп жазған. Міне, Талас өңірінің мәдени ошақтарының негізі болған Тараз қаласының айналасына көптеген қалалардың топтасуы заңдылық екені белгілі.
Ал енді осы ұлық қалаға айналған Тараздың төңірегіндегі алыс-жақын орналасқан орта ғасырлардағы жазба деректерде кездесетін қалаларға оралайық. Деректерде ежелгі Тараз қаласының төңірегінде Балу, Шігіл (Жікіл), Барысхан (Төменгі Барысхан), Отлақ (Атлах), Жамукат, Бектөбе, Құлан, Меркі, Аспара, Тамды деген қалалардың атаулары кездеседі. Бұл қалалардың барлығы да өз заманында еліміздің тарихи-мәдени дамуына үлкен үлес қосқаны айдан анық. Егер бұл қалалар сол дәуірде дамып гүлденбесе, онда олар тарихшылар мен саяхатшылардың көзіне ілінбеген де болар еді ғой. Әрине, анау айтқандай үлкен қалалар болмаған да шығар, бірақ кішігірім қала болса да, өз заманының мәдениеті қалыптасқан қалашығы болғанын мойындауымыз керек.
Солардың бірі – Шігіл қаласы. Ол туралы Əл-Мукаддаси: «Шігіл – Тараздан дауыс жетер жердегі шағын қала», – деп сипаттаса, ал Махмұт Қашқари болса: «Шігіл –түрктердің үш аймағының бірі, Тараз-Талас қаласының жанындағы бір қалашықта тұратындар да «Шігіл» деп аталады», – деп көрсетеді. Бұдан біз Шігілдің Тараздың дәл түбіндегі қала екенін байқаймыз. Осы Шігіл қаласын археолог ғалымдарымыз Г.И.Пацевич, Т.Н.Сенигова, К.М.Байпақовтар Тараздан оңтүстік-шығыста 3 шақырым жерде орналасқан Жалпақтөбе қаласы деп көрсетеді. Жалпақтөбе – VІІ-ХІІ ғғ кезеңінде өмір сүрген қала. Әрине, бұл атаудың қайдан шыққаны да әлі күнге дейін зерттеусіз қалып келеді. Археолог А.Н.Бернштамның пікірінше, Шігіл Ыстықкөл мен Тараздың маңын мекен еткен түріктердің Жікіл тайпасының атымен аталған екен. Қазіргі қазақ тайпасының ішінде де әлі күнге дейін өшпей келе жатқан Шығыл деген ру-тайпа бар. Бұл осы тайпаның мекендеген жеріне қала соқтыруынан аталған да болар. Қашқари да осыған меңзейтіні байқалады. Қазыбек бек Тауасарұлы да өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты 1776 жылы жазған қазақ шежіресі кітабында, Үйсін Елсау бидің үлкен ұлы Нулының баласы Азық деген атамыздың ұрпағынан тарайтын «Шығыл» деген тайпа сол замандағы ең ірі рулардың болған еді деп жазады. Кейбір ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге қарасақ, Шігілде ХІІ ғасырда өмір сүрген, мұсылман дінін уағыздаушы Әбдрахман әл-Мұхаммед ибн Яхия туған деген де мәліметтер бар. Енді бұл мәселені қазақ ру-тайпаларының шығу тегін зерттей отырып, болашақ жас ғалымдар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, қазақтың әрбір тайпасының өзіндік қалажұрты мен қалалық мәдениеті болғанын мақтанышпен айту ғана болатын.
Тағы да Əл-Мукаддасидің Төменгі Барысхан жайында: «Барысхан шығыста екі адамның дауысы жетер жерде, оны қоршаған қамал бұзылған. Мешіті базардың ортасында орналасқан», – деген мəліметтері бар. Тараздан Төменгі Барысханға дейін 3 фарсах. Төменгі Барысханды археолог Т.Н.Сенигова Тараздан солтүстік-шығыста, Талас станциясының жанындағы Төрткүлтөбе деп көрсеткен. Төрткүлтөбе VІІ-ХІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген. Осы Төменгі Барысхан қалашығын, яғни Төрткүлтөбе қаласын алғаш 1940 жылы Жамбыл археологиялық пунктінің экспедициясы (Г.И.Пацевич) зерттеген. Ал 1956 жылы ҚазКСР ҒА ТАСИ Жетісу археологиялық отряды (Т.М.Сенигова) зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізеді. 1985 жылы Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени ескерткіштері Жинағы археологиялық экспедициясының отряды зерттеп, тік бұрышты екі қабатты төбе тұрпатты болып келген қала қабырғалары төрт тарапқа қаратылғанын анықтайды. Шахристанда жасалған қазбалар ошақтары мен тандырлары бар бірнеше үй-жай, қора-қопсы құрылыстарын ашты да, оларды VIII-IX ғасырларға жататынын айқындап, қаланың «Төменгі Барысхан қаласы» екенін дәлелдеді.
Келесі қаламыз – Жамукат. Жамукат туралы деректер X ғасырдың географы Әл-Макдисиде, сондай-ақ Нершахидің «Тарих-и-Бұхарасында» кездеседі. Ол жазба деректерде: «Жамукат үлкен. Оны қамал қоршаған. Мешіті қамалдың ішінде, ал базарлары рабадта», – делінген. Жамукат (Хамукат) қаласын А.Н.Бернштам Майтөбе немесе Бесағаш қалаларының бірі болса керек деп есептеген, ал К.М.Байпақов Тараздан солтүстік-шығыста, Сарыкемер ауылының жанындағы, Талас өзенінің оң жағасында тұрған Қостөбе дейді. Осы Қостөбе қаласын ең алғаш 1938 жылы ММЗИ ЖАЭ және КСРО ҒА қазақстандық бөлімшесі (А.Н.Бернштам) зерттеген. Зерттеу барысында қалажұртты VI-XII ғғ. жатқызуға мүмкіндік берген қыштар мен тиындар табылған. Одан әрі қалажұрттағы қазба жұмыстарын ҚазКСР FA АЭЗИ ТАЭ 1985 жылы бас-тады. 1986-87 жж. ҚазКСР FA АЭЗИ тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағының археологиялық экспедициясы (К.М.Байпақов) жалғастырып, 2000 жылы ОҚКАЭ (К.М.Байпақов) зерттеді. Осындай көлемді зерттеулердің нәтижесінде қалажұрт VI ғасырда тұрғызылып, мәдени-рухани орталыққа айналғанын дәлелдеді. Ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, Қостөбе қалажұрты Талас алқабындағы ірілерінің бірі екендігі мәлім болды. Ал ғалымдарымыз осы қаланы Түркістанға қоныс аударған бұхар соғдылары негізін қалаған деп жазып жүр. Бұған келісуге болмайды, себебі бұл қаланы соғдылар соқты дегеннен гөрі түркілер соқты деген дұрыс болар еді. Осы мақаланың авторы өзінің «Хамукат қаласының зерттелу тарихы» атты ғылыми мақаласында ортағасырлық араб дереккөздеріне сүйене отырып, нақты дәлелдермен Тараз өңіріндегі қалаларды ешқандай да соғдылар емес, Бұқара мен Самарқандтан ауып келген түркілер соқтырғанын ғылыми түрде дәлелдеп жазған еді. Соғды деген ел де, ұлт та, ұлыс та жоқ. Тек Орта Азияда Согд деген қала ғана бар. Арабтар мен парсылар осы қаланың тұрғандарымен көп сауда жасағандықтан және солармен шекаралас бетінде тұрғандықтан да, бұл өңірді жалпылама Согдиана деп атап кеткен-ді. Ал сол Согда, Бұқара, Самарқанд қалаларын түркілердің атышулы қағаны Афрасиаб соқтырғанын, сонымен бірге сол заманнан бері ол аймақты түркілер жайлап келе жатқанын айтпай-ақ түсінуге болады. Кезінде Ресей тарихшыларының бұрмалап жазғанынан біздің көптеген тарихшыларымыз да шыға алмай, солардың айтқанымен жүре берді. Ал қазіргі кезде бұл шындық бұлтартпас дәлелдермен айшықталып, нақтыланып отыр.
Отлұқ қаласы да жазба деректерде бар. Ол Әл-Муккадасидің еңбегінде аталып өтіледі. Онда: «Отлұқ көлемі жағынан бас қаламен (Таразбен) шамалас, оны қамал қоршаған. Бау-бақша оның үлкен бөлігін алып жатыр. Мешіт мединада, ал базарлары рабадта орналасқан», – дейді. Осы Отлұқты зерттеуші ғалымдар оны Жуантөбе қаласымен баламалайды. Жуантөбе – Талас өңірлеріндегі ең үлкен ұзын қорғанысты қалалардың бірі, ол VІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Осы қаладан табылған түрік руникасымен жазылған «Атлах» деген жазуы бар диірмен тастың сынығы зерттеушілердің болжамының дұрыс екендігін көрсетіп берді. Талас өңірінде жоғарыда сипатталған қалалардан өзге қалалар да жетерлік. Тарихымыздың терең қойнауына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, 751 жылы осы Атлах қаласының маңында, Талас өзенінің жағасында әлемдік үш империяның, яғни Қытай – Араб – Түркі елдерінің арасында үлкен соғыс болған. Негізгі соғыс Араб пен Қытай арасында болғанымен, оған түркілер де араласып, арабтарға жақтасып, Қытай империясының әскерін тас-талқан етіп жеңген. Осыдан бастап өздерін алып мемлекет санайтын Қытай мың жылға дейін түркілердің, яғни қазақтардың жеріне аяқ баспайтындай болып шегінді. Арабтар да бұл соғыстан әлсіреп, олар да қазақ жеріне қайта шабуыл жасай алмайтын дәрежеге жетті. Осылайша түркі халқы өздерінің тәуелсіз қалпын сақтап қалды.
Тағы да бір ортағасырлық қала Адахкет туралы да айтпай кетуге болмас. Адахкет (кей деректерде Кавикат қаласы) қаласы туралы да мәліметтер орта ғасыр тарихшыларында кездеседі. Археолог ғалымдардың болжауынша, қазіргі Жамбыл облысы Талас өзенінің бойында, Тараз қаласының солтүстік-батысында орналасқан деген қорытындыға келген. Біздің өңірдегі ортағасырлық қалаларды көбінесе араб саяхатшылары өз еңбектеріне түсіріп отырған. Себебі оларды Азиядағы ең күшті мемлекет түркілердің қалай дамып, қалай өркендеп жатқаны қатты қызықтырған. Түркілердің әрбір тіршілігін жіті бақылап, жазып отыру олардың әдеті болды десе де болады. Әсіресе, түркілер туралы көп мәліметтер жинаған орта ғасыр саяхатшылары Ибн Хаукал, Гардизи, Ибн Хордадбек, Мұхамед Наршахи, Ибн әл-Асир секілді тарихшылар болған. Осылардың ішінен араб географы Ибн Хордадбех: «Кавикат Тараздан 7 фарсах жерде, ал одан Қимақ патшалығының астанасына дейін 80 күндік жер», – деп жазса, Х ғасырда өмір сүрген тағы да бір араб географы Әл-Хамаданидің айтуынша: «Тараздан қимақтарға баратын жол Кавикат деп аталатын жерде орналасқан жақсы жабдықталған екі елді мекен арқылы өткен», – деген деректі келтіреді. Оның орындары Тараздың солтүстік-батысында орналасқан Қаракемер қалажұртына сәйкес келеді. Бұл орталық бөлігі ұзын дуалмен қоршалған бекіністі төбе ұқсайды. Оның көлемі – 450х450 м, биіктігі – 8 м. Қаланы қоршаған дуалдың аумағы 1 шақырымдай болады және үлкен қала болғандығы анық байқалады. Қаланы 1938 жылы Жамбыл археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н.Бернштам) зерттеген.
Келесі қаламыз Оххум деп аталады. Бұл қала қазіргі Байзақ ауданында орналасқан. Алғаш рет қаланы 1894 жылы В.В.Бартольд зерттеп, ортағасырдағы орташа дамыған қалалардың бірі деп бағамдаған. Одан кейін де қалажұртты А.Н.Бернштам, К.М.Байпақов, Д.А.Лобас, М.Елеуов сияқты археолог ғалымдарымыз зерттеп, аталған мекеннен көптеген құнды заттай деректер тапқан болатын. Олардың айтуынша, қала VІ-ХІІ ғасырларға жатады. Әзірге бұл қалалық мәдениет туралы деректер жоқтың қасы болып, тек археологтарымыздың зерттеулерімен ғана шектелуге мәжбүрміз.
Орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларына түскен қалалардың бірі – Джувикат қаласы. Бұл қала да өз дәуірінде мәдениет пен өркениеттің қанаты кең жайылған, өзіндік даму үрдісі бар қала болған. Ортағасырлық тарихшы Құдама ибн Жафардың жазбаларында: «Жувикат Шауғар мен Тараздың аралығында орналасқан», – делінген. Бұл қала Тараз қаласынан батысқа қарай 15-16 км жерде, Аса өзенінің жағалауындағы, қазіргі Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында орналасқан. Археолог ғалымдарымыздың зерттеуі барысындағы төбенің жоғарғы қабатынан жиналған заттай деректерге негіздей отырып, оның VII-XII ғасырлар аралығында болғаны дәлелденді. В.А.Каллаур, А.Н.Бернштам, В.Бартольд, К.Байпақовтай ірі ғалымдарымыздың ғылыми зерттеулерінің нәтижесі бойынша Бектөбе қаласы ортағасырлық Жувикат қаласының орны екені нақтыланды.
Осымен сөзімізді аяқтай келе айтарымыз, жері шұрайлы, өңіріне құт-береке дарыған Алатаудан тасып төгілген асау Таластың айналасы ата-бабаларымыздың қалалық мәдениет пен далалық мәдениетте өзіндік ізін қалдырған қасиетті мекенге айналғаны осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарынан дәлелденіп отыр. Аралары жақын әрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған осы қалалардың бір ғана аймаққа орналасуының өзі маңайда әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары болғанын көрсетеді. Таластың жағасына Тараз қаласы бастап, осыншама қалалардың салынуы далалық өркениетті қалалық мәдениетпен ұштастыра білген бабаларымыздың өз дәуірінде ірі ақыл-ойдың иелері болғанын білдіреді. Міне, бұл – бір ғана Тараз өңірінде орналасқан қалалардың тізбегі. Иә, әлі де зерттеуді қажет ететін, қазақ тарихының бай мәдениеті мен мұраларынан тың мағлұматтар беретін қалашықтарымыздың топырақ астында көміліп жатқаны қаншама! Өңіріміздегі ғасырдан ғасырға, заманнан заманға ұласып, көненің көзіндей болып кейінгі ұрпағына аманат ретінде жеткен осыншама қалалардың көбісі зерттелмей жатқаны өкінішті-ақ.
Асылжан ДУЛАТИ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы
тарихтану бөлімінің меңгерушісі