Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еріктілер еңбегі еленді

0 284

«Qabilet» жастар орталығында жас патриоттарға арналған мемлекеттік награда «Халық алғысы» медалі табысталып, «Үздік жобалар» әлеуметтік жобалар байқауында жеңіске жеткен жас еріктілерге де сый-сияпат табыс етілді.

Құралай ІЗЕТБАЕВА Суретті түсірген Юрий КИМ

Еріктілер жылы бүкіл әлем үшін өте қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Пандемия кезіндегі тәжтажалмен күрес майданында еріктілердің еңбегі орасан еді. Олар өздерінің жастық жалын жолындағы қайсарлығы мен мейірбандығының арқасында дәрігерлер және полиция қызметкерлерімен бірдей аянбай ерен еңбек етіп, сол бір майталман мамандармен қатар еңбек жолында сап түзеп, көп қиындықты жеңуге ықпал етті.

Осынау ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде олар көмекке мұқтаж қарт адамдарға қолғабыс көрсетті. Сонымен қатар өз денсаулықтарын қатерге тігіп, қажетті жерлерге ас-ауқат тасып, таратып, ел игілігі үшін тер төкті. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен құрылған «Халық алғысы» медалі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті еңбек етіп, сондай-ақ COVID-19 пандемиясына қарсы күресте ерекше көзге түскен азаматтарға берілді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өз сөзінде аймақтағы төтенше жағдайларды енгізу кезінде еріктілердің ерен еңбектерімен көзге түскенін атап өтті.

– Жамбыл облысы мен Тараз қаласының еріктілері бақылау-өткізу бекеттерінде кезекшілікте болды. Тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыратын бетперделер мен парақшалар таратып, сонымен қатар зейнеткерлердің зейнетақысын алып беріп және тағы басқа да қайырымды істермен айналысты. Осы қиын кезеңде ерікті жастар қиын жағдайға тап болған қалалықтарға көмектесу үшін бар күштерін қосты. Жастардың қамқорлығы көп нәрсе айтады, сондықтан мен осында болғаныма қуаныштымын. Құттықтаймын! – деді Ержан Жылқыбаев.

Жастар ұйымдарының сегіз көшбасшысы бұл лайықты марапатты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қолынан алды. Олардың қатарында «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Уәлихан Болатбек, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы Арман Елемесов, Сарысу аудандық «Жаңатас жас-тары» еріктілер қозғалысының жетекшісі Бауыржан Балғабай, Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының еріктісі Рузван Агакерим болды.
– Байқауға 38 жасөспірім өз идеяларын ұсынды. 300 мың теңге көлемінде арнайы ақшалай сыйлықты «Үздік жобалар» облыстық үздік әлеуметтік жобалар байқауының 21 қатысушысы алды. Барлық жобалар халықтың осал топтарына, оның ішінде мұқтаж жандарға және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтуға арналған, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

Көпшілікке праймериздің қатысушысы ретінде танымал Ерлан Сейдазимов байқаудың жеңімпазы атанды.

– Бұл – менің пандемия кезінде қорғай алған алғашқы жобам. Оның арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар жаңа жылдық көңіл-күйді сезініп, шат-шадыман күй кешті. Өйткені олардың барлығы қазір үйде карантиндік шараларды қадағалап отыр. Мен ұйымдастырушыларға және менің тобыма алғысымды білдіргім келеді. Мен «өзімнің тобым» деп кімді айтамын? Олар – мені қолдайтын және сенетін адамдар. Яғни туғанымдай болып кеткен тараздық белсенділер мен блогерлер. Үлкен рақмет. Біздің жеңіске жетуімізге себепші татулығымыз бен бірлігіміздің арқасы деп білемін, – деді Ерлан Сейдазимов.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында алты мыңнан астам ерікті, сонымен қатар 60-тан астам волонтерлік ұйым бар.

– «Asyl mura» ұлттық жобасы аясында жамбылдық волонтерлік ұйымдардың республикалық гранттар байқауының финалына шыққаны көңілге қуаныш ұялатады. Олардың үшеуі жеңімпаз атанып, ақшалай марапаттарға ие болды. «Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасы аясында өткен республикалық гранттар байқауында еріктілер қызметімен айналысатын тағы екі қоғамдық бірлестік жеңіске жетті, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
Иә, «елім» дейтін ұл барда, «ерім» дейтін ел де бар. Ендеше, жанашырлығы мен қамқорлығының арқасында еңбектері еленген еріктілерге жеңістеріңіз жемісті болсын демекпіз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.