Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіподақ– азаматтық қоғамның белгісі

0 348

Қыркүйек айында пандемиямен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне Қазақстан аумағындағы 8 шипажайда тегін емделу үшін жалпы құны 2,88 млн.теңге болатын 24 жолдама берілді.

Зере ҚУАНЫШ

Бұл туралы Жамбыл облысы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің 9 айлық жұмысының қорытындысына арналған баспасөз-конференциясында бірлестік төрағасы Мейрамбек Төлепберген кеңінен айтты.

– Бүгінгі күні облыстың кәсіподақ ұйымдары өз тарапынан пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина ұйымдарының қызметкерлеріне және еңбек ұжымдарындағы аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы медициналық мекеме қызметкерлеріне азық-түлік, медициналық жеке қорғану құралдарын сатып алу және басқа қажеттіліктер үшін жалпы соммасы 1,8 млн теңге қаражат материалдық көмек ретінде берді. Бұдан бөлек өңірдегі барлық медициналық ұйымдардың медбикелерін Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтап, Кәсіподақ филиалының атынан бағалы сыйлық алуға, ақшалай сыйақы беруге 2 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Өз кезегінде «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшелік ұйымдары медициналық маска тіктіру, азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қатар, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық көмек беру сынды барлығы 14,1млн теңге құрайтын қаражатқа көмек жасады, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Сондай-ақ жиында белгілі болғандай кәсіподақ ұйымы үнемделуі мүмкін қаржы есебінен мектеп педагогтарын қашықтықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға қажетті арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бағытында барлығы 66,1 млн теңге қаржы жұмсаған. Сонымен қатар «Казфосфат» ЖШС-і басшылығы мен кәсіподақ ұйымдары өз қаражаттары есебінен бірлесе отырып кәсіпорын қызметкерлерінің ішіндегі аз қамтылған отбасылар мен көп балалы жанұяларға азық-түлік, яғни 610 отбасына 60 тонна ұн, 68 тонна күріш және 17,5 тонна қант үлестірген. Материалдық көмектің жалпы соммасы 30 млн теңгені құраған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.