Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күн суытты. Дайындық қандай?

0 520

Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс алпыс үшінші сессиясында «Қала объектілерінің жылу беру маусымына дайындау барысы туралы» айтылып, халық қалаулылары шешімін таппай жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев пен халық қалаулылары қатысқан сессия жұмысын депутат Айдархан Биназаров жүргізді. Күн тәртібінде алдымен қала объектілерінің жылу беру маусымына дайындығы қаралды.

–«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаладағы 80 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 70 көппәтерлі үйдің жұмыстары толық аяқталды, 3 үйдің шатыры, 5 үйдің инженерлік жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Бұл жұмыстар 10 қазанға дейін аяқталады деп күтілуде. Қалада жылу өндіруші және жеткізуші 5 кәсіпорын бар. Жылу қуатын өндіруші қазандықтардың жалпы саны – 53, қазандықтарда 163 негізгі қазандар жұмыс істейді және оның 81-і резервтік қазандар болып есептеледі. Қалада 1365 көппәтерлі тұрғын үйлер бар, оның 1295-і орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылады. Қалған 70 үй автономды қазандар арқылы жылытылады. Үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап әлеуметтік маңызы бар нысандарға, атап айтқанда білім беру (111 мекеме), денсаулық сақтау (22) нысандарына жылу беру басталады деп күтілуде, – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.

Сонымен қатар жиында белгілі болғандай бүгінгі таңда жылу беруші кәсіпорындарда 11997 тонна мазут және 154 тонна қатты отын қоры әзірленген. «Жамбыл жылу» мекемесі облыстық резервтік қорын қамтамасыз ету мақсатында 1500 тонна көмір алу үшін келісім-шарт жасаған. Ал қала аумағында көмір жеткізуші 9 мекеме орналасқан. Қазіргі кезде 1345 тонна Шұбаркөл (бағасы 14000-15000 теңге), 1050 тонна Қаражыра (бағасы 14500-17500 теңге көлемінде) көмірі жеткізілген. Ал қала тұрғындары қыс айларында 1,4 мың тонна көлемінде көмір сатып алады екен. Жалпы қатты отынға қажеттілік шамамен 33,2 мың тоннаны құрайды. Күн райының күрт сууына байланысты депутаттар қалаға жылу беруді ерте уақыттан бастауды ұсынды.

– Шыны керек тек білім беру немесе денсаулық сақтау мекемелері ғана емес, жаппай қалаға жылу беретін уақыт жетті. Себебі күн райы күрт суыды. Көпқабатты үйлердегі температура төмендеп, тұмаумен ауырғандардың саны көбеюде. Бұл пандемияның тұсында ойланбай шешім қабылдау қажет. Жылыту мекемелері жылу беруге дайын болса, онда уақыт созбайық. Олар әкімдіктің нұсқауын күтіп отыр, – деді депутат Жанар Орынбаева.

Бұл сауал бойынша әкімдік тиісті шара қабалдайтындықтарын жеткізді.

Сессияға дейін уақытша комиссия құрылып, халық қалаулылары қаланың бірқатар нысандарын аралап, дайындық жұмысын зерделеген еді. Сессияда депутат Жұмабек Бөлекбаев зерделеу жұмыстарының қорытындысын ортаға салды.

– Қалалық мәслихат депутаттарынан құралған комиссия «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамында, «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында, «Самал» (7) мөлтек ауданындағы 16,18 үйлерде және білім беру мекемелері №23, 54, 33 орта мектептерде, №15 бала бақшада болып, қысқы маусымға әзірлік жұмыстарымен танысты. Қыстың қамына кіріскен мекемелерді зерделеу барысында біраз нысан жылыту маусымына дайын екендігі белгілі болды. Бірақ кейбір білім нысандарының жағдайы мәз емес. Мәселен, №54 орта мектебінің ішкі температурасы қыс мезгілінде қажетті нормадан төмен көрсетіледі, себебі мектептің сыртқы қабырғасы жұқа, шатырлары жылытылмаған, мәжіліс зал, спорт зал, Б блогының шатырынан қар ерігенде, жауын жауғанда су тамшылап, қабырғалар бүлінеді. Қабырғасы жарылып, іргетасы отырып жатыр. №15 бала бақшасы 1991 жылы ашылып, содан бері ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген. Есік-терезелері, өрт кезінде шығатын баспалдақтары жарамсыз, тозған. Ауланы асфальттап, электр құрылғыларын жаңартып, шатырды ауыстыру керек. Мұхтар Әуезов атындағы №33 орта мектеп жылу беру маусымына дайындық паспорттарын алмаған. Мектептің сыртқы жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу барысында мұздай су құбырының тозығы жетіп, шірігені анықталды. Бұл жұмысты келесі жылы қайтадан қазбай, осы қазба жұмысы жүріп жатқанда, қосымша келісім-шарт жасасып, мұздай су құбырына да жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынылды, – деді Жұмабек Бөлекбаев.

Сонымен қатар депутаттар қалада қазба жұмыстарынан кейін жолды қалпына келтіру жұмыстарының сапасы сын көтермейтіндігін айтып, мәселені күн тәртібіне шығарды. «Мысалға, Абай даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, Ниетқалиев, Сыпатай батыр көшелерінде люктар асфальт жолдың деңгейінен биікте тұр, жұмысты қалай қабылдап жатырсыздар? Алтыншы шақырылған Тараз қалалық мәслихатының коммуналдық шаруашылық, көркейту, қоршаған ортаны сақтау және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері айтқан олқылықтарды жою мақсатында қалалық әкімдікке тиісті іс-шаралар қабылдауды сұраймыз. Тұрғындарға жылу сапалы және мерзімінде берілуі керек» – деді депутат Жұмабек Бөлекбаев. Бұл мәселеге байланысты жауапты сала мамандары көшелерге барып, қалпына келтіру бойынша жұмысты қолға алатындықтарын жеткізді.

Сонымен қатар сессияда қалалық мәслихаттың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты және әлеуметтік орта жөніндегі комиссияның есебі тыңдалды. Бұдан өзге жиында күн тәртібіне бес мәселе шығарылып, депутаттар өз шешімдерін қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.