Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық аспапқа ерек құрмет

0 205

Таразда қазақтың бас бренді домбыраға арналған жеті метрлік ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген А.ҚАРТАБАЙ

Жамбыл даңғылының бойында орналасқан саябақ сол кездегі «Тараз» қонақ үйінің алдына салынған болатын. Бүгінде аталмыш нысан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің Студенттер үйіне айналған-ды. Қос ішекті аспаптың еңселі ескерткіші саябаққа сән беріп тұр. «Домбыра» стеласының ашылуына арналған салтанатты жиынға облыс әкімімен қатар Әулиеатадағы бірқатар өнер тұлғалары, мәдениет жанашырлары қатысты.

– Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақтан «Домбыра» ескерткіші ашылып отыр. Халқымызда мықты күйшілердің болғаны баршамызға тарихтан белгілі. Бүгінде сондай таланттардың өнерін жалғастырып келе жатқан елімізге танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың бір күйінің өзі әлемге таралып, дүниежүзі қазақ деген ұлт пен Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін білді. Сонымен қатар бүгінгі жастарымыз да домбыра өнерін жалғастырып, насихаттау үстінде. Осы орайда ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген. Бұл сөз текке айтылмаса керек. Себебі жер бетінде домбыра секілді аспабы бар ұлттар некен-саяқ. Сондықтан біз, бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың алдында басымызды июіміз қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Салтанат барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрі мәдениет қайраткері Мұхтарбай Рахманқұловтың дирижерлігімен танымал күйлерді орындады. Өз кезегінде белгілі күйші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев қазақтың қазақтығын айқындайтын аспапқа жасалған ерек құрметке дән риза екенін жеткізді.

– Домбыра – қазақ қазақ болғалы бірге келе жатқан аспап. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын, тас ғасырынан бері қарайғы дәуірлерде де халықтың мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған қасиетті әрі киелі аспап бұл. Біржан, Байжігіт сынды сал-серілерімізді, Әміре сынды көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздарымызды әлемге танытқан, рухымызды оятқан қастерлі аспап бұл. Оған қалай құрмет көрсетсек те жарасады. Жастар тұрақтаған орынға ұлттық құндылығымыздың басты нышанын орналастыру көреген шешім деп білемін, – деді композитор.

Еңселі ескерткіштің ашылуынан соң өңір басшысы Бердібек Машбекұлы бастаған топ жуырда ғана жөндеуден өткен ТИГУ-дің Студенттер үйін аралады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.