Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламына құт қонған

0 346

Ғаламның барлық озық жетістіктері, адамзаттың өркениеттегі батыл қадамдары – бәрі-бәрі ең әуелі аяулы ұстаз есімінен басталады. Ұстаз үйретеді, ұстаз санаға дүниенің бар жұмбағының жауабын сіңдіреді. «Ұстазсыз шәкірт тұл» деген ұлағат осыдан қалса керек. Талай ақынға қалам ұстатқан аяулы мамандық иесінің де, әсілінде, қаламның қасиетінен құралақан емесін тараздық ұстаздар дәлелдеп жүр. Қазан айының алғашқы жексенбісі– ұстаздар қауымының кәсіби мерекесінде бала оқытып, тәлім беруден бөлек, жазуды жанына серік еткен мұғалімдердің шығармашылығын оқырман назарына ұсынғымыз келіп отыр.

40 минут – ұстаз өмірінің өз сабағы

Әріптесім Шәкизат Құдайбергенқызы: «Мұғалім үшін күнделікті 40 минуттың бәрі сәтті болуы мүмкін емес. Егер 40 минуттың оқушылармен қарым-қатынасында 2-3 минуты сәтті болса, ол – сенің бүкіл сабағыңның жетістігі», – деген болатын. Керемет пікір! Сабақ процесінің бүкіл болмысын терең зерттеген тренерге лайықты сөз.

Мұқағали өз күнделігінде (17 сәуір, 1972 жыл): «…Ақынның өмірді зерттегені – алдымен, өзін зерттегені. Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен өмірді жасай білуінде», – деген сияқты мұғалімнің де әр сабағы – ӨЗІНІҢ ӨМІРІ. Өз өмірімен ұштаспаған сабақ оқушының үмітіне ұшқын бере алмасы анық. Оқушы сабақтан өмірді, ал ұстаз сабақтан өзін көре білуі керек.
Бала күнімде әкеммен бірге егіс даласында таңсәріден ымырт түскенше жүріп, талай ғибратты сәттердің куәсі болыппын. Әкем бір сәт белін жазып, сырттан бізді бақылап отырушы еді. Жай отырмайды екен… Жастық қуатпен шаршауды білмейтін қажыр-қайратымызға, сол кезде көзінен оқи алмайтын бізге мейірлене қарап отыратын. Қазір мен де бір сәт ат шалдыртып, айналама ойлы көзбен жиі қарайтын жасқа келіппін.
2002 жыл. Алматы.
Үзіліс кезінде екеуара бір сәттік сұхбат кезінде К.Құдайбергенова тренерім: «45 минуттық сабақ үстіндегі көзбояушылық, дайын сұрақ пен дайын жауап шеңберіндегі мұғалім мен оқушы қызметі – формальды қатынас. Сен сабағыңды «тосын жаңалықтар» күтетіндей формада ұйымдастыра біл. Кездейсоқ қойылған сұрақтарға оқушылармен бірге жауап іздейтін бол. Нәтижесіне оқушыларыңмен бірге қуана білсең – бақыт сол. Есіңде болсын, сен дер кезінде ынталандыра, марапаттай біл. Ал өмір сені өз тосын сыйымен қуантады», – деген еді.
2003 жыл. Тараз қаласы.
Облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің семинары. Әркім өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Қанағаттанбадым. Мен білетін әдістемелік журналдардағы сабақтардың көшірмелері. Мен де өз ойыммен бөлістім. Сабақ процесіндегі сәтті тұстарын тізбектеп айтып, талдап жатырмын. Өзім кездейсоқ кездескен сабақтағы ситуациялар. Өзгенікі емес, өз өмірімнің дайын мысалдары. Ересек адамның ойы шектеулі шығар, бірақ бала ойы шектеусіз ғой. Сабақ біз қоятын дайын сұрақтармен маңызды емес, керісінше, оқушылар қойған сұрақтармен қызықты.
– Ағай, – деді соңғы партада отырған оқушы ойымды бөліп. – Сізге сауал қойсам бола ма?
– Әрине, – дедім.
– Нағыз еркектер – Қодар мен Бекежандар. Қозы мен Төлегендер – байлардың «пижондары» (еркетотай дегені болса керек). Нағыз еркектер «пижондардан» емес, Қодар мен Бекежандардан шығады емес пе? – деді.
Міне, сабақтағы кездейсоқтық. Мен күтпеген тосын сауал. Оқушылар «ал, жауап беріп көр» дегендей маған сынай қарап қалыпты…
Сол оқушымның мысал ретінде алып, тренерімнің сөзін келтірдім. «Мұғалім оқушыдан білім мазмұнына қатысты тосын сұрақтар алатындай дәрежеде оқу үрдісін ұйымдастыра білсе, бұл сұрақтың жауабын өзім білмей қалуым мүмкін деген үреймен емес, бұл сұрақтарға «оригинал» жауаптарды аламын деген сеніммен оқушыларды жетелей білсе, мұғалім беделі, құзырлылығы, мұғалімнің өзіне деген, өз оқушыларына деген сенімі арта түсері хақ», – дедім. Ойымды облысқа белгілі ұстаздың сөзі еріксіз бөліп жіберді.
– Сен ғалымсың ба?
– Жоқ, мұғаліммін.
– Мұғалім болсаң, сабағыңда мұндай келеңсіз сұрақтарды қоюға жол берме, – деді семинарға қатысып отырған Е.Кохаева.
Өзімше ақталғым келді. Оған мүмкіндік бермеді. Семинарда баяндама оқитын мұғалімдерге алдын ала марапаттау қағазы дайындалып қойса керек. Ішінен менікін алдыртты да, көпшіліктің көзінше ортасынан қақ бөлмесі бар ма…
Қазір ойлап отырсам өмірімнің сәтті тұстары екен. Жастықтың қызуы болар, «Теориясы мықты мұғалімнің әдістемесі қалтасында» деп кейін маған басу айтқан Л.Бекназарова.
Өмірдің өзі де ашық сабақ екен. Сабақ үстінде:
– Бүгінде сал-серілер бар ма, бар болса, олар деп кімдерді айтар едіңіз, ағай, – деді.
– Жоқ, – дедім.
Оқушылар мұндай шұғыл жауап күтпесе керек. Сынып ішінде сілтідей тыныштық орнап қалыпты. Мен өз ойыммен іштей арпалысып кеттім. Әнші-ақындардың мектебі қалыптасса да, сал-серілердің дәстүрі жалғасын тапқан жоқ. Меніңше, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі – сол сал-серілердің соңғы көрінісі.

Базарбай ДҮЙСЕНБАЕВ,
«Ұстаздың ашық сабағы» эссе кітабынан

Ұстазым – ұлы тұлға

Қаруы – білім,
Таусылмас терең ақылы.
Әлемді танып келеміз ұстаз арқылы.
Ұстаз ол – ұлы, сөнгенше мынау жарық күн,
Басымды ием қалғанша демім ақырғы.

Талабы таудай,
Еңбектен кәсіп күтпеген,
Қатардан қалмай, жауапты міндет жүктеген.
…Өмірдің емес, білімнің қойған бағасын,
Ұстаз ол – дана, бағасыз болып кетпеген.

Ізденіс, оқу –
Мақсаты және мұраты.
Жаңалық құмар, өзгеден озық қырағы.
Мәртебелі мамандығыменен мақтанған,
Көзінде шуақ, жүзінде мейірім тұрады.

Тәрбие, тәлім,
Санаға сәуле сіңірген.
Ұрпаққа үлгі, қастерлі, дара үнімен.
Еңбегі ерен, салмақты міндет иесі,
Болашақ үшін барады бастап біліммен.

Өткізген талай
өмірдің көктем, қыс, жазын,
Маңдайы жарық, аспаны ашық ұстаздың.
Жасампаз ұлттың мақтанышына айналған,
Жасасын мәңгі, жасасын, ұлы ұстазым!

Маулен ЖАППАСБАЕВ,
Тараз қаласы, М.Мақатаев атындағы №14 орта мектебінің
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ұстаз деген – баспалдағы биіктің

Ұстаз жайлы сыр шертейін ниетімді бұрып шын,
Ұстаз деген – сенің сынған біліміңе сынықшың.
Ұстаз деген – бар мамандық анасы,
Ұстаз деген – баспалдағы биіктің.
Ұстаз – ұлы, ұстаз – нұры ғаламның,
Ұстаз – жыры, ұстаз – сыры даламның.
Бүкіл әлем бас исе де біліміне тамсанып,
Басын иген ұстазына әл-Фараби бабам мың.
Ал бүгін ше, мүлде бөлек әңгіме,
Айтқысы бар ұстазынсыз әнді де.
Іштен біліп туылғандай барлығын,
Таптап өтер белең алды тар мүдде.
Ұстаз деген – баспалдағы биіктің,
Құрметте оны, ниетіңді бұрып шын.
Жарық күні болғандығың ұлттың –
Ұстазыңның берген сыйы деп ұққын.
Деме бірақ ұстазыңсыз биікпін!

Жеңіліп тұрып, жеңіске жету


Жеңіліп тұрып, жеңіске жету – жеңілістеріңнің жемісі,
Жеңіп тұрып, жеңіліп қалу – өзімшілдіктің белгісі.
Өз-өзін биік санайтын жанның келмейді оған көнгісі,
Сәтсіздіктерден сабақ алады биік пайымды кең кісі.


Жеңіліп тұрып, жеңіске жету – жеңілістеріңнің жемісі,
Жеңіп тұрып, жеңіліп қалу – өзімшілдіктің белгісі.
Өз-өзін биік санайтын жанның келмейді оған көнгісі,
Сәтсіздіктерден сабақ алады биік пайымды кең кісі.

Басын түсініп, аяғын ұқпай өсекке ермес нар кісі,
Тарыдай болып шашырап кетсек бүлініп кетер ел іші.
Үкі қанатын қасиет тұтып бесікке таққан ырымы –
Құрт-құмырсқа мен жын-сайтандардың жоламайтындық белгісі.

Ұлттық рух әлсірер болса, келеді жаудың төнгісі,
Ал бөтендердің гүлденгеніңді көрмейтіні рас көргісі.
Тәуелсіздікке әрең қол жетіп, есіңді енді жиғанда,
Бабаларымның төккен қаны мен кетпесін кеткен тер күші.

Есбол Әбдіманап,
№27 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.