Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілге құрмет – қастерлі міндет

0 190

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көршілес мемлекеттен келген өзге ұлт өкілдері үшін қашаннан құт мекенге айналған-ды. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың бүтін бір елге айналып, айрандай ұйып ғұмыр кешуі үлгі болуға тұрарлық. Оның үстіне соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің көп көмегі тиіп жүр екен.

Қазақ тілін туған тіліндей білетін өзге ұлт өкілінің бірі – Сабри Асанұлы. Бүгінде бүтін бір әулеттің ұйытқысына айналып отырған қария Жамбыл ауданындағы күрді этномәдени орталығының, сондай-ақ Жамбыл облысының күрділер қауымдастығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарады. Шөберелеріне дейін таза қазақ тілінде сөйлейтін қазыналы қартпен тілдесіп, емен-жарқын әңгіме құрудың реті келген еді.
– Қазақстанға қашан қоныс аудардыңыздар?
– Менің әкем 1937 жылы сталиндік репрессия кезінде осы Жамбыл облысының Сарысу ауданына жер аударылып келген. Ол кезде Жамбыл облысының атауы Мирзоян болатын. Ашаршылық кезінде көшіп келген әке-шешемнің басынан түрлі қиындықтар өткен. Алайда құшағы кең сарысулықтармен біте қайнасып, қатар ғұмыр кешіп, қазаққа сіңіп кеткен екенбіз. Өзім осы ауданда сауда саласында ұзақ жылдар қызмет еттім. 2000 жылы Жамбыл ауданы, Гродиково ауылдық округіне көшіп келдім. Содан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Жер аударылып келген жылдары әке-шешеме жергілікті халықпен парсы тілінде тілдесу қиындық тудырғандықтан, олар осы қазақ тіліне икемделіп, бізге де осы тілді бойымызға сіңдірген. Бүгінде қазақ тілі ана тілімізге айналып кетті. Қазір балаларым да қазақ тілінде сөйлейді, немерелерім мектепте тек қазақ сыныптарына барады, балабақшаға да қазақ тілді топтарға бергенбіз.
– Ана тіліңіз бен қазақ тілінің ұқсастықтары бар ма?
– Ешқандай ұқсастықтары жоқ. Дегенмен біздің әліппеміз қазіргі қабылданған қазақ латын әліппесімен бірдей.
– Өзіңіздің ұзақ жылғы қызметіңізге қазақ тілін еркін меңгергендігіңіздің көп көмегі болған шығар?
– Әлбетте, сөзсіз көмегі мол болды. Өзінің тұрғылықты мекенін, туған топырағын, қызмет етіп жатқан Отанын құрметтейтін адам сол жергілікті халықтың тілін, дінін, дәстүрін, тарихын сыйлауы тиіс. Жұмыс барысында болсын көп ұлттың ортасында ұйысып өмір сүргендіктен, елдің ана тілін білгенімнің пайдасын көп көрдім. Кей жағдайларда көшеде кездескен қазақтың қара домалақ балалары сырт келбетіме қарап орысша амандасып жатады, оларға қазақша жауап бергенімде, таңданыстарын жасырмайды. Қазір қазақ тілі күнделікті қолданыс тіліне айналған. Біз үйде де бала-шағамызбен қазақша сөйлесеміз. Бұл әдеттегі жағдай.
– Түрлі әдебиеттер мен басылымдарды да қазақ тілінде оқисыз ба?
– Әрине, облыс орталығынан шығатын басылымдардың бәріне жазылғанмын. Жаңалықтар мен мақалаларды жібермей оқимын. Сұхбатты да қазақша беремін. Қазір, әсіресе облыстық «Қарахан» журналын үзбей оқимын. Тарихи деректер, осы өңірдің өткені қатты қызықтырады. Ауданымыздағы «Шұғыла» газетінің тұрақты оқырманымын.
– Өз тіліне келгенде қорқақтық танытатын өрендерге қандай өсиет айтар едіңіз?
– Менің өз тілін орысшаға бұрмалап, соны сән көретін кей жастарға көңілім толмайды. Қай жердің топырағын бастың, қай елдің суын іштің, қайда өсіп-өндің, кіндік қаның алғаш қайда тамды, сол мекенді құрметте, тілін меңгер, үйрен, мақтан ет, дәстүрін ұстан. Топырағыңнан жерінбе. Сол елге қызмет қыл. Өзгелерге үлгі көрсет. Мәселеге ұрындың ба, әділетті, заңды жолмен шеш. Жассың, талпын, талаптан. Сенің ата-бабаң сөйлеген бұл тілде, қаншама халық осы тілдің арқасында нанын тауып отыр. Тілді ұмытқаның – мемлекетіңді ұмытқаның. Дәстүріңді ұмытқаның – түбіріңді ұмытқаның. Менің екі қыз, үш ұлым, он бір немерем, төрт шөберем бар. Немеремнің алды тұрмыс құрып жатыр, шөберемнің үлкені мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бәрі қазақ тілінде сайрап тұр. Бұл бір жағы тәрбиеге де байланысты. Әке-шеше балаға жастайынан өз тілінде сөйлесіп, тілінің қазақша шыққанына назар аудару керек. Мектепке де қазақ сыныбына беру керек. Елде оның барлығына жағдай жасалған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.