Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оnline-экскурсияның маңызы

0 14

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен мәдениетін танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында жоспарлы істерді ел ішіне жеткізу маңызды міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан мирас болған тарихын ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор.

Осыдан 10-15 жыл бұрын бір орында отырып-ақ ғаламның кез келген нүктесіне виртуалды түрде бару дегенге сенбеуші едік. Бірақ қазіргі дамыған заманда Лувр, Эрмитаж залдарына бару, атақты Кремль бөлмелерін көру, әлемнің ең танымал музейлерінің құнды жәдігерлерімен танысу мүмкіндігіне көз жеткізгелі қиялымыз шындыққа айналды.
Әдістемелік тұрғыдан виртуалды және онлайн экскурсиялар – оқытудың инновациялық түрі. Негізінде онлайн экскурсияны өзіндік бақылау үшін қажетті деректерді жинау мақсатында нақты объектілердің виртуалды көрінісі мен шынайы экскурсиядан ерекшеленетін оқытудың ұйымдастыру нысаны ретінде қарастыруға болады. Виртуалды және онлайн экскурсиялар желі арқылы жердің әр бұрышында болуға мүмкіндік береді. Технологияның жетістігі саяхатқа шыға алмайтын мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы.
Әлемді әбігерге түсірген коронавирус індеті бәріміздің жұмысымызды ерікті де еріксіз түрде онлайн форматқа өтуге мәжбүрледі. Бұл формат бізге жат болған жоқ, десек те, халықпен етене байланыста жүрген музей жұмысында қайшылықтар тудырғаны рас. Әр істің бір тиімділігі барын ескерсек, бұрын ереже бойынша экскурсовод музейге келген қонақтардың тек 25-іне ғана қызмет көрсете алса, ал онлайн форматта бір мезетте мыңнан астам адамға экскурсия жүргізеді. Әрине, тарихи құндылықтарымызды насихаттауда бұл тиімді бастама деп ойлаймыз. Ілкімді жұмыстар жолға қойылғалы ел тарихына Қазақстанның ғана емес, шетел азаматтарының қызығушылық танытқанын байқадық. Қазіргі уақытта «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар 30 нысан тіркелген. Осы нысандардың ішінде халық көп баратын тарихи орындар Қарахан, Айша бибі, Көне Тараз археологиялық саябағы және Ақыртас сарай-кешені болып табылады. Жұқпалы індет тарағалы тарихи орындарға қонақтарды қабылдаудан уақытша бас тартты. Міне, осы орайда тарихи нысандардың насихаттау жұмыстарын тоқтатпау мақсатында онлайн форматта (үш тілде) экскурсиялар, дәрістер, көрмелер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жариялануда. Сонымен қатар музей қорындағы құнды да бірегей жәдігерлермен жекелеп таныстыру мақсатында «Бір жәдігер тарихы» атты бейне айдарының түсірілімі үздіксіз жүргізіліп келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатында музейлер де өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады.

Жамал Ақпан,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің
музейге қызмет көрсету бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.