Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дезинфекция жұмыстары қайта қарқын алды

0 26

Елде төтенше жағдай режимі алынып тасталған соң, дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған әскерилер өздерінің негізгі міндеттеріне кіріскен-тін. Енді бәрі реттеледі дей бергенде, коронавирус және пневмониямен ауырғандардың саны өсіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері дезинфекция жұмыстарына қайта кірісті.

Сәндібек ПІРЕНОВ
Суретті түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу мақсатындағы дезинфекция жұмыстарына әскерилер тартылды.Олар қаланың шығыс қақпасындағы «Қант зауыты» алқабындағы көшелерді, ойын алаңдары, дүкендердің төңірегін және басқа да аумақтарды залалсыздандырды. Қазіргі уақытта аталған алқапта ел тыныштығын күзетіп жүргендер 50-ден аса әлеуметтік маңызы бар нысанды залалсыздандырды.
Өңірде аталған жұмыстар ағымдағы жылдың 16 наурызында басталған. Бұл жолы да дезинфекция жұмыстары адамдар көп жиналатын орындарда, әсіресе жаяу жүргіншілер жолағы мен аялдамаларда, қоғамдық көліктер мен шағын аудандардың маңында жүйелі жүргізілуде.
– Күн сайын санитарлық жұмыстарға 100 әскери жұмылдырылады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы 28903 әскери бөлімінің сарбаздары арнайы қорғаныш киімдерімен жабдықталған. Сондай-ақ залалсыздандыру жұмыстарына арналған сұйықтықтың адам өміріне еш зияны жоқ, – деді радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің жетекшісі Марат Әлібаев.
Мамандардың айтуынша, өңірде дезинфекция жұмыстары жалғасын табады, ал тұрғындар карантин талаптарын барынша қатаң сақтап жүруі керек. Сонда ғана жұқпалы аурудан құлан-таза айығуға болады.
Қазіргі уақытта «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС өңірдегі барлық мөлтек аудандарды, «Ауыл-Береке», «Нұралы» базары, 130 аялдама және басқа да көшелерде дезинфекция жасады. Осыған қарап, жүйелі атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтиже беретініне сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.