Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қолдауға қашанда әзір!

0 212

«Мейірімді дорба» акциясы аясында 200-ден астам жамбылдық «Қызыл Ай» қоғамының азық-түлік себетін алды. Мұндай көмекке мұқтаж отбасылармен бірге жалғызілікті қарт кісілер де ие болды.

Арайлы Жақсылық

«Қызыл Ай» қоғамының Жамбыл облыстық филиалының директоры Оразкүл Тастемірованың айтуынша, Тараз қаласы мен облыстың мұқтаж отбасылары азық-түлік және санитарлық-гигиеналық құралдар жиынтығын алады. Айта кету керек, өңірдің 100 тұрғынына «Соса-Соlа» халықаралық қоры демеуші болған әлеуметтік жоба аясында сәлемдемелер жеткізілді. Бұл жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда бір азық-түлік себетінің құны сегіз мың теңгеден артық болады. Онда екі килограмнан қант, ұн, түрлі жарма, макарон, май және басқа да өнімдер бар. Егер алушының мүмкіндігі болса, ұйымның кеңсесінен гуманитарлық көмекті өзі алып кете алады.
– Мен емханада санитар болып жұмыс істеймін, алты бала тәрбиелеп отырмын. Бізді әрдайым қолдайтын «Қызыл Ай» қоғамына өте ризамын. Қазір де біздің отбасымызға азық- түлік жиынтығы түрінде көмек көрсетілді, – дейді Гүлназ есімді ана.
Жалпы елімізде төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілген сәттен бастап «Қызыл Ай» қоғамының Жамбыл облыстық филиалы тарапынан өңірдің 200-ден астам тұрғыны гуманитарлық көмекпен қамтылды. Айта кету керек, акцияны өткізуге мұқтаж жандардың жағдайына бейжай қарамайтын азаматтар, жергілікті кәсіпкерлер, ірі компаниялар жәрдемдеседі.
– Азық-түлік себеттері біздің қамқорлығымыздағы отбасыларға ғана емес, жұмыспен қамту орталығы ұсынған тізім бойынша да, бізге тікелей көмек сұрап келгендерге де таратылды. Егер адам шынымен қиын жағдайда болса, мысалы, табыссыз қалуына байланысты оны тізімге қосамыз. Бірінші кезекте бұл қолдау көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған. Біздің сәлемдемелерді алушылар арасында Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлері, жалғызілікті қарт адамдар, мүгедектер аз емес, – деп атап өтті Оразкүл Тастемірова.
«Мейірімді дорба» акциясы шілде айының соңына дейін жалғасады. Жиналған демеушілік қаражатқа мұқтаж жандар үшін азық-түлік сатып алынады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.