Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иесіз жатқан тірлік жоқ

0 161

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау, аумақтық округтерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қадағалау мақсатында Тараз қаласының 11 аумақтық округі бойынша 11 мобильдік топ құрылып, бүгінде жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Аталмыш мобильдік топтың мүшесі, қала әкімі Айтқазы Қарабалаев осы бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқан бірнеше құрылыс нысанына ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Ең әуелі әкім бастаған топ Қазыбек би және Төле би даңғылының ортасындағы Қойгелді көшесінде жүргізіліп жатқан құрылысты көзбен көріп қайтты. Бұл көшедегі тынымсыз тіршілік пен үздіксіз кептеліс қала тұрғындары үшін көптеген қолайсыздықтар тудырып келген болатын. Себебі көше бойында «ҚазТрансГаз», қалалық білім бөлімі сынды маңызды мекемелер орналасқан. Құрылыс жұмыстары бойынша көшенің ені ұзартылып, автотұрақ мәселесі жолға қойылып отыр. Жолға жаңа асфальт төселіп, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалған. Одан әрі қала әкімі «Қант зауыты» алқабындағы «Даңқ» аллеясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл аллеядағы жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы, жаңа шамдар, субұрқақ, орындықтар орналастырылған.
– Барлық игілік осы алқаптың тұрғындары үшін жасалып отыр. Әуелде иесіз жатқан сүйкімсіз алаңша еді, бүгінде әдемі, көпшілік демалатын қоғамдық орынға айналды. Осы аумақтың тұрғындары бұл нысанға жанашырлықпен қарап, бұзақылардан қорғап жүрсе дейміз, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Одан әрі қала әкімі осы аумақта жаңадан бой көтеріп жатқан №22 орта мектептің құрылыс барысымен танысты. Іргетасы жуырда ғана қаланған білім ұясы 600 балаға арналған. Осыған дейін бұл мектептің ескі ғимаратына бала саны артып, кабинеттер тарлық еткен. Бұл мектеп осы аумақтағы көптің тілегі болатын. Жыл сайын қала әкімінің есебінде тұрғындар жаңа мектептің қажеттігін айтып, талай арызданған еді. Бүгінде ағаштан тұрғызылған, ескі қаусаған ғимарат сүріліп, орнына су жаңа 3 қабатты, екі корпустан тұратын нысан бой көтеруде.
Қала аумағында бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс қарқыны мен сапасы әрдайым жергілікті әкімдіктің жіті назарында. Шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев бұл жұмыстардың барлығына жеке бақылау жүргізіп, мердігер компания өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Жүйелі жұмыс оң нәтиже берсе, аталған нысандар уақытылы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілмек. Дегенмен әкімдік атқарған тындырымды тірліктерге тұрғындардың бейберекет әрекеттері кері әсерін тигізіп жатыр. Атап айтқанда, жаз мезгілінде пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге асығатын тараздықтар үйлерінен шыққан қоқысты арнайы жәшікке емес, көшенің бойына, арықтарға, көзге еленбейтін орындарға тастауға әуес. Әлбетте, қала тазалығына жауапты мекеме тек жәшіктегі қоқыстарды күн сайын бір мезгілде алып кетеді. Ал тұрғындар тастаған тұрмыстық қалдықтар үйілген үстіне үйіліп, қаланың келбетіне сызат түседі. Қаладағы мөлтек аудандарды жаяу аралау барысында шаһар басшысы осындай тәртіпсіздікке куә болып, тұрғындардың жауапсыздығына қынжылыс білдірді. Бірден жауапты мекеменің мамандарына хабарласып, тиісті шараларды қолданды. Өкінішке орай, қалада өзінің тұратын ауданына мәдениетсіздік танытып, жанашырлықпен қарамайтын тұрғындар баршылық. Қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы мұндай басбұзарларды анықтап, әкімшілік жазаға тартуда жұмсақтық танытудың қажеті жоғын ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.