Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата мен әже – шаңырақтың алтын қазығы

0 926

Ата мен әженің тәрбиесі ізгіліктің жарығындай бала жүрегін нұрландырып тұрады. Көпті көрген көнекөздің өмірден алған тәжірибесі мол. Бар жылы-жұмсағын тауысып, ыстық-суығын ажыратып, бойындағы бар жылуын өз жанының бөлшегіне бөліп беруге даяр ата мен әже – кемел келешекке ақыл үлестіруші кемеңгер.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ең біріншіден, зейнет демалысына шығып, қарияның немере бағудан өзге ісі де, қызығы да жоқ. Сондықтан бар ынта, жігері мен өмірден алған өнегесін бала жүрегіне құяры сөзсіз. Оның үстіне болашағын жалғайтын ұрпағының адам болып қалыптасуына атүсті қарамайтыны анық. Бар ықыласын төгіп, тәттісін тосып, жақсылыққа жол сілтер ең жақсы тәрбиеші, асыл ұстаз, мейірім мен қамқорлықтың озық үлгісін көрсетуші ең аяулы жандар.

Атасының алдында құлдыраңдай жүгіріп, құдықтан су тасып, үлкендердің өнегелі әңгімесін тыңдап, құрық ұстап өскен құлын мінез құлагердің құлшынысы да басқа болмақ. Ата ақылы – ақ пен қараны ажыратуға, ел мен жерді сүюге, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетуге, маңдай тері сіңген еңбектің дәмі тіл үйіретінін ұқтыруға үлкен көмек.

Ал әжесінің ұршық иіріп, құрт жайып, күбі пісіп, май алған кәрі саусағы маңдайыңды сипағанынан асқан мейірім бар ма? Әженің ақ жаулығына барлық иба, инабат пен мейірім түгел сіңіп, немересіне елжіреген сәт тамырын бойлап, балаға берілетін сыңайлы. Әже тербеткен бесік пен әже айтқан әлди-әнде де кие бар.
Қырықтың қырқасына келсем де, күні бүгін әжем айтқан аңыз әңгіме, ертегілер әлі күнге құлағымда. Себебі сондай мейірім мен ізгілік тұнған мысалды тек әжелер ғана жеткізіп береді. Сендіреді. Себебі кәрі жүректің өзі де сенеді. Сондай ақ, адал жүректі ата мен әженің тәрбиесін алған баланың бойында жақсылық тұнып тұрады.
Күні бүгінгі, көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ кейбір қалалық әжелеріміздің қасы тату, көзінде кірпік, шашы сары бояу. Аталарымыз қолына сыра ұстап, телефонға телміріп жүр. Ал біз яки бүгінгі балалар жаулығымен көзін сүртіп, жол қарап, айналып-толғанып отыратын әже мен тақиясына тері сіңіп, қамшысын өріп, тәспісін санап, салалы саусағымен сақалын сипап отырып ақыл айтып, бата беретін шынайы қарияны сағындық. Той-томалақта да байқап жүрміз, кей қарияның берген батасы, батадан гөрі той төрінде айтылатын тост-тілекке көбірек ұқсайды… Сол сәт өзіңнің аузынан ақық ақтарылған баяғының батагөй қариясын еріксіз ойға аласың.

Үйдегі ата-әженің ізін аңдып, бауырына тығылып, аяғына оратылып жүретін кешегі баланы бүгін тәрбиеші алмастырды. Ағылшын тілін еркін үйрететіні ескеріліп, бала психологиясын ұғып һәм ұстаздық дипломының бар-жоғы да талап етіледі. Әрине, бұл дұрыс. Заман көшіне сай ілесудің ең дұрыс жолы. Бірақ қалада оқыған тәрбиеші дала заңына сүйеніп, обал мен сауап, кие мен иеге бағынған бағзы ата-бабамыздың өсиетін ұғып, туған ата-әженің махаббатын бере алады ма балаға? Иә, бәрін үйретер, этика мен эстетика, мәдениет пен тілді сіңірер, бірақ оның бәрі шынайы қамқорлықтан гөрі, жаттанды ұранмен үйретілгенін ұқпаймыз-ау. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» демекші, бір қарияның өзі сарқылмас дариядай, сүйіспеншілік пен ұлттық менталитеттің таптырмас бұлағы ғой. Сол бұлақтан сусындаған баланың да жаман болмасы анық. Әлгі білімпаз үйретушінің болғаны жақсы, әрине. Бірақ, ең маңыздысы, өмірде көрген-түйгені мол әрі тұла бойы махаббатқа тұнған ата мен әженің берген іліміне ештеңе жетпейді. Ал басқасы тек қосымша болуы тиіс.

Әжемнің әдебі қандай?

Қалтасы қалың немесе білімге ден қойып, қалалық ақ саусақ кейіпке енген ата-аналардың көбі заман талабы деп еуропалық тәрбиені таңдады. Туған баласын әжесімен араластырмайтындарды да көз көріп жүр. Мойнына асылса, кәрінің иісі сіңіп, сүйсе, сарғыш тартқан тісінен жиіркеніп, ескіліктің адамы деп менсінбей тұрғандарын байқап жүрміз. Бірақ кейбір әжелердің де бала бағып, боғына шылануға онша құлқы жоқ. Қайта ендігі қалған ғұмырын курорт, санаторийде қыдырып, дос-құрбыларымен өткізуді жөн санайды. Ал бала ол тұлға болып жетілуі үшін ақылы мектеп, ақылгөй ұстаздан білім алса жетіп жатыр деген түсінік қалыптасты.
Белгілі драматург Сая Қасымбек балаға да, немереге де өнеге болу үшін алдымен ата-ананың өзін тәрбиелеу керек дейді.

– Бала үйдегі үлкендердің әрбір іс-әрекетін айнытпай қайталайды, бойына көргенін сіңіріп өседі. Кітапта оқығаныңды, өмірде көргеніңді айтқанның, күні бойы қақсап ақыл айта бергеніңнен пайда жоқ. Үйдегі-түздегі өзіңнің ісің мен қылығың қандай болса, сол, тіпті жүріп-тұрғаныңа дейін, әдет-әдебіңнің бәрі – балаға өнеге, берген тәрбиең. Өзім әже атанған уақыттан бастап сол атқа лайық болу үшін, ең әуелі, үсті-басымды түзедім. Әжеге лайық киімді киіне бастадым. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты үйге келген сыйлы қонақтармен бірге бала-немерелерімді дастарқан басында отырғыздым. Ол кісілердің ғибратты әңгімелерін тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Ал баланы арақ-шарап қойылған дастарқан басына бірге отырғызбаған жөн.

Бір ғана мысал айтайын, жақында өзіме арнап тіккен көйлектен артылған кішкене мата қиындысынан гүл жасап, иығыма тағып көрдім. Оны байқап, қарап тұрған немеремнен: «Қалай, әдемі ме?», – деп сұрадым. Ол: «Иә, әдемі», – деп жауап берді. Егер оны отырғызып қойып: «Мынаны қара, осылай істе!», – деп үйрете бастасаң, мән бермес еді. Сондықтан тәрбиелеу керек деп есіңе түскенде, қажет болғанда ғана емес, бала мен немереге күнделікті, ағымды түрде тәрбие беру керек. Қалаға көшіп келген жастардың бойында жасандылық көп. Ауыл тәрбиесін көріп өссе де, балаларын әжелеріне бермейді, «не тәрбие берер дейсің» деп қомсынады. Осылайша, ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Бұрын әжесінің қасында жүрген немересінің, мысалы, аяғы сынып қалса да, ешкім шу шығармайтын. Қазір дәл солай болсыншы, келіні әжесіне күйеуін қосып, шаңын қағып, сілікпесін шығарады. Сондықтан әжелеріміз келінінен сөз естімеу үшін, немереден бір қадам болсын аулақ жүргенді қалайды. Тағы бір айта кететін жайт, немере алдында әже образының дұрыс қалыптасуына оның сырт келбетінің сай болмауы да кедергі. Қазіргі әжелер 20 жыл бұрынғы әжелерден жас көрінеді әрі заманауи киім киеді. Тіпті киім кигеніне қарап, ана мен әжені ажырату қиын болып кетті. Сондай-ақ көп әйелдер өзін әже дегендерін қаламайды, қабылдай алмайды. Екіншіден, әже атанған әйелдердің дастарқан басында өзін ұстауы мен сөйлеуіне дейін дұрыс емес, – депті шындықты дөп басып айтқан қоғам белсендісі Сая Қасымбек өзінің бір сұхбатында.

«Әлдиі» жоқ анадан қорқамын

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – деген ұлағатты сөзі, күні бүгін ұранға айналуы тиіс. Шаңырақ құрған әрбір отбасының төріне осы сөзді жазып, іліп қойса да үлгі боларлықтай.

Қазақ – өз ұрпағын кішілікке, кісілікке үйретіп, ұлағатты тәрбие бере алған халық. Мәселен, ауылда бір бала сотқарлық танытып, тәрбиесіздік көрсетсе, туған-туыс, бір рулы ел болып, бір тентекті белінен басып, сын тезінен өткізіп, жабылып жүріп жөн көрсетіп, жол сілтеген. «Қызға қырық үйден тыйым, қалса, қара күңнен тыйым» деген аталы сөз де осындайда айтылған. Әсіресе, көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі осындайда үлкен рөл атқарған. Алайда күні бүгін қазақтың бесік жырын есі кеткенше еліріп билейтін, шетелдің даңғаза әуені, ертегінің орнын компьютер, түрлі мультфильм, одан қалса, бала ермегіне айналған түрлі сайттар алмастырды. Міне, ата мен әженің орнын техника басқан дәуір туды.

«Бұрын кімнің баласысың?» дегенде бала біткен «атамның» деп саңқ ете қалатын. Әкесіне қанша жерден еміреніп, елжіреп тұрса да, атасының атын биік тұтып, осылай құрмет көрсететін. Бұл – тәрбиенің бірі түрі. Үлкенді сыйлау, құрметтеудің айтқызбай орындалған процесі.

Бүгінгі әке өз атын ататып, өзі болып-толғандай, әкесінің өз өміріне қатысы жоқтай өзеурейді. Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ сол бала ертең менменшіл болып өседі. Тіпті үлкенді құрметтейді дегенге сене алмаймын. Себебі оның әкесі әкесіне лайықты сый көрсетіп жүрген жоқ. Ал бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні бар…

Ата мен әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтың тірегі. Ата мен әже барда әлем де жып-жылы. Ата-әженің айналып-толғанып, маңдайдан емірене сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Балаларды мейірімнен айырмайық. Өйткені әлемді мейірім ұстап тұр!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.