Дөңгеленген дүниенің дидарына қазақ деген ұлт енгелі еліміз қай кезеңде болсын астанасыз қалып, жұтаң күн кешпеген.

Бағаналары сонау алыстан менмұндалаған, ақ ордасының күмбезіне күн шағылысқан, келбеті мен сәулеті жарасқан астаналар ұлтымыздың бар бітімі мен болмысын ұлықтап, өзгелерден еректігімізді һәм рухымызды айшықтай түскен. Бұған тарихтағы жазбалар, дәуірлер бедеріндегі жылнамалар дәлел. Алаштың құшағын перзенттеріне айқара ашқан дархан даласының батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде тарихы терең, астанаға лайықты шаһарлар аз болмаған-ды. Кешегі Сығанақ пен Түркістан, Орынбор мен Ақмешіттің абыройы осыған айғақ. Басымызға бақ орнап, жоғымызды түгендеп, барымыздың қадірін біле түскен шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен ақ ордамызды арқаның төскейіне тіктік. Алғашында қысы қатал, жазы қоңыр салқын, жазық далаға елдің бас қаласын орнықтыру идеясы сол кездегі кейбір ел ағаларының көңілінен шықпаған-ды. Күмән де аз болмаған. Дегенмен бас шаһар күн санап емес, сәт санап өркендей түсті. Талайғы еңбек пен төгілген маңдай тердің мінсіз нәтижесі бүгінде егемендігімізді асқақтатуда. Елдің яки тұтас құрлықтың кіндігінен орын тепкен бас қала дүниежүзіне Қазақстан деген елдің барын әйгілеп тұрғандай!
Дәуірлер мен кезеңдерді уақыт жадында мәңгіге қалдыруға мүдделі тарихшылар мен жылнамашылар «қала адамды тәрбиелейді» деген пікірді алға тартады. Расында, әрбір өркениет пен мәдениеттің озық үлгілері тоғысқан шаһарда зиялы ұрпақ, саналы буын өсіп-өнеді. Тәуелсіздіктің ғажап көрінісіне баланған кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтанның болашағы өзін ұлықтап, ажарын асқақтатар жаңа ұрпақтың білім-білігімен, таным көкжиегімен сұлулана түсері сөзсіз. Тарихи құжатқа қол қойылып, Еуразияның қақ ортасынан ойып орын алған бас шаһар 22 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен қос ғасырдың тоғысқан шағын бастан өткерді. Алда ел тағдырының тағылымды сүрлеулері, жаңа кезеңдер мен өзгерістер күтіп тұр. Ел жүрегі сол өзгерістермен бірге өсіп, өнбек.
Алашпен бірге асқақтай бер, ақ ордалы Нұр-Сұлтан!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған