Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнерге шектеу жоқ

0 170

Таразда «Aspara Fashion Week» сән жобасының бесінші маусымы өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тікелей мұрындық болуымен ұйымдастырылған жоба бұл жолы алғаш рет онлайн форматта жүргізілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Сән апталығының баспасөз конференциясы жобаның ресми парақшаларында, ал көрсетілімнің өзі Zoom платформасында, YouTube видеохостингіндегі «Aspara Fashion Week» сән апталығының ресми беттерінде сәнсүйер қауымның назарына ұсынылды. Ескеретін жайт, «ASPARA» жобасы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жүзеге асыратын әлеуметтік жобаларды акселерациялау бағдарламасы аясында үздік 20 жоба қатарына енді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз және Атырау шаһарларының үздік дизайнерлері онлайн сән апталығының алғашқы күндерінде кеңселік стиль мен ұлттық үлгідегі 11 түрлі көрсетілім ұсынды. Киім үлгілерінен бірден көзге түскен ерекшелік көптеген дизайнерлердің топтамаларында шілтерлі бетперделер, бүркемелер көрініс тапқан. Бұл әлемдік пандемияның сән индустриясына да айтарлықтай әсер еткенін аңғартады.

– Біз «Aspara Fashion Week» сынды ауқымды жобаны тұңғыш рет онлайн режимде ұйымдастырып отырмыз. Сол себепті де сәнгерлер өз топтамаларына осы бағытта ерекшелік енгізумен қатар оны видеоға өзгеше етіп түсіріп, біз ұсынған виртуалды ресурстарға ұтымды әрі креативті етіп ұсынуда көп ізденіске түсті деуге болады. Онлайн көрсетілімдердің тағы бір өзгешелігі – әр құрлықтағы уақыт белдеулеріндегі айырмашылық. Ал артықшылығы – онлайн көрсетілімдерді тамашалағысы келетін көрермендер санына шектеу қойылған жоқ. Тіпті тікелей эфирді қарап үлгермесеңіз де, кейін көрсетілімге қайта оралуға болады, өйткені біз барлық бейнежазбаларды сақтаймыз, – дейді «Aspara Fashion Week» жобасының авторы, неофольклор стилінің негізін салушы Айдархан Қалиев.

«Aspara Fashion Week» жобасының негізін белгілі дизайнер Айдархан Қалиев 2017 жылдың басында салған болатын. Автордың айтуынша, бұл жоба көптеген қазақстандық сәнгерлер үшін халықаралық сән әлеміне аяқ басуға арналған үлкен платформаға айналып үлгерді. Ал ұйымдастырылатын сән апталықтары әрбір дизайнер үшін тәжірибе алмасу алаңына айналған-ды.

– Біз сән индустриясында табанды еңбек етіп жүрген шетелдік сарапшылар мен мамандарға санамыздың ашықтығын көрсетіп, азиялық бірегейлікті сақтаудың тәсілдерін ұсынамыз. Орта Азия дизайнерлерінің сән саласындағы бәсекеге қабілеттілігін нығайта отырып, жалпы Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытуды, сән саласындағы білімімізді жетілдіруді мақсат тұтамыз. «Aspara Fashion Week» жобасы елдегі сәнгерлерге қазақстандық, ортаазиялық және еуропалық шоурумдарда авторлық бұйымдарды сатуға ғана емес, сондай-ақ мәртебесін арттыруға, бренд жасауға мол мүмкіндік береді, – деді Айдархан Қалиев.

«Aspara Fashion Week» серіктестері бұл ынтымақтастық сән саласына мол тәжірибе, зор қолдау екенін апталықтың бірінші күні атап өтті.
Сән апталығына еуропалық, африкалық, азиялық, америкалық және қазақстандық дизайнерлерден 90-нан астам өтінім келіп түскен. Іріктеуде коллекцияның ерекшелігі – 2020-2021 күз-қыс маусымына сәйкестігі сияқты бірнеше критерийлер назарға алынған. Тараздағы сән апталығына алғаш рет Сингапур, Тайланд, Малайзия, Филиппин, Вьетнам, Қытай, Камбоджа, Италия, Испания, Марокко, Голландия, Кения, Аргентина, Франция, Сербия, АҚШ, Индонезия, Бруней, Мьянма, Лаос, Үндістан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінің беделді сәнгерлері қатысып отыр.

– Мен карантин кезінде өз коллекция-ларымды көпшілікке көрсету, солар арқылы Ұлы дала дәстүрлерін дәріптеуге мол мүмкіндік берген осы шараға ерекше ризамын. Сұлулық әлемді құтқарады. Ал біз, дизайнерлер, жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлесімізді қосамыз, – дейді «Zeken-moda» брендінің авторы, нұр-сұлтандық дизайнер Қайролла Әбішев.

Осылайша, төрт күнге созылған онлайн форматтағы «Aspara Fashion Week» 32 елдің 60-қа жуық дизайнерін бір уақыт белдеуінде тоғыстырып, өнердің озық үлгісіне айналған киім үлгілерін күллі әлемге паш етті. Өнерді дамытуға яки ғаламға паш етуге ешқандай пандемия да, карантиндік жағдайлар кедергі бола алмайтынын осыдан аңғаруға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара отандық сән индустриясын дамытуға серпін болып отыр. Бұл форматтағы сән көрсетілімдері келешекте де ауқымды қолданысқа енбек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.