Қалалық қоғамдық-саяси газет

163 аула жаңартылады

0 154

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағындағы аула алаңшалары абаттандырылып, тозығы жеткен асфальттар сүріледі, бордюрлер ауыстырылып, балаларға арналған ойын алаңшалары жаңартылатыны бұған дейін белгілі болған. Қазіргі таңда осы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін қадағалайтын 11 мобильдік топтың жұмысы да қыза түскен.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бұл жолы инфрақұрылымды дамыту аясында қарқын алған құрылысты бақылайтын №1 мобильдік топтың мүшелері «Астана» мөлтек ауданындағы жұмыстардың барысымен танысып қайтты. Топ құрамында қала әкімдігінің №1 территориалдық округі бойынша бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Сыдықова, учаскелік полиция қызметкері Бақтияр Тұрғынбеков болды. Топ мүшелері алдымен «Астана» мөлтек ауданы, №13, 14, 15, 16, 31 үйлердің ауласына барды. Онда жауапты мердігер «Түпқараған Строй» серіктестігі демонтаж жұмыстарын толық жүргізген. Бүгінде аулаға жаңа бордюрлер қойылып, тұрғындардың сұранысы бойынша автотұрақтар кеңейтілуде. Өз кезегінде топ мүшелері тұрғындармен кездесіп, үйдің қасбетінің жаңартылуы, ағаш отырғызу, тәртіп сақтау мәселесі бойынша қойылған сұрақтарға заң аясында түсінік берді. Сондай-ақ тұрғындардың Әл-Фараби көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолағын жаңғырту мәселесі бойынша өтінішін топ мүшелері әкімдікке жеткізетінін айтты.

Осыдан кейін бақылаушы топ «Астана» мөлтек ауданы, №19, 20, 21, 22, 22 үйлердің ауласын жаңартуды қолға алған мердігер «Энерджи-Тараз» серіктестігінің жұмыстарымен танысты. Нысанда демонтаж жұмыстары жасалып, жаңа бордюрлер қойылуда. Алайда бақылау тобына осымен екінші рет серіктестік директорын айтпағанда, жұмысшылармен жолығу мүмкіндігі бұйырмады. Есесіне, бақылаушы топқа жанайқайын айтқан тұрғындар жұмыстардың баяу жүріп жатқанын алға тартты. Тіпті аталмыш серіктестік тұрғындардың автотұрақтарды кеңейту бойынша сұранысын қаперіне алмай, бордюрлер қоюды бастап кеткен. Аула тұрғындарының тарапынан бұдан өзге де ұсыныстар айтылып, тиісінше бақылаушы топ мүшелері сұрақтарға заң аясында жауап берді.

Жалпы бақылаушы топ мүшелері «Астана» мөлтек ауданындағы №23, 24, 25, 26, 27 үйлердің ауласын жаңартуды қолға алған мердігер «Binna-К» серіктестігінің жоспарлы жұмыстарына оң бағасын берді. Бақылаушы топты серіктестік директоры Керім Аташев қарсы алып, жұмыс барысымен толық таныстырды.

Байқағанымыздай, нысан басындағы тындырымды тірліктер тұрғындармен келісіліп, өтініштерін ескере отырып жүргізіліп жатыр. Мердігер сметада көрсетілмеген орындықтар, балалар әткеншектерін, кір жаятын темірлерді тұрғындардың сұранысы бойынша артығымен орнатып беретінін айтты. Бір қызығы, аулада асфальт жолдар мен бордюрлер толық жаңартылмайды. Есесіне автотұрақтар кеңейтіледі, тұрғындардың тілегі орындалады. Орайы келгенде, серіктестік директоры Керім Аташев ауланың қақ ортасындағы жылу желісі құдығының қақпағының деңгейін биіктетіп, оны ауыстыру керектігін айтып қалды. Бұған топ мүшелері жауапты мамандармен кездесу керектігін жеткізді.

Бағдарлама аясында қарқын алған жұмыстар жүйелі атқарылуда. Бірақ «ауланы жаңарту жұмыстарын жоспар бойынша күзге дейін бітіреміз» деген желеумен жұмыс жасап жатқан кейбір мердігер компаниялардың әрекеті көңіл қуантарлық жағдай емес. Бақылаушы топ мүшелерінің мақсаты сол – игі бастаманың тұрғындарға тиімді болуын қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.