Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлық айда ұядай үйге ие болды

0 200

Таразда қасиетті Рамазан айында жалғызбасты, төрт балалы ана Айна Жәйтекеноваға екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында берілген 203-ші пәтер шаһардағы бірнеше кәсіпкердің қаражатына алынып отыр. Жалғызбасты ананың жағдайымен өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев өзі арнайы танысып, кәсіпкерлерді жұмылдырған.

Жетімнің маңдайын сипап, шын мұқтаждың мұңын тыңдап, жақсылық жасау – исі мұсылманға тән қадірлі қасиет. Тағдыр түрлі тауқыметке ұрындырғанымен, Тәңір кімнің де болсын түрлі соқпаққа толы жолын мейірімді жандармен тоғыстырары хақ. Тек соған сеніп, дұғада болу уәжіп. Қайырлы істің кейіпкері болған Айна Демеуқызының жары осыдан жеті жыл бұрын өмірден озған екен. Содан бері қолдан келген түрлі жұмысты жат көрмей, нәпақасын тауып келген ананың пәтерге қаражат жинауға жағдайы жетпеген. Қасиетті айда жомарт жандардың игілікті ісіне куә болған ол қиын шақта қол ұшын созған мәрт жандарға зор алғысын білдірді.
– Мен мұндай үлкен көмекке ие боламын деп ойламаған едім. Балаларыма өзім көрген жетімдікті көрсетпеу үшін қолымнан келген жұмыстың барлығын жасап, күн көріп жүрген анамын. Бүгін міне, мейірімді жандардың шапағатын көріп жатырмын. Сіздерді Құдай қуантсын, Алла Тағала сауаптан жазсын. Еліміз ешқашан таршылық көрмесін. Мына індеттен тезірек айығып, жаймашуақ күнімізге тезірек оралайық, – деп ағынан жарылды ана.

Ал ұлық айда көпбалалы анаға ұядай пәтер сыйлаған кәсіпкер Еркін Құлманбетов өзге де қалталы азаматтарды қайырымды іс жасауға шақырды.
– Осыдан біршама уақыт бұрын біз орталық мешіттің имамына әлеуметтік жағдайы төмен отбасын тауып беруді өтінгенбіз. Бүгін міне, қасиетті айдың соңғы аптасында осыған дейін ешқандай жұмысты ауырсынбай, ешкімнен ештеңе сұрамай күн көріп келген Айна Демеуқызының жанұясына жақсылық жасау бұйырған екен. Данияр Мамешов, Дәурен Досымбаев сынды кәсіпкерлер бірігіп, біріміз пәтер алып берсек, біріміз пәтердің ішін жиһазбен толтырдық. Ең бастысы, келешекте осы үйдің төрт баласы бөтен босағаны сығаламай, қатарластары секілді білім алып, ел мақтанар азамат болып өссін деп тілейміз, – деді кәсіпкер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.