Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайраткер. Ардагер. Азамат

0 296

Адамның кім екенін танытатын – өмір жолындағы еңбегі. Ал өмір адамға сынақ болып келеді. Сол сынақтан сүрінбей өтіп, ақырын жүріп, анық басқан, саналы ғұмырын ел болашағы үшін сарп еткен, барша жанға таза тілек тілейтін, қазақтың даласындай кең жүректі азаматтың бірі – жеті асқардың биігіне инабатты, парасатты, иманды жан ретінде жеткен Тараз қаласының төл тумасы Смайылов Алпысбай Смайылұлы десек, онымыз артық айтқандық болмас еді.

1950 жылы 2 маусымда дүниеге келген Алпысбай Смайылұлының балалық-балдаурен шағы Ұлы Отан соғысының басылған кезеңінде өтті. Халықтың Отанға, елге деген қандай патриоттық сезімдері болғанын бала да болса көзімен көріп, құлағымен естіп өскен жас Алпысбай еңбекпен ерте есейді. Оның үстіне ата-анасы Смайыл мен Айткүл де перзентін ешкімнен кем қылмай өсірді, жақсы тәрбие берді, білім алуына, өнер үйренуіне жан-жақты жағдай жасады. Осындай бақыт ұялаған шаңырақта өмір есігін ашқан бала көпшіл, бауырмал, әр істің көзін таба білетін іскер ұйымдастырушы, ойшыл болып өседі.

Алпысбай Смайылұлының бойындағы мұндай қасиеттері 1957-1966 жылдары Микоян, қазіргі М.Мақатаев атындағы орта мектебінде, 1966-1968 жылдары кәсіптік-техникалық училищесінде білім алған, 1968-1970 жылдары Варшава келісімі елдері құрамындағы Венгрияда әскери міндетін өтеген, 1970-1972 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқу шебері болып еңбек еткен, 1972-1979 жылдары осы аталған оқу орнының білімгері болған кезінде оны тұрғыластарынан даралап көрсетеді. Білім ұясында мұғалімдердің үміт-сеніміне, әскер қатарында командирлерінің құрметіне, білім ордасында ғалым-ұстаздарының жоғары бағасына ие болады. Институтта оқыған жылдарында алғыр жастың қарымды қайтарымдылығына риза болған оқу орнының ректораты оны ғылыми-техникалық зерттеу секторына жұмысқа қалдырып, уақыт оздырмай зерттеу бөлімінің басшысы қызметіне тағайындайды. Осы қызметте 1986 жылға дейін жемісті еңбек етеді.

Одан кейін партия, кеңес және кәсіподақ салаларында жауапты қызметтер атқара жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Осы кезеңде облыс басшыларының көзіне түскен жігіт ағасы 1991 жылы Жамбыл облыстық жұмыспен қамту басқармасы бастығының орынбасары, кейіннен бастығы болып қызмет атқарады. Бұл уақытта Кеңес Одағы ыдырап, құлдырау дәуірі басталған кез еді. Қазақстан тәуелсіздік алып, көк туы аспанда желбірегенімен, елде ақша болмай, жұмысшыларға, зейнеткерлерге жалақы, жәрдемақылар төленбей жатты. Осындай тығырыққа тірелген шақта бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қарамағындағы кадрларды адалдыққа, шындыққа тәрбиелеудің нәтижесінде жемісті еңбектің үлгісін көрсете білді.

Еліміздің бас қаласының Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) ауысуының куәсі болу бақытына ие болған Алпысбай Смайылұлы 1997-2000 жылдары Ақмола облыстық еңбекпен және жұмыспен қамту басқармасының сектор меңгерушісі, Қазақстан Республикасы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім басшысы болған кезінде АҚШ, Түркия, Германия елдерінде өз саласы бойынша сынақ мерзімінен (стажировка) өтіп, іскерлігін одан әрі шыңдай түседі.
2000-2003 жылдары Тараз қалалық зейнетақы төлеу орталығының бөлім басшысы қызметін атқарады. Бірқатар беделді мекемелерде, Астанада министрлікте қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтап, еңбекте шыныққан Алпысбай Смайылұлы 2003 жылы «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады. Бұл орында да өзін салауатты, парасатты, саналы, білімді азамат екендігін таныта білді.

2008-2010 жылдары Тараз қаласындағы «Азия-Қазақстан» Концернінің директоры болды. Ал 2010-2013 жылдары Тараз қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарып, осы жерден абыроймен зейнеткерлікке шығады.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде шаһардың қоғамдық-саяси өміріне барынша араласып, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, қайырымдылыққа, еңбекқорлыққа, адал өмір сүруге ақсақалдық ақыл айтып, белсенділік танытып келеді. Сонымен қатар оның іскерлігі мен біліктілігі жоғары бағаланып, бүгінгі таңда Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің хатшысы қызметін биік деңгейде жүргізе білуде.

Алпекеңнің кішіпейілдігі мен мәдениеттілігі, шынында да, өзгелерден ерекше. Әрбір айтқан сөзі жүрегіңде ұялап тұрады. Жаны ерекше таза. Білімділігі, біліктілігімен қатар ойы салмақты, шыншыл. Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары болғандықтан, ол қай кезеңде де сыйлы бола білді. Сонымен қатар өнер мен мәдениетті бойына жақын тұтатын оның қарапайымдылығы, адамгершілік қасиеті, жайдары мінезі, әсерлі әңгімесі әрдайым өте шынайы, тартымды шығып отырады. Алпекең бойындағы ерекшелігінің енді бір қыры – өнерпаздығы. Ол көбіне таңдап, талғап барып орындайтын Абайдың «Көзімнің қарасы», Н.Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әндерін нақышына келтіріп шырқағанда, көпшілікті өзіне жылдам баурап алады.

Өзінің еңбек еткен жылдарында ел экономикасының өркендеуіне және жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосты. Өз кәсібінің шыңына шықты деп айта аламыз. Осы бағытта Алпысбай Смайылұлын елі үшін елеулі жұмыс атқарған қажырлы қайраткер десек әсте жаңылыса қоймаспыз.

Қол жеткізген табыстары үшін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медальдерімен марапатталған.

Алпекеңнің көп жыл нәтижелі еңбек етуіне бақытты отбасының тікелей әсері болды. Жұбайы Күлзада Құлманқызы жан жолдасының алаңсыз қызмет етуіне бар жағдайын жасап, алтындай ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда немерелерінің сүйікті ата-әжесі болып отыр.

Өн бойына жақсы қасиеттерді ғана жиған Алпысбай Смайылұлы жұмысында абырой биігінен түскен емес. Араласатын қауымда, ағайын-бауырларының ортасында қай кезде де құрметке бөленіп келеді. Жүрегі жұртым деп соққан ақкөңіл азаматтың бойындағы кісілігіне сай кішілігі де бар. Адамдармен жылдам тіл табысып, ешкімді жатырқамайтын Алпекеңді де өскен ортасы аса қадір тұтады. Жетпіс деген белеске көтерілген Алпысбай Смайылұлына ұзақ ғұмыр, отбасы бақытын, бауыр еті балаларының қызығына тоймай, қуанышқа бөлене беруін тілейміз.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.