Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасөспірімдердің тәртібі мен қауіпсіздігі – басты назарда

0 266

Тараз қаласында Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспары мен облыс әкімінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №282 қаулысымен бекітілген Жамбыл облысында 2018-2019 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде оларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстың және өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу профилактикасы жөніндегі кешенді жоспарына сәйкес Тараз қаласында кәмелетке толмағандардың мектептердегі және одан тыс уақыттардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім мекемелерінде құқық бұзушылық пен қылмыстың, дәстүрлі емес түрлі діни ағымдардың, өзіне-өзі қол салудың және оған ұмтылудың, ерте жаста жүкті болу жағдайларының алдын алу бойынша төрт бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Тараз қаласындағы жалпы білім беретін 60 мектепте – 73899, кешкі мектепте – 284, барлығы 74183 оқушы білім алуда. Оның ішінде 17541 бала аз қамтылған отбасынан шыққандығы анықталса, 103 бала 54 жайсыз отбасында тұрады. Сонымен қатар 8449 толық емес отбасында 18529 кәмелетке толмаған жасөспірім тәрбиеленуде.

Тараз қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың 2 ай қорытындысы бойынша қала аумағында мектеп оқушыларының қатысуымен 5 қылмыс жасалып, өткен жылдан 1 қылмысқа төмендеген.

Екі айдың қорытындысы бойынша 67 мектеп оқушысы полиция бөлімдерінің профилактикалық есебіне алынса, 212 бала мектепішілік есепке қойылды. Профилактикалық есепке алынған оқушылардың барлығы мектепішілік және мектептен тыс спорттық секциялар мен үйірмелерге қамтылған. Бос уақыттарының тиімді ұйымдастырылуы бойынша кесте әзірленіп, білім беру ұйымдарының қатаң бақылауына алынған.

Қалалық білім бөліміне қарасты 60 мектеп пен кешкі мектепке 57 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Жамбыл облысы полиция департаментінің ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысы туралы есебінде берілген ұсыныс шеңберінде қала мектептеріне бекітілген полиция инспекторларының 5-іне (№№2, 30, 41, 55, 59 ОМ) жеке кабинет берілген. Ал қалған 52 инспектор директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен бірге отырады. Сонымен қатар 29 мектепте бейнебақылау камерасын бақылап отыратын монитор полиция инспекторлары отыратын бөлмеге орналастырылған. Қалған мектептерде осы жұмысты жалғастыру бойынша қаражат көзі қарастырылуда.

Кәмелетке толмағандармен полиция инспекторларының жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасарымен бекітілген «Мектептердегі полиция инспекторларының білім беру ұйымдарымен өзара әрекетінің алгоритмі» шеңберінде мектептердегі учаскелік полиция инспекторлары тоқсанына бір рет ата-аналар мен қамқоршылық кеңестері алдында есептерін өткізіп отыр. Бекітілген алгоритм бойынша полиция инспекторлары берілетін есептерін қағаз жүзінде әзірлеп, ата-аналар назарына фото-слайдпен жүргізіп, есептен кейін әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келеді.
Педагог қызметкерлер ғимарат ішінде және мектеп аумағында оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауысым арасында кезекшілік жұмыстарын жүргізуде. Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қауіпсіздік ережелері директормен бекітілген және мектепке келушілерді тіркеу, қабылдау, шығарып салу регламенті көрсетілген. Ата-аналарға және бөгде адамдарға білім нысанына кіру кезінде вахта қызметі қойылған.

«Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдері тіркеліп, оқушылар қадағаланып отырады. Оқушылардың барлығына бағдарламалық карталар таратылып беріледі. Карта арқылы турникеттен өткен оқушының суреті мен тұлғаның сәйкестігі бақыланады. Сондай-ақ мектепке бөгде адамдардың рұқсатсыз кіруіне тосқауыл қойылады. 2019 жылы бөлімге қарасты 6 мектепке (№№3, 10, 46, 51, 53, 59 ОМ) 27 000,0 мың теңгеге аталған қондырғылар орнатылса, 2020 жылға 33 000,0 мың теңге қарастырылып отыр (6 мектепке).

Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғалуына байланысты техникалық қажеттіліктерді нығайту мақсатында білім беру мекемелері толық 100% ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 2019 жылы камералар санын ұлғайту үшін 54 387,8 мың теңге бөлініп, 16 мектепке орнатылды. 2020 жылы осы бағытта 30 мектепке 87 476,0 мың теңге қаражат қарастырылды. Бүгінгі күні барлық камералар саны – 942.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия тұрақты түрде жұмыс істеуде. 10 айдың қорытындысы бойынша 24 комиссия отырысы өткізілді. Оның 2-і кеңейтілген, 13-і көшпелі, 4-і кезектен тыс отырыс. Комиссия отырысында барлығы 120-дан астам кәмелетке толмағанға қатысты мәселе қаралып, 46 қаулы шығарылды.

Есепті кезеңде комиссиямен балалардың заңды өкілдерінің отбасы жағдайына байланысты кешкі мектепке ауыстыру туралы 83 арызы қаралып, 53-і қанағаттандырылды. Сондай-ақ арнаулы мектептен оралған кәмелетке толмағандар комиссия отырысында қаралып, дер кезінде оқумен қамтылуда.
Алдағы уақытта оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім ошақтарының аумағына бақылауды күшейту, күзет мекемелерімен жұмыс жүргізу, білім бөліміне қарасты мектептерге орнатылған турникеттер санын ұлғайту, оқушылардың қауіпсіз сабаққа келуі мен қайтуына қатысты қауіпсіз маршрут сызбасын әзірлеу жұмыстары өз жалғасын табатын болады.

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.