Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтық шараларын қатаң сақтайық!

0 206

Әлем елдерін алаңдатып отырған коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеу мақсатында елімізде сақтық шаралары күшейтілді. Соның бір тармағында көрсетілгендей, республикада төтенше жағдай жарияланғаннан кейін адамдар көп жиналатын орындар мен басқа да объектілердің жұмысы уақытша тоқтатылатыны белгілі болды.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Осыған байланысты еліміздің барлық аймақтарында індеттің алдын алуға бағытталған шаралар жолға қойылып, әсіресе, көпшілік бас қосатын орындар бақылауға алынды. Бұл орайда қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және қала әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов шаһардағы мейрамханалар мен көпшілік жиналатын басқа да орындарды аралады. Алдымен арнайы жасақталған топ мүшелері Ташкент көшесіндегі «Impereal», «Жетісу», «Golden Hall» мейрамханаларының жұмысы уақытша тоқтап тұрғанына куә болды. Бірақ бұл қала аумағындағы барлық мейрамханалар мен кафелердің жұмысы тоқтатылды деген сөз емес. Осыдан кейін топ мүшелері «Бек», «Хачапури» мейрамханасы, «Трактир на Фонтанке» кафесі мен «Мята» кальян-барының сағат тілі түнгі 23:00-ден асқанына қарамастан еш алаңсыз жұмыс жасап жатқанын анықтады. Барлық мейрамхана мен кафелердің әкімшілеріне ескерту жасалып, ескертуге құлақ аспағандарға айыппұл салынатыны да айтылды. Осыған қарап, осы уақытқа дейін түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін білуге болады. Мысалы, кейбір мейрамханалар мен кафелердің әкімшілері түсіндіру жұмыстарымен айналысқан топтың түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеуге болады деп ескерткенін айтып ақталды. Ал осы кафелердің барлығы да коронавирустың алдын алуға арналған дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін көзбен көрдік.

Рейд барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Темірбек Оразымбетов мейрамхана мен кафелердің әкімшілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болу керектігін айтты.

– Қазір коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Соған байланысты сақтық шаралары да күшейтіліп, шектеулер қойылды. Яғни ірі сауда нысандарында жұмыс тәртібі таңғы 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, киім-кешек базарларында сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін, сондай-ақ келушілер саны 50 адамнан асатын мейрамхана мен кафелердің жұмыс уақыты 22:00-ге дейін шектелген. Осы тәртіпке бой ұсынбағандар заң шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынады.

Қазіргі таңда қала аумағында жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесі бойынша полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органмен бірлесіп 400-ден аса мейрамхана мен кафелердің иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту берді. Бұдан бөлек, әкімшілері ескертуге құлақ аспаған 176 нысан анықталып, заң аясында шаралар қолданылды, – деді Темірбек Асылбекұлы.

Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап жауаптылар өз міндеттеріне бекем болған соң, індеттің таралуына жол бермеу мақсатында атқарылған жұмыстардың оң нәтиже беретініне сенім білдіреміз. Бірақ кеселдің алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар, полиция мен медицина қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ асып, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын естен шығармайық!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.